Осы жылдың 1 наурызында еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Облыс жұртшылығы да сағат тілін артқа жылжытып, батыс өңірлеріндегі уақытпен теңесті. Алайда арада көп уақыт өтпей жатып-ақ жұртшылық бұл бастаманың бұрыс болғанын айтып, дабыл қағуда. Бүгінде таң ерте атып, сағат төрт шамасында айналаны қараңғылық басады. Бұл адам денсаулығына қалай әсер етуде? Үкіметтің бұрынғы уақыт белдеуін қайтарар ойы бар ма?
Қолайсыздық тудырып отыр
Бүгінде үш-төрт адамның басы қосыла қалса уақыт мәселесін әңгіме қылатын болды. Себебі төрт болмай түнекке ену көпшіліктің көңілінен шықпайды. Шынымен, қазіргі таңда «Таң атса, кеш батады» деген ел арасындағы сөз ақиқатқа айналып отыр. Түс ауа айналаны қараңғылық басады. Мамыр айында-ақ көпшілік уақытты кері қайтаруға қатысты петиция жариялап, оған аз уақыт аралығында 50 мыңнан астам адам қол қойғанымен, құзырлы министрлік оны негізсіз деп тапты. Кейін бір топ адам «Үкімет сағат белдеуіне ауысарда халықтың пікірін ескерген жоқ» дегенді алға тартып, сотқа бергенімен, одан да ештеңе өзгерген жоқ. Амал жоқ, наурызда ауысқан уақытқа сай тіршілік етуге тура келіп отыр.
— Министрлік сағат тілін ауыстыруға қатысты шешімімен біздің уақытты «жеп» қойды. Қазір жарты күн ғана жарық болып тұрады. Түстен кейін ымырт түсе бастайды. Мұндайда не ұйқы қанбайды, не ісің оңбайды. Осындай дел-сал күйде жүргенімізге жарты жылдан асты. Әу баста жаңа режимге үйрене алмай жүрміз-ау деп едік. Бірақ жаздан күзге, күзден қысқа ауысқан сайын қиындық пен қолайсыздық тудырып отыр. Бұл туралы жұрт жарыса айтып та, жазып та жатыр. Петиция жариялап, әлеуметтік желілерде челлендж де бастады. Өкінішке қарай, халықтың үніне құлақ түретін ешкім болмай тұр. Меніңше, уақыт белдеуін оңтүстік пен солтүстіктің, батыс пен шығыстың климатына қарай ыңғайлау керек. Әйтпегенде бұлай жалғаса берсе, денсаулыққа кәдімгідей кері әсер етуі ықтимал, — дейді облыс орталығының тұрғыны Марат Сәрсенов.
Бұл ретте ата-аналар екінші ауысымда оқитын балаларының жағдайына ерекше алаңдайды. Себебі олар сабақтан шығып, үйге жеткенше дала тас қараңғыға айналады.
— Сағат тілі ауысқалы бері балалардан әлсіздікті байқаймын. Сабақ оқуға деген ынти-ниеттері де бұрынғыдай емес. Екінші ұлымның сабағы 13.30-да басталып, 18.00 шамасында аяқталады. Бұл уақытта біз жұмыстан шығып, оны мектептен алуға үлгермейміз. Сондықтан үйге өзі қайтады. Қараңғыда жалғыз жүргенінен қорқамыз. Қаңғыбас иттер алдынан шығуы мүмкін дегендей. Қысқасы, оның қауіпсіздігіне уайымдаймыз. Бұрынғы уақытпен қарасақ, былтыр сағат бес-алтыда дала осыншалық қараңғы болмайтын. Бала түгілі түстен кейін өзіміздің де жұмыс істеуге аса зауқымыз соқпайды. Үй шаруасын атқаруға да үлгермейміз. Сондықтан сағат тілін кері қайтарғанын қалаймыз, — дейді тағы бір павлодарлық Сәуле Оспанова.
Электр энергиясы көп пайдаланылады
Ал уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты бастамашыл топ өкілдерінің бірі, Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл жаңашылдықтың еш қателігі жоқ екенін алға тартты.
— Бұл — аяқ астынан қабылданған шешім емес. Бірнеше жыл бойы талқылау болды. Арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеді. Шешімді қабылдаған — Үкімет. Ал Үкімет — коллегиялық орган. Ол — бір министрдің шешімі емес. Сондықтан, мұны қателік деп айтуға болмайды. Талқылайтын мәселелер болса, оны талқылап, қарастыруға болады, — деді ол.
Алайда депутаттардың басқа бір бөлігі әріптестің ой-пікірімен келіспейді. Ринат Зайытов, Ирина Смирнова бастаған депутаттар тобы уақытты бұрынғы қалпына қайтаруды талап етіп отыр. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та жаңа уақыт белдеуі тұрғындар мен мекемелерді шығынға батырып отырғанын атап өтті.
— Қазір сағат төрт жарымда дала қап-қараңғы. Ал күн батқанда бәріміз не істейміз? Иә, бүкіл баспаналар, коммуналдық мекемелер, мектептер, ауруханалар – барлығында жарық қосылады. Қазіргі таңда әлем мен біздің елде су, энергия тапшылығы туралы мәселе қозғалып, бұл жайт өзекті болып тұрған тұста керісінше электр энергиясын шығындап жатырмыз. Бұл жерде қайдағы үнем? Логикаға сыймайтын дүниені ғана көруге болады, — дейді депутат.
Шынымен, жыл басынан бері елімізде энергия тұтыну көлемінің күрт көбейгенін байқауға болады. Дей тұрғанмен, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұны уақыт белдеуімен емес, халықтың әл-ауқатының жақсаруымен байланыстыруға тырысып бақты.
— KEGOC деректері бойынша Қазақстанда энергия тұтынудың көлемі артып келе жатқаны рас. Оған қосымша электр құралдарының сатып алынуы, халық санының өсуі себеп болып отыр. Сонымен қатар, электр станцияларында жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде тұтыну көлемі өсті, — деп қысқа қайырды ведомство басшысы.
Ал тұрғындар соңғы екі-үш ай дересінде электр энергиясына төленетін коммуналдық ақы айтарлықтай қымбаттағанын алға тартты. Жазда екі бөлмелі пәтер тұрғындары 3000-3500 теңге көлемінде төлейтін болса, бүгінде ай сайынғы төлемнің сомасы 5 мың теңгеден асады. Тұтынушылардың өздері мұны түстен кейін, сағат үш-төрттен соң үй ішінде жарықты қосумен байланыстырады. Яғни, бұл жайт та уақыт белдеуінің ауысуына тіреліп отыр.
Ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім
Қазақстандықтар соңғы уақытта жиі әрі қызу талқылап, көтеріп жүрген бұл мәселе таяуда Үкімет отырысында да қаралды. Аталған салаға жауапты Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазіргі қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келетінін мәлімдеді. Ал кей тұрғындардың оның қолайсыз деп дабыл қағуын негізсіз деп атады.
— Арнайы білімі жоқ адамдар әлеуметтік желілерде өздерінің күнделікті қажеттіліктері үшін қолайлы болса екен деп даурығады, сонымен бірге азаматтардың экономикасы мен денсаулығына ұзақ мерзімді келеңсіз салдары барын түсінбей, бөгде гипотезалар мен болжамдар жасайды. Өтінішті қарау жөніндегі жұмыс тобы барлық дәлелдерді зерделеп, бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің денсаулық пен экономикаға теріс әсер ететін ешқандай бұрыс шешім таппады. Өтінішті қарау нәтижесінде стандартты уақыт белдеуіне барынша бейімделу үшін жағдай жасауға бағытталған нақты жоспарлар әзірленді. Осылайша, уақыт белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешімнің ғылыми негізі дұрыс және экономикалық тұрғыдан орынды деп танылды, — деді министр.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Олжас Бектенов азаматтарды ақпараттандыру, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.
— Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден-бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі бесінші уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан бұл — ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім. Сауда, ақпарат министрлігіне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, — деді Премьер-Министр.
Бұдан соң ғана мамандар уақыт белдеуі ауысуының қазақ-стандықтарға әсерін зерттеу мәселесіне назар аударды. Тіпті, алдағы үш жылда бұл мақсатқа 160 млн теңге керек екенін есептеп қойды. Бірақ әзірше зерттеудің қалай жүргізілетіні беймәлім. Нақты әдістері де айқындалған жоқ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мұның барлығы ғылыми-техникалық комиссия отырысынан соң белгілі болатынын айтты. Бәлкім, 160 емес, 90-100 млн теңге көлеміндегі сома да жеткілікті болып қалуы ықтимал. Сондай-ақ, министр бұл зерттеу әдеттегі сауалнама емес, басқа әдістерді қолдану арқылы жүргізілетін зерттеу болады деген сенім білдірді.
Ал бұл уақытта «eGov mobile» қосымшасында уақытты ауыстыруға қатысты сауалнама басталып кетті. Өткен апта соңында қазақстандықтарға «Сізге қандай жұмыстарға уақыт жетпейді?», «Күннің қандай бөлігін өзіңіз үшін тиімді деп санайсыз?», «Қалаңызда дәмханалар мен фитнес орталықтардың ерте ашылуына қалай қарайсыз? Бұл сізге ыңғайлы болар ма еді?», «Дәл қазіргі уақытта сізге қай уақыт белдеуі қолайлы?» сынды сұрақтардан тұратын сауалнама жарияланды. Алайда оның қандай мақсатта ұйымдастырылғаны, қанша адамның жауап бергені, олардың басым бөлігінің қандай көзқараста екені жарияланған жоқ. Дүйсенбі күні бұл сауалнама мобильді қосымшадан мүлде алынып тасталды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бұған қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.
Ал Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев сауалнамаға 200 мың адам қатысқан соң жабылғанын хабарлады. Бірақ оның нәтижелерін қалай және не үшін пайдаланатынын ашып айтпады.
Бір анығы, қазіргі уақыт белдеуі көпшілікке ыңғайсыз. Тек күннің алғашқы жартысында күн шуағын көруге мүмкіндік бар. Ал түс ауа жарық «желініп» кетеді. Кей адамдар қысқа күнде діттеген шаруаларын іске асырып та үлгермейді. Бұрынғы уақытты қайтаруға қатысты петиция да қолдау таппады. Демек, көктемге дейін қараңғылыққа үйренуге тура келеді. Одан басқа амал болмай тұр.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.