«Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Билік пен бұқара арасын жалғайтын көпір – жергілікті мәслихаттардың құрылғанына тура 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында аудан-қалалық, облыстық мәслихат депутаттары бірнеше шақырылымда сайланып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған келелі істерді атқарды. Айтулы күнге орай мәслихаттардың құрылу тарихына зер салып, қазіргі таңдағы жұмыс барысымен танысуды жөн көрдік. Олай болса, өңірдегі депутаттардың өткені мен бүгінін саралап көрелік.
Кеше
Жалпы, мәслихат – белгілі бір әкімшілік-аумақтық бөлініс қара-мағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді орган. Ол сол өңірдегі сайлаушылардың мүдделерін қорғап, мәселелерін көтеріп, талап-тілектеріне құлақ түріп, өмір сапасын жақсартуға бағытталған істердің жүзеге асуына жауапты. Сонымен қатар, аумақтағы мемлекеттік жобалардың барысын бақылап, кем-кетігіне қатысты ескерту жасап, барлық жағдайды басты назарда ұстайды.
Еліміздегі мұндай органды құру 1993 жылдың соңында ұйғарылды. Сол жылдың 10 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңы қабылданып, мәслихаттар институтының негізі қаланды. Соған сәйкес, бұған дейін жергілікті мәслихат қызметін атқарып келген жергілікті халық депутаттары кеңестерінің уәкілеттігі өкілді орган – мәслихаттарға берілді. Ал 1994 жылдың 7 наурызында елімізде мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Біздің басылым сол уақыттағы басты саяси науқан туралы тұрақты түрде хабар таратып, сайлаушыларға жаңа жүйенің жай-жапсарын жеткізе білді. Үгіт шараларының барысын жариялап, сайлау күнгі жаңалықтармен бөлісіп, дауыс берудің қорытын-дысын жариялады.
Осылайша, 49 сайлау учаскесінде ұйымдастырылған дауыс беру арқылы, тұрғындардың таңдауының нәтижесінде депутаттар тобы жасақталып, облыстық мәслихаттың алғашқы шақырылымы қалыптасты. Бірінші шақырылған облыстық мәслихат хатшысы болып Анатолий Наумчик сайланды. Кейін Тельман Айтқазин, Ринат Гафуров, Манап Көбенов, Владимир Берковский, Бақыт Бексейітова, Ернұр Әйткенов жетекшілік етті. Алдыңғы буынның қызметтік жолын бүгінде Илья Теренченко жалғастырып отыр.
Облыс архивінде сақталған мұрағаттық құжаттарға зер салар болсақ, облыстық мәслихат алғашқы отырысынан-ақ әлеуметтік-экономи-калық мәселелерді алдыңғы қатарға қойғаны байқалады. Мәселен, 1994 жылдың екінші жартыжылдығына белгіленген жұмыс жоспарының қатарында қылмыспен күрес, экологиялық жағдай, табиғатты қорғау шаралары, экономикалық аймақты дамыту, ауылдағы ағайынды бірінші кезекте керек азық-түлікпен және басқа да тауарлармен қамту күн тәртібінде болғанын аңғарамыз. Сонымен қатар, облыстағы мектептерді дамытудың 1994-2000 жылдарға арналған жоспары, мектепке дейінгі тәрбие беру, тұрғындарға, әсіресе оқушыларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау сынды мәселелер де депутаттардың басты қарауы мен талқылауында болған.
Негізі, мәслихаттың өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірінде атқарар рөлі зор. Айталық, облыс, аудан-қаланың шекарасын, көше атауларын ауыстыруды, «Құрметті азамат» атағын беруді де бекітеді. Архивтік жазбаларды ақтарсақ, мәслихат сессия барысында «Құрметті азамат» атағын беру мәселесі депутаттар арасында қызу талқыға түскенін аңғаруға болады. Бір топ халық қалаулысы мұндай жоғары атақты беру үшін нақты талаптар енгізуді, бір жылда берілетін атақ санын шектеуді ұсынды. Бұған қатысты сол тұстағы мәслихат хатшысы Ринат Гафуров былай деп пікір білдірген екен:
«Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағының қандай да бір талаптарын қазір «шегелеп» тұрып жазу қиын. Бүгінгі нарықтық реформалар уақытында сол реформаларды өңірде сәтті жүзеге асырған саяси қайраткер немесе бизнес өкілін осы атаққа ұсынған жөн болар. Материалдық ынталандыруға келер болсақ, оны әлі де қарастыру қажет. Мәселен, Екібастұз қаласында бұл атақты иеленгендер коммуналдық қызмет ақысынан босатылды».
Одан кейінгі жылдарда да мәслихат хатшысы бастаған депутаттар тобы түрлі мәселелерді көтерді. Олардың қатарында қай уақытта болмасын «өшпейтін» өзекті мәселелер – ағаш кесу, жарықтандыру, әлеуметтік нысандар мен жолдарды жөндеу бар. Бұған дейінгі жеті шақырылымда сайланған халық қалаулыларының жұмысын жалғастырып келе жатқан бұл шақырылым өкілдері де осы және өзге де өткір жайттардың түйінін тарқатуға қолдан келгенше еңбек етіп келеді.
Бүгін
Облыстық мәслихаттың қазіргі құрамы 2023 жылдың наурыз айында жасақталды. Бұл депутаттар елімізде жаңадан енгізілген жүйе – мажоритарлық-пропорционалдық жүйе аясында мандатқа ие болды. Яғни, депутаттардың жартысы бір-мандаттық сайлау округі бойынша таңдалса, қалған жартысы партиялық тізімге сәйкес депутат атанды. Бұл шақырылымның басты ерекшелігі – көппартиялылық. Қазіргі облыстық мәслихат құрамында «AMANAT» партиясының 21, «Ауыл» партиясының үш, «Aqjol» және «Respublika» партияларының екі, Қазақстан халық партиясының бір өкілі бар. Сонымен қатар, бір депутат өзін-өзі ұсыну арқылы мәслихат сапына енген еді.
Жалпы, VIII шақырылған Павлодар облыстық мәслихатына қатысты алғашқы және жалғыз деген сипаттамаларды жиі айтуға болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірқатар деректі келтіре кетсек. Айталық, Илья Теренченко бастаған мәслихат жұмысы жаңғырудың кешенді жоспарын әзірлеп, жұмысын соның аясында атқарып келеді. Біздің мәслихат – жаңғырту жоспарына авторлық құқық алған еліміздегі жалғыз аймақ. Осы жаңғыртудың аясында мәслихат жүйесіне бірқатар оң өзгеріс енгізілді. Мәселен, әдетте өзге өңірлердегі мәслихаттар жанынан 5-6 тұрақты комиссия құрылса, біздің аймақта 7 комиссия жұмыс істейді. Экономика, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, шағын және орта бизнес, аграрлық мәселелер, білім беру, денсаулық сақтау, экология сынды өзекті бағыттар бойынша қызмет атқаратын тұрақты комиссиялардың қатарына жастар және спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия қосылды. Оған жас та болса бас болып жүрген белгілі кәсіпкер Айдар Құрымбаев жетекшілік етеді. Сол сияқты біздің облыста ғана мәслихат жанынан төрт бірдей депутаттық топ құрылды. Олар еңбек жағдайы, өндірістік қауіпсіздік, балалар құқығын қорғау және Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты бағыттарда жұмыс істейді. Бұл ретте павлодарлық депутаттардың Сенат және Мәжілістің жұмыс топтарына да қатысып, ұсыныстарын айтып, ой-пікірін білдіретінін де ерекше атап өткен жөн.
Сонымен қатар, тек біздің облыста «Ауыл» партиясының жеке фракциясы бар. Биыл наурыз айында жеке фракция құру туралы шешім қабылданып, оның басшысы ретінде тәжірибелі депутат Болат Аманжолов тағайындалды.
Осы орайда мәслихат аппаратының жұмысын да бөле-жара айту керек. Аппарат қызметкерлерінің де жүгі ауыр. Альмира Құсайынова бастаған бір топ білікті маман депутаттармен иық тірестіре еңбек етуде. Олардың әрқайсысы екі тұрақты комиссияның жұмысын үйлестіріп, сессиялардың күн тәртібін реттеп, депутаттық сауалдарды жолдап, оларға жауаптың уақытылы әрі сапалы келуін қадағалайды. Одан бөлек, әрқайсысы шамамен 10 депутатпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Облыстық мәслихат қызметін тілге тиек еткенде жұмысы көпшілікке көріне бермейтін, десе де, қырық атанға жүк болатын осындай жандардың да еңбегін атап өтпеске болмас.
Жалпы, бір жылдан астам уақыт аралығында облыстық мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлері ауқымды істі атқарды. Тек өткен жылдың өзінде депутаттар 338 азаматты қабылдап, олар көтерген 360 мәселені қарады. Нәтижесінде 184 мәселе оң шешімін тапты. Оған қоса, аудан-қалаларды аралап, тұрғындармен тілдесіп, түрлі жобаның жүзеге асу барысын бақылауда ұстап келеді.
— Біздің басты мүдде – тұрғындардың жағдайын жақсарту. Ол үшін сайлаушылар да депутаттарды білуі тиіс. Мсәлихат өкілдері халыққа жақын болуы мақсатында түрлі бағыттағы жұмыс атқарылуда. Соның бірі – партиялық тізімдер бойынша сайланған депутаттарды округтер бойынша да бекіту. Яғни, әр депутаттың жауапты аумағы бар. Сол аумақтағы барлық мәселені басты назарда ұстауы тиіс. Мәслихаттарды жаңғырту жұмысының аясында аптаның әр жұмасы күні «OpenAkimat» алаңында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтеді. Сонымен қатар, депутаттар Мемлекеттік басқару академиясында біліктілігін арттырып, білімін толықтырып келеді. Осындай жұмыстың барлығы депутаттар пен сайлаушылар арасындағы байланысты нығайта түсуі үшін маңызды, — дейді облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко.
Ертең
Облыстық мәслихат өкілдерінің алдағы уақытқа белгілеген жоспары ауқымды. Бірінші кезекте азаматтардың талап-тілектеріне құлақ түріп, олардың мәселелерін шешуге ары қарай да мән береді. Айталық, жаңғырту аясында ҚР Бас прокуратурасымен бірлесіп «Halyk Tumar» мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл – құқық бұзушылықтарды бақылау мен қадағалауға арналған жоба. Яғни, депутаттар осы қосымшаға түскен шағымдар бойынша да жұмыс істей алатын болады. Осы орайда азаматтармен әлеуметтік желі арқылы байланыс та күшейе түспек. Былтыр 120 мыңнан астам аккаунт, 300-ден астам жарияланым қамтылды. Павлодар қалалық мәслихаттарының депутаттарымен «2GIS» мобильді қосымшасында депутаттардың байланыс деректері көрсетілген жеке карточкалар әзірленді. Ал келесі жылы жасанды интеллектті де іске қосу көзделіп отыр.
Таяуда қоғам белсендісі Алма Қозбаева «Мәслихаттар мектебі» жобасын ұсынды. Соның аясында әр мектептен болашақ депутаттарды дайындау ойда бар. Былайша айтқанда, тәлімгерлік институтын қалыптастыру тетіктері қарастырылуда. Сол арқылы жас көшбасшыларды анықтау, оларға бағыт-бағдар көрсетуге болады.
Тізе берсек, жергілікті мәслихаттардың жоба-жоспары жетерлік. Бүгінгі күнге дейін атқарған қызметі де аз емес. Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко айтып өткендей, депутаттардың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Мәслихат өкілдері осы мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбек етуді жалғастыра бермек.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Суреттерді түсірген – Константин Музалевский.