Photo Valeriy BUGAYEV

Аймағымызда цифрландыру технологиялары арқылы айналамызды қауіпсіз ортаға айналдыру көзделіп отыр. Бұл ретте жасанды интеллект элементтерін қолдануға басымдық берілуде. Мәселен, «Smart city Pavlodar» аппараттық бағдарламалар кешені жобасы қолға алынған.

Облыстық әкімдіктің аппараттық жиынында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміриннің айтуынша, бұл жоба аясында 138 білім беру, 18 медицина мекемесінде 5567 бейнебақылау камерасы, 54 мектепте ата-аналық бақылау және биометрия функциясы бар қолжетімділікті басқару жүйесі орнатылуда. Барлық бейнекамелар полицияның жедел басқару қызметіне, әкімдіктің ахуалдық-талдау орталығына қосылған. Осы мақсат үшін VMS сергек аналитикалық платформасы таңдалыпты. Аталған платформаның көмегімен нақты уақыт режимінде азаматтардың бет-әлпетін көруге, адамдар көп шоғырланған жерді, қалдырып кеткен затты, түтінді, қалдықты, бәрін айқын анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, жоғарыда аталған нысандар мен іргелес аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін көрінеді. Ал «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 5 мың камера қоғамдық және жолдағы қауіпсіздікті қамтуға бағытталмақ. 150-і көше қиылысында, 250-і желілік учаскелерде, республикалық маңыздағы жолдардың 20 учаскесінде орнатылмақ. Бұл камералар жоғалып кеткен адамдарды іздестіруге көмегі тиеді деген үміт бар. Себебі, адамның түр-әлпеті анық таспаланады. Жобаға жұмсалатын қаржы үш жылда өзін ақтайды деп күтілуде. Енді бір жоба — «MASS ALERT» жүйесі. Аталмыш жүйе төтенше жағдайлар туралы тұрғындарды жедел хабарландыруға қолданылады. Азаматтардың ұялы телефоны байланыс аясынан тыс болса да, ескерту хабарламасын жеткізеді. Хабарлама жеке дабылдық желі арқылы дыбыстық және экрандық (жарық) сигналымен жетеді.

Photo Valeriy BUGAYEV

Құзырлы орган интернет желісінің жылдамдығын арттырумен де айналыспақ. Осы ретте, мектептер мен мекемелерге құрылымдалған кабельдік желілерді қолдануға басымдық берілмек. Себебі, қазіргі таңда мектептерде қолданыстағы интернет кабелінің 75 пайызы тозған екен. Ол интернеттің жылдамдығына әсер ететін көрінеді. 2025 жылы Павлодар қаласында, 2026 жылы Ақсу мен Екібастұзда, ал 2027 жылы ауылдарда ауыстыру көзделген. Жұмыстарды атқаруды жеңіп алған мердігер оны сервистік үлгіде жүргізеді. Үш жылдан соң өтеусіз негізде мектептерге береді.

А.Әмірин деректер өңдейтін кішігірім орталық сатып алуды ұсынып отыр. Айтуынша, қазіргі таңда барлық деректер «Қазақтелеком» және «Транстелеком» кәсіпорындарының өңдеу орталықтарында сақтаулы. Егер жеке өңірдің өз орталығы болса, 800 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Astana hab негізінде өңірлік IT-hab ашу қарастырылуда.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес цифрлық технологиялар басқармасы адамдар көп шоғырланатын орындарды қоғамдық Wi-Fi желісімен қосуға кіріскен. Облыс орталығында 18 орын айқындалған. Биыл үнемделген қаржыға Ertis Promenade сахнасы маңына бес жабдық орнатылыпты. Оның әрбіріне 250 адамнан қосыла алады. Алдағы уақытта мұнда барлығы 27 нүкте қарастырылмақ. Сонда бір мезетте 10 мың адамның тегін желіні пайдалануына мүмкіндік жасалады. Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу мен Екібастұз қалаларын, кейін аудандарды да қамту қажеттігін атап өтті. Мәселен, Екібастұзда кеншілер саябағына, Ақсуда орталық саябақта орнату керек, деді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы қоғамдық көліктерде де тегін интернет желісін қосу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Яғни, көлік компанияларымен келісіп, әрбір автобусты Wi-Fi желісімен қамтамасыз ету қажет, деді. Әлбетте, бұл кезде әрбір көліктің техникалық мүмкіндіктері ескеріледі.

 

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.