Соңғы жылдары Павлодар облысында тауарлы сүт фермалары көбейіп келеді. Сүтті бағыттағы мал басын арттырып, сүт индустриясын өркендету үшін өңірде арнайы бағдарлама қабылданған. Осы жобаға сәйкес облыста бірқатар тауарлы сүт фермасы қайта жөндеуден өтіп, жаңалары ашылды. Сонымен қатар, сүт қабылдау пункттерінің санын көбейту арқылы сүт өңдейтін кәсіпорындардың қуаты артып келеді.
Негізінен аграрлық салаға бағытталған Павлодар облысында дәнді дақылдарды егумен қоса мал шаруашылығына да аса мән беріліп келеді. Әсіресе соңғы кездері сүтті мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударған шаруалардың қатары көбейген. Өңірде тауарлы сүт фермалары дамудың даңғыл жолына түсіп, өз кәсіптерін дөңгелете бастады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде жалпы алғанда 37 тауарлы сүт фермасы бар. Оның 16-сы ірі және 18 695 бас сиырға арналған. Мұндағы бір бас сиырдың орташа сүт өнімділігі 6 235 келіні құрайды. Ірі сүт фермалары шетелдік өндірушілердің заманауи технологиялық жабдықтарын пайдаланады, бұл өнім өндірісінің көптеген процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Үш ауыл шаруашылығы кәсіпорны сүт өндірісінің көлемі бойынша үздік ондыққа кіреді.
— Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында облысқа 6 сүт фермасын салу және кеңейтуге 10 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде «Agro Trade PV», «Галицкое», «Уштерек және К» ЖШС-лері мен «Пахарь» шаруа қожалығының төртеуі жұмыс істейді. Бұл жобаларды іске асыру сүт өндірісінің көлемін 37,4 мың тоннаға, ал тұқымдық мал басын 4,7 мың басқа арттыруға мүмкіндік береді, — деді баспасөз қызметінде.
Жақында Тереңкөл ауданындағы «Агро-Даму» тауарлы сүт фермасына голштин ірі қара тұқымының 135 басы жеткізілді. Мұның нәтижесінде өңірдегі сүт өндірісі ұлғайып, жергілікті нарықты сүт өнімдерімен қамту көрсеткіші өсе түспек. Ауданға қарасты Федоровка ауылындағы аталмыш тауарлы сүт фермасының басқарушысы Аза Царева шаруа қожалығы жоғарғы технологиялы құрылғылармен жабдықталғанын айтып, бүгінгі күні Германиядан жеткізілген сиырларды қабылдауға дайын екенін жеткізді.
— Біздің фермада 5 база бар. Жақында алтыншысын іске қосамыз. Барлық базаларда сиырларды сауатын жаңа құрылғылар қосылған. Бұдан басқа, онда жаңа туған бұзауларға арналған орындар мен мал азығын сақтайтын қоймалар бар. Шетелден жеткізілген голштин тұқымы қазақстандық фермерлер арасында жақсы танымал. Ол аса күй талғамайды, суыққа да төзімді. Сиырдың бұл тұқымы әлемде алдыңғы қатардағы сапада. Мемлекеттік бағдарлама арқылы біз 250 бас осы голштин ірі қара тұымын 800 млн теңгеге сатып алдық. Әзірге тек бір партиясы ғана келді, қалғаны жыл соңына дейін жеткізіледі. Қазір келген сиырлар карантиндік мерзімде тұр. Желтоқсан-қаңтар айларында жаппай төлдей бастайды. Мұндай тұқымдағы сиырлардың сүті мол, құнарлы, — деді ол.
Айта кетейік, Федоровка ауылдық округіндегі «Агро-Даму» ЖШС — өңірдегі ірі шаруашылықтың бірі. Шаруа қожалығының 800-ден астам ірі қарасы бар. Өңір бойынша сүт өндіруден алдыңғы қатарда. Бұл бағытта қожалық голландтық голштиннен бөлек симментал тұқымды сиырларды да асырайды. 2010 жылы іргесі қаланған қожалық 40-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмыскерлердің жартысынан астамы — қандастар. Аталмыш тауарлы сүт фермасы алдағы жылы тағы ірі қара басын көбейтіп, шаруашылық іргесін кеңейте түсуді жоспарлап отыр.
А.МҰҚЫШЕВ.