Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында маңызды міндеттің бірі — ауыл халқының табысын арттыру екенін атап өтті. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылып, жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастағанын айтты. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Сондықтан осындай ауқымды жұмыс жалғасын табатынына сенім білдірді. Ауылды көркейтуге бағытталған бірегей жоба Павлодар облысында қалай жүзеге асырылуда? «Ауыл аманаты» бағдарламасы қанша адамға мүмкіндік сыйлады? Осы орайда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Шүкіровамен тілдескен болатынбыз.

— Сәуле Ақылбекқызы, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселені шешу мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы қалай іске асырылуда? Жоба аясында қанша қаражат бөлінді?

— Аймақта «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы бастау алды. Өткен жылы жалпы сомасы 1,5 млрд теңге игерілді. Биыл бұл бағдарламаға  2,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 1 млрд теңге қазан айында түссе, қалған 1,6 млрд теңге қараша айының соңында бөлінді.

Ескеретін жайт, биыл «Ауыл аманаты» бойынша берілетін несие былтырғыдай барлық бағытқа берілмейді. Бұл ретте өткен жылы алынған несиелерге талдау жүргізілді.  Өкініштісі, бағдарлама арқылы мал сатып алған көптеген жеке кәсіпкер жобаның түпкі мақсатын орындай алмады. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Бірақ көп азамат алған қаражатты мақсатсыз пайдаланған. Осы жағдайға байланысты шағын несие алу қағидаларына сәйкес, біз қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, әр ауылдық округ бойынша басым бағыттарды анықтадық. Енді несие алушылар тек қана негізгі бағыттарға сәйкес қаражат алады. Бөлінген соманың 20 пайызы ғана мал басын арттыруға бағытталады. Бүгінде бұл мақсат орындалды.

— Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қанша адам несиеге ие болды?

— Ағымдағы жылы жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеге 58 өтінім қабылданды. Оның ішінде 477 млн теңге көлемінде 20 адамға несие берілді. Биыл өтінімдер amanatnesie.kz цифрлық платформасы арқылы қабылданады. Өтінімдердің басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталған.  Өзге бағыттарды таңдаған адамдар да жоқ емес. Мысалы, Екібастұз қаласының Солнечный кентінде балалар ойнайтын орталық, Шарбақты ауданында сауықтыру орталығын ашу, наубайхана, сән салондарын ашу сияқты қызықты жобалар  бар.

— Жоба аясында қанша жұмыс орны ашылды?

Биыл берілген несиелер аясында жұмыс орындары әлі ашылмады. Әр жобаны қарастырғанда осы мәселеге назар аударылады. Несиенің мақсатты пайдалануын тексергенде жұмыс орындарының ресми ашылуы қадағаланады.

— Бағдарламаға қалай қатысуға болады? Шартына тоқталып өтсеңіз…

— Жобаға ауыл тұрғындары қатыса алады. Яғни, несие алушы ауылда кем дегенде бір жыл тұруы керек. Жұмыссыз жүргендер, ісін жаңа бастаған және бизнесі бар жеке кәсіпкерлер, ауыл- шаруашылық кооперативтері қағидаға сәйкес өтінім бере алады. Жеке кәсіпкердің несие алудағы шекті сомасы  2500 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек. Ал  ауылшаруашылық кооперативтері бойынша берілетін несие сомасы 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бағдарлама ережесі бойынша тұрғындар жергілікті ауыл шаруашылығы бөлімдеріне хабарласа алады. Сонымен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына және құжаттарды тікелей тексеретін «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүгінсе болады.

— Ақпаратыңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен – Айдана ҚУАНЫШЕВА.