Жақында Павлодар қаласы, Торайғыров көшесі, 18-үй мекенжайында ерекше балаларға арналған жаңа орталықтың тұсауы кесілді. Бұл мекемеде психологиялық дамуы мен сөйлеу тілі тежелген, аутизм спектрі бұзылған, гипербелсенді және зейін жетіспеушілігі бар жеткіншектерге қызмет көрсетілетін болады.
Қазіргі таңда елімізде ерекше балалардың саны артуда. Мамандардың айтуынша, пандемия кезінде және одан кейін туылған балғындардың көбінің тілі кеш шығып, психо-неврологиялық ауытқулардан зардап шегуде.
Міне, осындай балаларға түзету жұмыстарын жүргізу мақсатында өңірімізде арнайы орталықтар ашылып жатқанымен орын тапшылығы әлі де байқалуда. Осыған орай «Жарқын болашақ» түзету қызметтері орталығының филиалы облыс орталығында пайдалануға беріліп отырғанын айта кеткен жөн.
Атап өтерлігі, аталмыш мекеме, яғни «Жарқын болашақ» орталығы 2015 жылдан бері Семей қаласында табысты жұмыс істеп келеді. Оның негізін қалаушы — ерекше бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана, ҚР Президентінің «Аруана» сыйлығының лауреаты Арайлым Әлімжанова. Өткен жылы ол ашқан «Жарқын болашақ» түзету қызметтері орталығы елдегі инклюзияны дамыту саласындағы ең үздік жоба атанған.
— Орталық филиалын Павлодар облысында ашуымызға осындағы ерекше баласы бар ата-аналардан көп өтініштің түсуі себеп болды. Бұған дейін Шымкент, Ақтау қалаларында филиал аштық және бұл мекемелер ойдағыдай жұмыс істеуде. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оңалту саласындағы тәжірибеміз бен нәтижемізді ескере отырып, Павлодар облысындағы осы мекеме де жемісін береді деген үміттеміз, — дейді Арайлым Әлімжанова.
«Жарқын болашақ» түзету қызметтері орталығының Павлодар қалалық филиалында бүгінде бейінді дене шынықтыру, сенсорлық интеграция және дефектолог сабақтары өткізілуде.
— Біздің орталыққа аутизм спектрі бұзылған, сөйлеу тілі тежелген, даун синдромы бар балалар келеді. Осындай балғындармен жұмыс істеу оңай емес. Үлкен жауапкершілікті арқалап, денсаулығында ақауы бар балаларды оңалту үшін қолдан келгенше аянбай еңбек-тенеміз. Өзім де екі баланың әкесі болғандықтан, орталықтағы әр жеткіншектің жағдайын жақсы түсінемін және қолдау көрсетуге әрдайым әзірмін, — дейді бейінді дене шынықтыру нұсқаушысы Ерқанат Қайырұлы.
Бүгінгі таңда аталған орталықта ерекше балаларға көрсетілетін қызметтерді кеңейту жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін семейлік білікті мамандар павлодарлық ата-аналарға 30-дан астам тегін кеңес беріп, арнайы курстар ұйымдастырған.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, мұндағы сабақтар ақылы түрде өткізіледі. Бір маманның курсы 10 күнге созылады. Курс құны 50 мың теңге деп белгіленген.
Осындай орталықтың пайда-лануға берілуіне ұйытқы болған Арайлым Әлімжанова Абай облысы білім беру басқармасының «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығының директоры болып қызмет етеді. Сонымен қатар, әйелдер күштері альянсының төрағасы, Абай облысы әкімінің гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі.
Павлодарлық ата-аналар сонау Семей өңірінен келіп, жаңа орталық ашып берген Арайлым Әлімжановаға шексіз алғыстарын білдіруде.
Нұржайна ШОДЫР.