Аймағымызда егін шаруашылығымен ерекшеленетін аудандардың бірі – Железин. Биыл ауа райы оң қабақ танытып, диқандардың аста-төк астыққа кенелуі ауданның алға басуына айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Күзгі жиын-терімді тәмамдап, шаруалар бұйырған өнімін шашпай-төкпей ұқсатып алуға ұмтылыс үстінде. Биыл ауданда өзге де салаларда өзгерістер баршылық. Мәселен, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып, тұрғындардың талай жыл сұрап жүрген қажеттіліктері өтелуде. Осы орайда, өлкедегі жаңалықтар жайын кеңірек білмекке Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимовті әңгімеге тартқан едік.

— Айтуған Абылайұлы, жыл да аяқталуға жақын. 2024 жылы қандай іс атқарылды? Астықты ауданның жиын-терім науқанын да түйіндеп өтсеңіз.

— Иә, Железин — астықты аудан. Сондықтан, жиын-терім жұмыстарының нәтижесімен жылымыздың қалай өткенін де бағамдауға болады. Өткен жылмен салыстырғанда биыл егіннің өнімділігі 2,5 есеге артты. Былтыр қуаңшылық болғанын білесіздер. Ал ағымдағы жыл диқандар үшін жаңбырлы, жайлы болды. Егін өнімділігі гектарынан орта есеппен 12 центнерден айналды. 164 мың тонна астық жиналып, қамбаға құйылды. Диқандар алған астығын ұтымды өткізу жұмыстарымен айналысып жатыр. 204 мың гектарға дән себілсе, оның 41 мың гектарына майлы дақылдар егілді. Соның ішінде күнбағысқа басымдық берілді. Өткен жылы дәл осы майлы дақылдар қуаңшылыққа төзімділігін көрсетті. Оған қоса, бағасы да анағұрлым жоғары. Яғни, тиімділігін ескеріп, шаруалар дәннің бұл түрін көбірек себуді ұйғарды. Жалпы, диқандардың көңілі тоқ. Астықты сақтайтын қоймалар да жеткілікті. Бүгінде өнімді жергілікті диірмендер, өзге өңірлер алуда.

— Железиндік картопты көпшілік іздеп жүріп, сатып алатынын естиміз. Яғни, жұрт сапасын жоғары бағалап, сақталуы да ұзағырақ дейтін көрінеді. Биыл бұл өнімнің өнімділігі қалай?

— Ол рас, біздің картопты көпшілік ерекше күтеді. Ауданымыздың бренді десек артық болмас. Биыл 2 мың гектарға картоп егіліп, 61 мың тонна өнім алынды. Гектарынан 322 центнерден шықты. Қазір қоймаларда 40 мыңнан аса картоп сақтаулы. Бізде картоп пен көкөніс сақтайтын жалпы сыйымдылығы 52 мың тонна болатын 11 қойма бар. Железиндік картоп қара топырақта өсірілетіндіктен ұзақ сақталады. Мамыр айына дейін сақтап, тұтынуға болады. Біздің картопты іздегендер Павлодар қаласындағы «Жайлау» базарында сенбі сайын өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен таба алады. Одан бөлек, біздегі үш ірі өндіруші — «КАБ», «Агрокапитал», «Пахарь» шаруа қожалықтарынан тікелей алуға да болады. Диқандар тәжірибелі, барлық технология-ларды сақтаудың нәтижесінде өнім сапалы әрі шығымдылығы да жоғары. Қазіргі таңда картопты оңтүстік өңірлер сатып алуда. Ауданда картоп пен сәбіздің бағасын тұрақты ұстау үшін меморандум жасалды. Картоптың келісі 100 теңгеден, сәбіз 75 теңгеден босатылады.

— Енді ауылдардың тірші-лігіне тоқталсақ. Былтыр жаңа мектеп салынған Моисеевка елді мекенінде бұдан кейін қандай өзгерістер орын алды?

— Жаңа мектеп аталмыш ауылдың арманы еді. Үлкен сый болды. Кей адамдар 52 оқушыға білім ордасын салудың қажеттілігі қаншалықты деп те пікір білдіргенін білесіздер. Осы ретте, облыс әкімі Асайын Байханов жаңа мектепте оқушылар санын арттыруды тапсырды. Биыл мұнда екі пәтерлі бір үй салынды. Оған екі көпбалалы отбасы қоныстанды. Олардың бірінде жуырда жетінші баласы дүниеге келсе, екінші отбасында бес бала бар. Үлкендері мектепке, кішілері шағын орталыққа барады. Яғни, қатарлары артып жатыр. Елді мекеннің кіреберіс жолын асфальттадық. Мердігер компания демеушілігімен жолды мектепке дейін төседік. Өкінішке қарай, мердігерлік фирманың жауапсыздығынан су құбыры өткен жылы аяқталмай қалып еді. Жыл соңына дейін үй-үйге таза су жетеді.

— «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының железиндіктерге қандай жәрдемі тиіп жатыр?

— Аталмыш бағдарлама аясында Прииртышск ауылын толық жаңартып алдық. Барлық көшелеріне асфальт төселді. Мәдениет үйі мен мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Оған қоса, облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, өткен жылы орталықтандырылған жылу жүйесінде болған түйткіл түбегейлі шешілді. Естеріңізде болар, ескі құбыр жарылып, қыста әлеуметтік нысандар мен жылуға қосылған үйлердің тұрғындары наразылық танытты. Жазда жаңа қазандық салынды. Қазір жылу жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұр. Ауыл толық жарықтандырылып, бейнебақылау камералары орнатылды. Ауылдың кәсіпкерлері бірігіп, елді мекеннің кіреберісіне арка қойылды. Айта кетейін, бұл елді мекен — көрші елден кірген бетте орналасқан ауыл. Сондықтан, жаңартылғаны жақсы болды.

— Аудан шекара шебінде орналасқанын білеміз. Шалғай ауылдарда халық санының жыл санап азайып жатқаны да жасырын емес. Осы орайда, халық санын арттыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде? Көшіп келгендерді тұрақтандыру мүмкіндіктері бар ма?

— Көші-қон мәселесі өте күрделі. Өзіндік қиындықтары бар. Себебі, ауданымыздың ауылдарында өзге ұлт өкілдері көптеп шоғырланған. Сол елді мекендерге тіл мәселесіне байланысты оңтүстіктен көшіп келгендер қоныстанудан қашқақтайды. Бірақ Екішоқ, Есқара, Еңбекші ауылдарына көптеп көшіп келуде. Екішоқ ауылында кезінде мектептің жабылып қалу қаупі туындады. Мектеп директоры іскерлік танытып, өзі бас болып, патронаттық тәрбиеге бала асырап алды. Кейін бір мұғалім, тағы ауыл азаматтары да балаларды тәрбиесіне алды. Сөйтіп, мектепті сақтап қалды. Көші-қон бағдарламасы басталып, қазір бұл ауылға 5 отбасы, яғни 30-дан аса адам көшіп келді. Биыл балалар санының өскенін ескеріп, ойын алаңын салдық. Көктемде кіреберіс жолдарын асфальттаймыз. Ал Екішоқтың іргесіндегі Есқара ауылына оңтүстіктен медбике, мұғалімдер келді. Шағын ауылдар құрып кетпеу үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Есқарада екі жыл бұрын мектебі, кейін мәдениет үйі жөнделді. Алдағы жылы кіреберіс жолын асфальттаймыз, ұялы байланыс желісі орнатылады. Іргесі қаланғалы орталықтандырылған су желісі болмаған Есқарада биыл су құбыры қолданысқа берілді.

— Ұялы байланыс демекші, шалғай ауылдарда интернет желісіне қатысты шағымдар көп түсетін. Қазір ахуал қалай?

— Ұялы байланысты реттеуге бағытталған арнайы жоспарымыз бар. Барлық елді мекенде ұялы байланыс болғанымен, интернеттің жылдамдығы әлсіз екені рас. Биыл Майлы мен Раздельное ауылдары интернетпен қамтылды. Кейбір ауылдарда бұрыннан бар қондырғылардың қуатын арттырып, көрші елді мекендерге жетуін қамтамасыз етуге мән берілуде. Келесі жылы екі ауылға интернет игілігі жетеді. Бірі — Есқара ауылы, ол жол бойында орналасқандықтан республика қазынасы есебінен қамтылады. Екіншісі – Захаровка ауылы.  Мұнда мұнараны аудандық бюджеттен орнатып берсек, қалғанын ұялы байланыс операторы реттейді.

Төрт жылға сайланған әкіммін. Сайлауалды бағдарламамда осы мәселені де қамтығанмын. Жылына екі ауылды желіге қосып, төрт жылда барлығын қамтимыз деген жоспар бар.

— Ең шалғайда жатқан Майлы елді мекенінде елеулі өзгерістер бар ма? Көбінде ұмыт қалып жатамыз деп тұрғындары реніш білдіруші еді…

— Аудан орталығынан 150 шақырым қашықтықтағы бұл ауыл да назарымыздан тыс қалған жоқ. Тірек ауылдар тізіміне кірмейтін-діктен, мемлекеттік бағдарламаға енгізе алмаймыз. Сондықтан аудан бюджетінен 40 млн теңгеге ауыл мектебіне ағымдық жөндеу жүргізілді. Шатыры ауыстырылды. Былтыр аудандық бюджеттен 95 млн теңге бөлініп, мәдениет үйі жөнделді. Футбол алаңы жасалып, су айдайтын мұнара орнатылды. Былтыр Теле2 ұялы байланысы тартылды. Келесі жылы облыстық бюджеттің бонустық трансферті есебінен кіреберіс жолына және негізгі көшесіне асфальт төселеді.

— Ал ауызсу мәселесі қалай шешілуде?

— Бізде 33 ауылдық елді мекен бар. Моисеевка биыл қосылса, 20 ауыл орталықтандырылған су жүйесімен қамтылып отыр. Қалған ауылдарда КБМ қолданылады. Жылдың аяғында Петропавловка мен Есқара, Моисеевка ауылдарында су құбыры іске қосылады. Осылайша, аудан тұрғындары 100 пайыз таза ауызсумен қамтылмақ. Бүгінде ауылдардан тұрғындардың аудан орталығына шоғырлану үрдісі байқалады. Үйлер салынуда, халық саны көбеюде. Сәйкесінше, жаз кезінде ауызсу тапшылығы сезіліп отыр. Биыл облыстық бюджеттен қаржы қарастырылды. Енді сол қаражатқа алдағы көктемде тағы бір ұңғыма қазылса, мәселе түбегейлі шешіледі.

— Ауылдықтар үшін жолдың жайлылығы маңызды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

— Сайлауалды бағдарламамда 82 іс-шара жоспарланған еді. Бүгінде 36-сы іске асты. Жобаларымызды облыс басшылығы да қолдап отыр. Сайлау алдында тұрғындарға уәде еткен істерді барынша ертерек жасауды жөн көрдім. Жол мәселесі тұрғындар тарапынан жиі көтеріледі. Мәселен, Михайловка, Веселая роща, Мыңкөл, Петропавловка атты ауылдардың тұрғындары аудан орталығына қарай қатынайтын 84 шақырымның жартысында асфальт жоқ. Қиыршықтастың кесектері бетіне шығып, арлы-бері жүру жаз мезгілінде қиынға соғуда. Аудан орталығына аталмыш ауыл адамдары Тереңкөл ауданы арқылы қатынауға мәжбүр болды. Бірақ бұл жол жүру уақытын бір сағатқа ұзартады. Міне, осы мәселені айтқан азаматтардың тілегі орындалып, облыс билігі тарапынан қолдау тауып, биыл 32 шақырымның 16 шақырымы жөнделді. Келесі жылы қалғанына асфальт төселмек. Сонымен қатар, аймақ басшысы үш жылда облыстағы барлық ауылдардың кіреберіс жолдарын асфальттау тапсырмасын берген. Осы тапсырма аясында биыл бес ауылдың кіреберісіне тас жол төселді. Келесі жылы тағы төрт ауыл қамтылады. Сонда 2026 жылға екі ауыл ғана қалады. Жолтаптық ауылында ешқашан асфальт болмаған. Биыл облыс бюджетінен бөлінген қаржыға 4,5 шақырым жол асфальтталды. Халық ризашылығын білдіруде.

— Халықтың мұң-мұқтажын білу үшін барынша жақын болу қажет екені сөзсіз. Тұрғындармен қаншалықты жиі кездесесіз?

— Аптасына бір рет азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдаймын. Бірақ қабылдамайтын күні келсе де, жиыннан қолым бос болса, ешкімнің бетін қайтармаймын. Өйткені, ол шалғай ауылдан арнайы келуі мүмкін. Бірыңғай қабылдау күні болатынын білмеуі ықтимал. Сол күні бұйымтайын тыңдап, мәселесіне құлақ асамын. Тұрғындар әлеуметтік желі арқылы да, жеке телефоныма да тікелей хабарласа алады. Әрқайсысына өзім жауап беремін. Ауылдарды тоқсанына бір рет аралап, мәсе-лелерін тыңдаймын.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.