Айтыс – қазақ халқының болмыс-бітімі, бекзада өнері. Қазіргі уақытта бұл өнер де заманға сай сәукелесін сәндеді. Бүгінгі күні айтулы өнердің айналасында мақтау да, даттау да айтылып жүр. Десек те, айтыскер ақындар ұлттық мүдде, ел бірлігі, жер, тіл тағдырын жырларына арқау, ойларына өріс қылудан, елдікті толғаудан бір сәт те іркілген емес. Солардың бірі һәм бірегейі – айтыскер ақын, сазгер, ұстаз Асығат Сәулетұлы Тұрғанбеков. Ертіс-Баян өңірінде қазақтың бұл өрелі өнері қалай дамып келеді? Шәкірт тәрбиелеуде нені ескерген жөн? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде, ел ағасы атанған еңселі ақынның өнері мен өмірі хақында әңгімелесудің сәті түсті.
— Асығат Сәулетұлы, ақын қашанда көкірек көзімен қоғамдағы оқиғаларды шолып, көңілінің иірімін қағазға түсіріп жатады. Сізді биылғы мерейтойыңызбен құттықтай отыра әңгімемізді «елуді еңсерген еңселі ақынды не ойландырады? не толған-дырады?» деген сауалдан бастасақ..
— Қазақта «елу жылда ел жаңа», «елуде — ел ағасы» деп тегін айтпаса керек. Бұл әрбір жанның жан-жағын бақылап, кешегі мен бүгінгі күнін елеп, екшеп, өз-өзіңе есеп беретін шағы. Жас кезімізде бұған онша-мұнша көңіл бөлмесек те, қазір бұл аталы сөздердің астарын, мән-мағынасын жете түсіндік. Адамның ақыл-ойы пісіп, иманы бекіп, кемелдене түсетін уақыты ғой. Қазір қым-қуыт тіршіліктің қамытын сыпырып, үй шаруасына, жеке шығармашылығыма көп көңіл бөлудемін. Күнде өтетін жиын, басқосулардың басы-қасынан табыла бермеймін. Одан да
бұл уақытымды отбасыма, сүйікті ісіме бөлгенім абзал.
Онымен қоса, «Желдірме» ақындар мектебінде жұмыс істеймін. Ы.Алтынсарин атындағы оқу ордасында іргетасы қаланған аталмыш мектептің де жұмыс істеп келе жатқанына жиырма жылға жуықтапты. Қаншама шәкірттің қанаты қатайып, қадамы қарыштай түсті. Осы уақыт аралығында шамамен 30-40 шақты шәкірт тәрбиелеппін. Қазіргі кезде айтыс сахнасында Ертіс-Баян өңірінің намысын қорғап, облыс байрағын биік ұстап жүрген осындағы ақындардың 80 пайызы – менің шәкіттерім десем, артық айтқандығым емес. Оның ішінде бауырым әрі балдызым, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев, бүгінде республикалық айтыстарда топ жарып жүрген Рауан Қайдаров, Абзал Қабдыраш, Оразбек Саяхат сынды ақындар бар. Жалпы, әр шәкіртімнің жолы — дара, жеңісі –
ортақ. Мысал үшін, мен 1993 жылы Павлодар қаласындағы педа-гогикалық училищені тәмамдап, ауылда ұстаздық қызмет еттім. Сол кездері Аспанбек бауырымызды өнерге баулып, қолына қалам ұстаттық. Екінші сыныптан бастап домбыра үйретіп, ақыры айтыс сахнасына алып шықтық. Қалаға көшкен уақытта да Аспан бауырымызды жетектеп, жаңағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатына орналастырдық. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді ғой. Өнерлі өреннің жанарындағы жалынды сөндіруге болмайды. Қайта керісінше, қолдап, қолпаштап, бағыт-бағдар беріп отырумыз керек. Бұл — әрбір ұстаздың ең ұлық қасиетін айқындайтын міндеті, борышы, парызы.
— Тамаша. Бұл күндері Асығат Сәулетұлы ұлағатты ұстаздардың біріне айналды. Десек те, бір кездері оның да шәкірт болғаны есінде шығар. Әңгімемізді осы айтысқа, өнерге баулыған ұстазыңыз жайлы жылы естеліктермен жалғап, бұл бекзада өнерге келу тарихын тарқата кетсек…
— Алғаш рет айтыс сахнасына 1987-88 жылдары шығыппын. Мені бұл бегзада өнерге баулыған — ағам әрі алғашқы ұстазым Жанат Тұрғанбек. Ол кісі әкемнің туған бауыры-тұғын. Ал мен үлкен шаңырақта өстім. Яғни, атамның қолында. Әке-шешем фермада мал шаруашылығында жұмыс істеген соң, «бұлардың балаға қарайтын уақыты жоқ» деп, атам алты айымнан бастап бауырына басып өсірді. Қазақ халқында «бауырына салу» деген бар ғой. Басқа ұлтта бар ма, жоқ па, білмеймін, білерім, Кеңестік кезеңде бұл дәстүр көптеп кездесетін. Содан мен үлкен үйде ес жиып, ержеттім. Ол үйде Жанат ағам тұратын. Алматыдағы «КазГу»-ды аяқтап, аудандық, облыстық басылымдарда қызмет еткен қаламгер ағамның өнерге, өлеңге деген құштарлығын бойымызға көшірдік. Әлі есімде, қысты күні бала кезімізде бәленбай тонналап көмір түсіретінбіз. Себебі ауылымыздың іргесін қар қымтап, жол жабылып қалса қиын еді. Туған жерім – Баянауыл ауданы, Егіндібұлақ ауылы. Сол кезде Жанат ағам маған қарап: «бітсе де көмірің, бітпесін…» деп, ымдап өлеңнің ұйқасын сұрайтын. Мен болсам: «бітпесін ағашың» деген ұйқаспен бұл жырды жалғастырып кете беретінмін. Бала болған соң, көмір мен ағаш қатар жүреді деп есептедік пе, кім білсін. Мұндай кезде Жанат ағам: «сен қалай ақын боласың?», «ұйқас қайда?» деп, найзағай-намысымызды оятып, «бітпесін өмірің» деген жолмен өлеңнің нүктесін қоятын. Осылайша ол өлеңге, өнерге деген бала құштарлығының қайнар көзін ашып, әдебиет әлеміне жетектеп кірді.
Жалпы, бүгінгі күні осы әдебиет пен мәдениетті қатар алып, қатарластарымның алдынан көріне білсем, бұл – ең алдымен әкемдей болған Жанат ағамның арқасы деп білемін. Сондай-ақ, ауылдағы мектепте қызмет еткен ұлағатты ұстаздардың бірегейі, зерделі жанның зергері — Зекебай Солтанбаевтың тәлім-тәрбиесін алдық. Ұстазымыздың жетекшілі-гімен мектеп қабырғасында төте жазудың, ән-күйдің, айтыстың үйірмелері жұмыс істейтін. Мен сол айтыс үйірмесіне қатысып, ақындық өнерімді одан әрі шыңдай түстім. Қателеспесем, 5-6-ншы сынып оқып жүрген шағымда мектепте ата-аналар жиналысы өтті. Мен сол жиында Нұргүл есімді кластас құрбыммен айтыстан үзінді келтіріп, сал-серілерше домбырамды серік еттім. «Тәй-тәйлап» басталған өнердегі алғашқы қадамымыз бізді осылай үлкен сахнаға алып шықты. Сөйтіп, 1993 жылы Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сара-йында, ол кезде «Тракторный мәдениет үйі» деп аталатын, жыр сұлтаны – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 100 жылдығына арналған үлкен айтыс өтті. Жыр аламанына облысқа танымал ақындар — Бейсенбі Мұқажанов, Жұмкен Сейітов, Сабыржан Ахметов, Серік Құсанбаев сынды от ауызды ақын ағаларымызбен қатар, қара көз қыздардың намысын қорғап, Шолпан Байғалы апамыз қатысты. Біз жаңағы кластас ақын қыз Нұргүлмен бірге бірінші жұп болып шықтық. Екеуміздің де үлкен сахнаға алғаш шығуымыз. Тіземіз дір-дір етеді. Сондағы жарық, сахна, көрермен әлі де көз алдымда. Одан кейін талай рет сахнаға көтеріліп, от ауызды, орақ тілді ақындармен сөз қағыстырып, шыңдалып, ширай түстік. Ол кезде айтыстың өтуі де бөлек еді ғой. Залда ине шаншитын орын жоқ, тіпті балкон да көрермендерге лық толып тұратын. Қазір мұндай көрермендерді шақыру қағазын жіберіп те алдырта алмайтын болдық. Сосын ол кездегі айтыс пен қазіргі айтыстың айырмашылығы — осы екі дәуірдегі ақындардың суырыпсалма өнерінен де байқалады. Бұл күні бәрі жаттанды болып кетті. Шындық. Ал бұрынғы айтысқа ақындар тек шапанын ғана дайындайтын. Бірақ, болашақта айтыстың болмыс-бітімі бүтінделіп, қайта өзінің тұма-талант табиғатына оралып, елдің мұң-мұқтажын мінбердегілерге жеткізетін мәртебелі өнер болмақ. Қазір бұл бағытта Одақ басшылығымен келісілген жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, келер жылдан бастап ақындар жеребе тартып, тек сахна төрінде жұпталады. Яғни, оның қарсыласы кім болатыны айтысқа дейін белгісіз болады.
— Қазір айтыс сахнасындағы «ауа райы» қалай? Цензура бар ма?
— Қазір айтыс саяси өнерге айналды. Бұқар жыраудан бастап қалың бұқараның базынасын ханға жеткізген қазақтың бегзада өнері қашанда қарашаның қасынан табылған. Бір жылдары Ринат Зайытов, Айбек Қали сияқты адуынды ақындардың датынан соң айтыс мүлде жабылып қалғаны да есіңізде шығар. Себебі билік басындағылар үнемі ақындардың не айтқанын жіті бақылап отырады. Мәселен, сол мәселені «квн»-да айтса, елемейді. Ал бұл проблема айтыс сахнасында көтерілсе, көтеріліс болуы мүмкін. Сондықтан да болар, бүгінгі күнге дейін айтыс теледидардан көрсетілмейді, эфирде жоқ. Бұл бір жағынан биік мінберлердегі азаматтардың қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз етіп, ұлт араздық шиеленісті ушықтырмай, «арба сындырмау мен өгіз өлтірмеудің» амалы шығар. Көршіңмен де тату болған жақсы ғой. Біз тәуелсіздікке қол жеткізгенімізбен әлі күнге дейін көп нәрсеге тәуелдіміз. Оны мойындау керек. Оның үстіне әр нәрсенің өз орны бар дегендей, айтылатын шағым-арызының да нақты «адресі» болуы тиіс. Әйтпесе, қазіргі уақытта кейбір ақындар нағашысының мерейтойында ортаға шығып алып, саяси әңгімелерден құралған жаттанды өлең-жырларын «жарыққа шығарып» жатады. Оның ол жерде не керегі бар? Туған-туыс, құда-жекжат қаумалаған қуанышта саясаттың қажеті қанша? Мұндай өлең-жырлардың айтылатын сәті мен реті, жөні мен жолы болады. Дәтің жетсе, датыңды сонда айт. «Ауыздығымен су ішсе де» ауызбіршілікті көксеген мемлекеттің бүгінгі саяси бағытына қолды бір сілтеп, «ауыз менікіге» салуға болмайды. «Отыз тістен шыққан сөз — отыз рулы елге тарайтынын» ұмытпайық. Дерек пен дәйекке сүйенейік. Ондай ақындар жоқ деп те айта алмаймын. Баршылық. Қазір жастардың айтыстағы екпіні ерек. Тек сол тақырыптың ауқымы таршылық етіп тұр. Яғни, айтулы өнер — «айтуға – рұқсат» етілген мәселелер төңірегінде ғана өрбиді. Жалпы, ақынның аузын жабу – қасқырдың аузына тұмылдырық кигізгенмен бірдей.
— Өлең мен өнердің құны қанша? Алдағы уақытта айтысқа қомақты жүлде қоры бөлініп, автокөлік тігілмесе айтыс ақындарының 10-15 пайызы ғана сахнада қалатын сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
— Жалпы, айтыс өткізу үлкен жүрек пен шыдамдылықты қажет етеді. Шараны ұйымдастыру барысында ақындардың, әділ қазылардың, көрерменнің көңілін тауып отыру керек. Әркімнің көзқарасы әртүрлі. Көбі айтыстың тек сырт келбетін ғана көреді. Аталмыш жыр аламанына ішкі дайындық жұмыстарының қаншалықты ауыр екенін біле бермейді. Мәселен, қаржы бөлдіру. Қаражат мемлекеттік қазынадан түскен соң, көп тақырыптың «тұсауланатынын» да түсіну қиын емес. «Қазаншының өз еркі…»
Ал айтыс ақындарының бұл өнерге қаншалықты адал екендігі — уақыт еншісінде. Өз басым айтыс сахнасында жүрген шақта Алғыс хат алсақ та мәз болатынбыз. Ақын үшін елдің ыстық ықыласынан артық баға жоқ. Тәуелсіздікке дейінгі және тәуелсіздіктен кейінгі айтыстарда да дәл солай болды. Асып жатса, бас жүлдеге сағат, кілем тігілетін. Қазіргідей автокөлік, миллиондаған сертификаттар да жоқ еді. Бірақ ақындардың айтыс өнеріне деген құрметі ерекше-тұғын. Бұл ретте, айта кететін жайт, имандылыққа ұйып, ұлттық өнер һәм дала дәстүрімен суарылған жанның ғана тамыры тереңге тартпақ. Ал пендешілікке салынып, қара бастың қамын күйттегендердің ертеңі қараңғы. Айтыс — бұл ең алдымен халықтың мәселесі, елдің қамы, мемлекеттің келешегі.
— Ертіс-Баян өңірі сіздің ақындық өнеріңізбен қатар, композиторлық қырыңызбен де жақсы таныс. Жүректерді әнге орап, көңіл-дерді тербететін сазгерлік қабылетіңіз туралы айта кетсеңіз…
— Біздің Егіндібұлақ ауылының ұл-қыздары көрші жатқан Теңдік ауылының оқушыларымен әркез мәдени-рухани іс-шараларда бас қосып, өнер бойынша сайысқа түсетін. Ал Теңдік ауылындағы мектепте менің апам — Сағураш Тұрғанбекқызы қосымша домбырадан сабақ беретін-ді. Апам үлкен шаңыраққа келген кездері оның қоңыр домбырасын құшақтап алып, дыңғырлата күй шертіп отыратынмын. Содан апамыз маған бірінші «Еркем-ай» әнін қалай орындау керектігін үйретіп, қу қарағайдың құдыретін сезіндірді. Ол кезде мен 2-3-сыныпта оқитынмын. Осылайша, уақыт өте бере ел аузында жүрген көптеген халық әндерін жаттап алдым. Бұл әншілік өнерім маған айтыс сахнасында мақам таңдауда буын ырғағы мен дауыс мәнерін түзеуге көп септігін тигізді. Бертін келе, дәстүрлі әнге ынтық болып өстім. Сонау Алматыдан әдейілеп қазақтың күміс-көмей әншісі Жәнібек Кәрменовтің аудио-кассетасын алдырдым, әндерін жаттадым.
Ал өзімнің сазгерлік өнерім сол туған ауылымнан бастау алады. «Құрдасым, қалқам» деген алғашқы авторлық әнімді айтыста тұсауымыз қатар кесілген Нұргүл есімді кластас ақын қыздың құрметіне арнадым. Нақтырақ айтсам, бұл әнді оның қыз ұзату тойына шығарып апарып, гитарамен орындап бердім. Халық жылы қабылдап, қошеметіне бөлеп жатты. Осылайша, біздің ән әлеміндегі сазгерлік өнеріміз басталды. Бұл — өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары.
— Сұхбат барысында жазушы, журналист Жанат Тұрғанбек ағамыз туралы жылы есте-ліктеріңізбен бөлістіңіз. Жалпы, қаламгердің мұрасы бүгінгі күні насихатталып жүр ме?
— Жанат ағамыз аудандық, облыстық газетте жұмыс істеп жүрген кезінде сыни мақалалар көп жазатын. Алатау бөктеріндегі «КазГу»-ды қызыл дипломмен аяқтап, Ақбеттау баурайына оралып, өңірлік бұқаралық ақпарат саласында еселі еңбек етті. Ол жер-су атауларының бұрынғы атын қайтару мәселесін де үнемі көтеріп отырды. Тарихты жақсы білетін. Ардагер журналист, абыз ақсақал Бақи Әбдіқадыров оны «құйма құлақ» деп атайтын. Жалпы, Жанат ағамыздың журналистикаға, әдебиетке деген сүйіспеншілігі өзгеше болатын-ды. Ол бала кезінен бастап, «Балдырған», «Пионер» журналдарына мақала жазып, биік мақсат-мұратын қалам ұшына қондыра білді. Әлі есімде, поштамен подписка бойынша үйімізге том-том кітап, журнал келетін еді. Тіпті бір бөлмеміз шағын кітапханадан еш аумайтын. Сол кітаптардың барлығын да Жанат ағам астын сызып тұрып, керегін үзіп тұрып оқитын. Қара өлеңге жаны құмар еді. Бізге үнемі кітап оқу керектігін айтып, білім көкжиегімізді кеңейтті.
Кейбір кітаптардың орфографикалық қателерін түзеп, қызыл сиямен астын сызып қоятын. Мен оқуға тиіс құнды кітаптардың тізімін құрып, мазмұндамалық тапсырма беретін. Бұл кітаптардың ішкі мұқабасында аты-жөнімнің бас әріптерінен құралған «А.Сау»-ға деген жазба тұратын. Ағамның қолжазбаларының бірі еді. Осыдан бірнеше жылдар бұрын Жанат ағамның курстас достарымен бірігіп, оның мақалаларын, әзіл-сықақ әңгімелерін топтастырып, кітап қылып шығардық. Ол кісінің сатира жанрында да қалам тартқанын білеміз.
Қазіргі «Saryarqa samaly» газетіндегі «Қышқыл күйіс, мысқыл мүйіс» атты арнайы бетте ағамыздың біраз сатиралық шығармалары жарық көрді. Сонымен қатар, биылғы мерейтой қарсаңында Жанат ағама арнап, «Сен мінгізген ақ пырақ» атты кітабымды жарыққа шығардым. Осы орайда, аталмыш кітаптың жарыққа шығуына демеушілік жасаған облыстық мәслихат депутаты Маханбет Амангелдіге алғыс айта кеткенім жөн. Бұдан басқа, алдағы уақытта сатира жанры бойынша Жанат Тұрғанбек атын-дағы аймақаралық байқау өткізуді дәстүрге айналдырмақшымыз. Бүгінгі күнге дейін бұл сайысты облыс орталығында бірнеше мәрте өткізіп те үлгердік.
— Ақындық өнеріңізден ұстаздық қызметіңізге қарай ойыссақ. Бұл күндері оқушы мен мұғалімнің арасы алшақтап кеткен сияқты. Оған мектеп қабырғаларында орын алып жатқан келеңсіз оқиғалар дәлел. Бұл ретте, мұғалім мәртебесін көтеру үшін не істеуіміз керек?
— Бұл жерде ең алдымен ұстаз бен ата-аналар арасында байланыс орнауы керек. Қазір туған әкесі баласына ұрыса алмайтын күнге жеттік. Тіпті мұғалімдердің де құзыреттілігі «құрықталды». Болашақта мұғалімдердің мәртебесін көтермесек, мектептегі жағдай ушыға түседі. Бұл күні ұстаздар қауымына оқушымен қатар, олардың ата-аналарын да қосымша оқыту керек сынды. Әрине, заң шеңберінде еліміз бойынша ана мен бала құқығы ерекше қорғалуда. Алайда, заңнамалық тұрғыдан ұстаздың да мәртебесіне нұсқан келмеуі тиіс.
Сонымен қатар, бала тәрбиесіне қатысты айтарым, кез келген ата-ана ұл-қызының келешегі кемел, білімі терең болсын десе, мұғалімнің оқыту процесіне араласпағаны жөн. Қайта баласына салт-дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірсін. Ұлттық мұрада ұлт тәрбиесі жатыр. Баласының кішкентай жетістіктеріне қуана білетін ата-ана болашақта оның талай жеңісті күндеріне куә болады. «Болар баланың бетін қақпай, белін буатын» халық едік қой. «Өнерге өз басыңды ерте баулы, жастықтың бір күн көшіп кетер ауылы» дейді Мәшһүр Жүсіп атамыз. Кез келген баланы өнерге, спортқа жастайынан баулу керек. Өнерлі жанға шабыт берсе ширыға түседі. «Жақсы сөз — жарым ырыс» деп бекер айтылмаса керек. Мысал үшін айтайын, бұрын ақындар мектебіне қатысқан таңдайында өлең-жырдың дәмі бар, таланты тас жаратын бір оқушымның әкесі бірде домбырасын күйлеп отырған ұлына: «сенен Құрманғазы шықпайды, қойшы» деп, тынышталуын сұрапты. Содан әлгі оқушымыз домбыраны да, айтысты да қойып кетті. Кім білсін, өнерін жалғастыра бергенде ақын, жырау болар ма еді.
— Әңгімемізді есіңізде қалған бір айтыспен тәмамдасақ. «Сөз барымтасында» басыңыздан өткен қызықты оқиғалар да болған шығар…
— Бір жылдары Қызылордаға республикалық айтысқа бардық. Сыр елінде мен қарағандылық ақын Айтбай Жұмағұлмен жұптасып, сахнада айтысатын болдым. Айекең басында бізді менсінбей, «Асығатты танымаймын», «онымен қалай айтысамын?» деп ұйымдастырушылардан басқа қарсылас сұрап жүрді. Тіпті айтыстан күн бұрын бөлмеме кіріп келіп, ұйықтап жатқан мені оятып, «ұйықтама!», «дайындал!» деп саусағын нұсқап кететін. Мен болсам, көрпемді басыма тартып, «суырып салып айтысам» деп жата бердім. Сөйтіп, келесі күні айтыс өтіп, Айекең менен ұпай саны бойынша жеңіліп қалады. Сахнадан шыға берісте маған жақындап: «сен немене көрпенің астында жатып дайындалғансың ба?» демесі бар ма?! Бір күліп алып, қол алыстық. Содан бері Айтбай Жұмағұлмен достық, аға-бауырлық сыйластық артпаса, кеміген емес.
— Алғаусыз әңгімеңізге мың алғыс. Шабытыңыз шабандамасын!
Сұхбаттасқан – Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.