Photo Valeriy BUGAYEV

Май ауданында кейінгі жылдары оң өзгерістер орын алып, қордаланған мәселелер шешімін табуда. Ауданға іс сапармен барған аймақ басшысы Асайын Байханов қолға алынған және жоспарланған жұмыстардың бір парасымен танысты. Тұрғындармен есептік кездесу өткізіп, халықтың талап-тілегін, ұсыныстарын тыңдады.

Алдағы жылы азынамайды

Алдымен облыс әкімі Баскөл ауылындағы А.Иманов атындағы мектепке барды. Мұнда бүгінде 127 бала білім алуда. Соның ішінде 30 бүлдіршін шағын орталықта тәрбиеленуде. Бір қуантарлығы, шағын орталықта былтыр бір ғана топ болса, биыл екіншісін ашуға қажеттілік туған. Негізі мектеп 356 балаға шақталған. 1967 жылы бой көтерген білім ордасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Мектеп директоры Гүлсима Ахметованың айтуынша, әсіресе, ғимаратты жылылау аса маңызды. Себебі, желді, аязды күндері мектеп іші аңырап кетеді. Себебі, тоқсаныншы жылдары жарық болмағанда бір бөлігіндегі жылыту жүйесі алынып тасталған екен. Мектептің екі пеші ауыстырылған. Десе де, ғимараттың қабырғасын, жылыту жүйесін ретке келтірмей, мұның да тигізер әсері мардымсыз көрінеді. Қазіргі таңда мектепке бірнеше жылыту құрылғысы сатып алынған. Қатты суықта түні бойы электр жылыту құрылғылары қосулы тұрады. 2017 жылы мектептің қасбеті металл сайдингпен қапталған. Алайда, жобалау кезінде ішіне жылылау материалдары салынбапты. Оған қоса, қаптау жұмыстары да ғимаратты толық қамтымаған. Яғни, спорт зал, асхана мен мәжіліс залының сыртқы қабырғалары тек ішінара қапталғандықтан аязды күндері іші суып кетеді, дейді мектеп директоры.

Енді бұл мәселелер келесі жылы түбегейлі шешілмек. Өйткені, аталмыш білім ордасына облыстық бюджет есебінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізіледі. Жобаның құны — 506 млн теңге. Мұнда асхананың едені, мектептегі 16 есік ауыстырылады. Терезелері жылытылады. Ішкі қабырғалары мен төбесі ретке келтіріледі. Асхана, спорт және мәжіліс залдарының төбесінің жұмсақ жабындысы ауыстырылмақ. Мектептің барлық жылыту, электр жүйелері толық жаңартылады. Қасбеттің қалып қойған бөліктері қапталады. Мектептің аумағы абаттандырылады. Спорт алаңдары, шағын орталық бүлдіршіндеріне ойын алаңдары салынады.

Айта кетейік, 2025 жылы Май ауданында баскөлдік мектептен бөлек тағы екі ауылдың білім ордасы күрделі жөндеу көреді. Олар – Қаратерек және Майтүбек ауылдарының мектептері. Алғашқысына 259,6 млн теңге қарастырылса, екіншісінің құны – 323,6 млн теңге.

Аудан әкімі Қадылжан Сәтиевтің мәлімдеуінше, Баскөлде «Ауыл — ел бесігі» аясында мектептен бөлек мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіледі. 4,4 шақырым ауылішілік жол асфальтталып, көшелер жарықтандырылады.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» жобасы бүкіл елімізде іске асырылуда. Жыл сайын аймағымызда кемі 15 ауыл жаңартылуда. Солардың қатарына келесі жылы Баскөл ауылы қосылмақ. Бір елді мекенде бірден кешенді түрде жөндеу жүргізген жөн. Біздің тарапымыздан қолдау болады. Жалғыз талап – бөлінген қаражатты ұқсатып, ұқыппен жұмсау. Жұмыстарды уақытылы, сапалы аяқтау, — деді аймақ басшысы.

Аурухана ахуалы

Аудандық аурухананың ахуалы былтыр көпшілікті алаңдатқан еді. Жерасты суының көтерілуінен медициналық мекеменің жертөлесін айлар бойы су басып, салдарынан қабырғасына сызат түсіп, іргетасына да әсер еткен еді. Бұл мәселемен былтыр сәуір айында аймақ басшысы жақын танысып, бірден тиісті тапсырма берген. Содан жобасы жасалып, бүгінде ауруханаға дренаждық жүйе орнатылды. Жасалған жұмыспен облыс әкімі Асайын Байханов арнайы танысты. Мердігер ұйым қазіргі таңда дренажды құбыр тартқан, кәріз сорғы станциясын және құмды ұстап қалатын тазарту қондырғысын орнатқан. Ағып келетін жерасты суына есеп жүргізу үшін суық судың есептеу құралы қойылыпты. Сонымен қатар, екі су жиналатын сыйымдылығы 2 мың текше метрлік және тереңдігі 1,5 метрлік тоған салыныпты. Осы орайда облыс әкімі тоғандардың қоршаусыз тұрғанына алаңдаушылық танытты. Жобада қарастырылмаған екен. Аймақ басшысы қаржы бөліп, қауіпсіздік үшін қоршау салуды тапсырды. Көктемде дренаждық жүйенің нәтижесі көрінгеннен кейін ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу мәселесі қолға алынбақ. Облыс әкімі енді науқастарға жайлы жағдай жасауды ойластыру керек, деді.

Жерасты суының көтерілуі ауруханаға ғана емес, аудан орталығы – Көктөбедегі жылу құбырларына да айтарлықтай залал келтіріпті. 2008 жылы салынған құбыр судың әсерінен 95 пайызға тозған. Бұл орталықтандырылған жылу желісі арқылы 25 әлеуметтік, әкімшілік нысан және тұрғын үйлер жылу алады. Енді мұндағы 2,7 шақырымдық желі жаңартылмақ. Оған облыс қазынасынан 255 млн теңге қарастырылып отыр. Облыс әкімі нысанды уақытылы, сапалы салу міндетін қойды.

Жайлы өмір үшін жасалуда

Бұдан соң аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімі тұрғындармен кездесті. Ауданның өзекті мәселелерін талқылап, шешу жолдарын алға тартты. Негізгі даму көрсеткіштеріне тоқталды.

— Жалпы, Май ауданы экономикасы оң динамикаға ие. Ауданға 18 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша облыста екінші орында. 18 мың бас асылтұқымды мал бар. Егістік алқабы да ұлғаюда. Майлы дақылдар алқабы 45 пайызға өсті. Суармалы егіншілікке ерекше көңіл бөлінуде, — деді облыс әкімі.

Осы ретте, бірнеше су лиманын қалпына келтіру жобасы қолға алынғанын айтты. 4 бөлікке бөлініп іске асатын жобаның алғашқысына 200 млн теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Ауданда таза ауызсу қолжетім-ділігі — 98 пайыз. 17 елді мекен сумен толық қамтылған. Әлі де 5 ауыл таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселе келесі жылы шешілмек.

— Нормативтік талапқа сәйкес келетін жол үлесі – 97 пайыз. Елді мекендердің ауылішілік жолдары да жөнделуде. Бұл мақсатқа 970 млн теңге 15 жоба іске асты. Келесі жылы 7 жобаға қаржы қарастырылуда. Ақшиман-Лекер ауылдарын байланыстыратын жолға жобалық құжаттама әзірлеуге 46 млн теңге бөлінді. Бұл жол Баянауыл мен Май ауданын қосады. Тіпті, Қарағанды мен Абай облыстарын да байланыстыратын күре жол болады, — деді А.Байханов.

«Ауыл – ел бесігі» жобасымен ауданның 8 ауылы қамтылған. 32 жобаны іске асыруға 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Биыл Қаратерек ауылында Мәдениет үйі мен ауылішілік жолдар жөнделген. Қазіргі таңда спорт кешені салынуда. Келесі жылы Баскөлде 1,3 млрд теңгеге 8 жоба іске асады. 22 ауылдың ішінде 8 елді мекенде интернет сапасы сын көтермейді. Аймақ басшысы бұл мәселемен таныс екенін айтты. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында келесі жылы интернет желісі тартылмақ. Бозша ауылының маңында бір байланыс станциясы орнатылады. Облыс әкімі әлеуметтік нысандар құрылысы мен жөндеу жұмыстарына да тоқталды. Медициналық мекемелер 2025 жылы толық жедел жәрдем көлігімен қамтылады. Биыл 8 көлік, келесі жылы тағы бесеуі сатып алынады. Бұған дейінгі кездесулердің бірінде тұрғындар Көктөбеде бассейн салуды ұсынған. Бұл ұсынысты облыс басшылығы қолдап, құрылысына 289 млн теңге бөлді.

Тұрғындар тілегі

Кездесуде тұрғындар тағы да талап-тілектерін ортаға салды. Мәселен, Светлана Романченко есімді тұрғын соңғы кездері жертөледе су көтеріліп, қысқа сақтаған азықтарының су астында қалғанын айтып, мәселені шешуге аймақ басшысының араласуын сұрады. Облыс әкімі жерасты суының көбеюімен туындап жатқан түйткілдермен таныс екенін атап өтті. Мәселені шешу үшін аудан орталығына дренаждық жүйе салу көзделіп отыр. Құны шамамен 1-1,5 млрд теңге деп болжануда. Оған қаржы облыстан бөлінеді. Келесі жылы құжаттары реттелсе, жүйе 2026 жылы іске қосылуы мүмкін. Оған дейін аудан билігіне насостар сатып алу, ассенизатор машиналарын жеткізу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Судың көтерілуіне ауылға су құбырын тартқаннан кейін жерасты суының өтетін табиғи арналарының бітеліп қалуымен байланыстырылуда.

Жаңбырбай Адамжанов Көктөбеде орталықтандырылған кәріз жүйесін салуды ұсынды. Аймақ басшысы мұның мүмкін еместігін кесіп айтты. Себебі, кәріз тазалау станциясын салудың өзі 120 млрд теңге болатын көрінеді. Оны ақтап алу мүмкін емес. Аймақ басшысы халқы 10 мыңнан асатын ірі Кенжекөл мен Атамекен ауылдарының өзінде кәріз жүйесі жоқ екенін мысалға келтірді. Ал орталық қазандық салып, үйлерді де жылуға қосу ұсынысын облыс әкімі қарастырып көруге болады, деді. Тек тарифке келісетін абоненттер қатары жеткілікті болуы тиіс.

Оңтүстіктен қоныс аударған бірнеше тұрғын үлестірілген үйлердің сапасына шағым білдірді. Айтуларынша, құрылыстың сапасыздығынан терезеден су ағып, үздіксіз от жақпаса, үйді жылыту мүмкін емес екенін алға тартты. Облыс әкімі аудан басшылығына жағдаймен танысып, шара қолдануды тапсырды.

Малайсары ауылының тұрғыны Бекболат Докеев Жаңасарай бөлімшесінің 900 метрлік кіреберіс жолын салып беруді сұрады. Себебі, бөлімшеден 15 бала ауылдық округке қатынап оқиды. Қыста өзіндік қиындықтар туындайтын көрінеді. Аймақ басшысы аудан билігі жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлесе, бюджетті көктемгі нақтылауда қаржы қарастырылатынын мәлімдеді. Жалпы, ауданның 5 ауылының кіреберіс жолын жөндеуге келесі жылға қаржы бөлініп отыр. Малайсары ауылының азаматы облыс орталығы көшелерінің біріне Жасыбай батырдың есімін беру ұсынысын білдірді.  Ол Малайсары мен Олжабай батыр есімдеріне көше берілген соң Жасыбай батыр да ұмыт қалмауы керек деген пікірде. Батыр бабамыздың ерлігін еске алған Асайын Байханов көшелердің атауын өзгертумен республикалық ономастика комиссиясы айналысатынын айтты. Бірақ, ұсыныс тиісті мекемеге жолданады, деді.

Кездесуден кейін облыстық басқарма басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.