Жыл сайын өңірде кәсібін дөңгелетіп отырған ірі компаниялар әлеуметтік жауапкершілік аясында жергілікті билікпен меморандум жасап, маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы бөліп жатады. Алдағы уақытта инвесторлар қаражаты қандай мақсаттарға жұмсалмақ? Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен жиында қаралды.
Атап айтқанда, ERG және «KAZ Minerals» компанияларымен 2025 жылға арналған меморандумдарға енгізуді жоспарлап отырған жобалар пулы талқыланды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсынылған жобалардың жалпы сомасы 15,1 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде облыс орталығындағы ірі жобалар — вокзал маңындағы скверді қайта жаңарту, «Достық» шағын ауданында 1250 орындық конгресс-холл салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындау, «Шығыс» шағын ауданындағы рекреациялық аймақты егжей-тегжейлі жоспарлау және т.б. бар.
Ал Екібастұзда Атығайтұз ауылында 120 орындық шағын мектеп салу, қалалық театр мен инклюзивті балабақша үшін ғимарат сатып алу көзделіп отыр. Ақсуда спорт кешенінің (бассейннің) құрылысын, қалалық мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңарту, 140 орындық инклюзивті балабақша салу, Алтынсарин атындағы орта мектеп, №3 арнайы мектеп-интернаты, «Асыл бөбек» балабақшасы мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебін күрделі жөндеу жобаларын қарастыру ұсынылды. ERG және KAZ Minerals қаражаты мемлекеттік орман қоры аумағында ағаштар отырғызуға да бөлінеді.
Жиналыс барысында барлық ұсыныстар мен оларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Асайын Байханов жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптама алу процесін жеделдете отырып, жобалардың нақты әрі соңғы тізімін дайындауды тапсырды. Олар бойынша соңғы шешім қажетті құжаттардың дайындығынан кейін, сондай-ақ ERG мен KAZ Minerals өкілдерімен талқылаудан кейін қабылданатын болады.
Сонымен қатар, облыс әкімдігінде өткен тағы бір жиын кезінде «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мәселелері қаралды. Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде арнайы аймақтың инвестициялық портфелінде 507 млрд теңгені құрайтын 36 жоба бар. Ал мұндағы инфрақұрылымының аяқталуы 65,7 пайызды жетті. Су бұру желілері мен кәріз-тазарту құрылыстары аяқталуға таяу. Су бұру желілеріндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары 70 пайызға, кәріз-тазарту құрылыстары 85 пайызға аяқталды. Кәріз-тазарту құрылыстарын іске қосу-реттеу жұмыстары келесі жылға жоспарланған. АЭА инфрақұрылымын 100 пайыз аяқтау үшін 3 нысанның құрылысы — теміржолдың екінші кезегі, қуаты 40 МВт болатын қосалқы станцияның және ұзындығы 5 шақырым автожолдың құрылысы қажет. Солтүстік техникалық дәлізді қамтитын автожол жобасы сараптамадан өтуде. Құрылыстың болжамды құны шамамен 900 млн теңгені құрайды. Бүгінгі таңда АЭА аумағында ақауларға, «Қазақстан темір жолы» АҚ тарапынан техникалық төлқұжаттың және дайындық актісінің болмауына байланысты 2019 жылдан бері жұмыс істемейтін «Каустик» АҚ-ның меншікті теміржолдары пайдаланылуда.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аталмыш нысанды қалпына келтіру жұмыстары өткен жылдың желтоқсанында басталған болатын. Бүгінгі таңда бірінші кезекті қалпына келтіру 100 пайыз аяқталды. ҚТЖ комиссиясы нысанға екі рет барып, барлық анықталған ақаулар мен ескертулер жойылды. Нәтижесінде АЭА аумағында орналасқан 15 кәсіпорын өздеріне дейін теміржол тарту мүмкіндігіне ие болады. Жүк айналымы жылына шамамен 300 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар, теміржолдың 2-ші кезегінің және басқа да бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық нысандардың құрылыстары әлі басталған жоқ.
Аймақ басшысы бұл жұмыстарды кешіктіруге жол берілмейтінін атап өтіп, құрылыс басқармасына 2025 жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімде автожол салу бойынша салалық министрлікке, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына теміржолдың 2 кезегі үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге және электр қосалқы станциясын салуға бюджеттік өтінім жіберуді тапсырды.
Өз тілшіміз.