Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі журналист, көрнекті көсемсөзші, ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, саяси ғылымдар кандидаты, профессор Жұмабек Кенжалиннің 70 жылдығына арналған ІІІ Жұмабек Кенжалин оқулары аясында «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үрдістер: БАҚ менеджменті мен маркетингі және PR» тақырыбында өткен халықарылық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі журналистер Сауытбек Абдрахманов, Жанболат Аупбаев, Қайнар Олжай, Талғат Айтбайұлы, Серік Әбікенұлы, техника ғылымының докторы Бақдәулет Құмаров, саясаттану ғылымының докторы, профессор Жомарт Симтиков, философия ғылымының докторы Дәуренбек Құсайынов және т.б. азаматтар қатысты. Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай модераторлық жасап, кіріспе сөзінде барлық қатысушыларды игі шараның басталуымен құттықтады, бұл іс-шараның маңызы өте жоғары екенін айтты. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ізгі лебізге толы құттықтау хаттарын оқыды.
Конференцияға қатысқан тұлғалардың әрқайсысы Жұмабек Омарұлының қадір-қасиетіне, азаматтық қырларына тоқталды. Алқалы жиында, сондай-ақ көрнекті публицист Қайнар Олжай, Талғат Айтбайұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары – Алматы басылымдарының жетекшісі Серік Әбікенұлы, т.б. азаматтар сөз сөйледі.
Ең алдымен Жұмабек Кенжалин оқулары елімізде осымен үшінші рет өткізіліп, бүгінде берер тағылымы мол жақсы үрдіске, өнегелі дәстүрге айналғанын баса айтуымыз керек. Өйткені Кенжалин оқулары аясында қаламгердің соңына қалдырған ғылыми-шығармашылық мұрасы зерделеніп қана қоймай, болашақ журналистердің таным көкжиегін кеңейтуге, бүгінгі қалам ұстаған кәсіп иелерінің ортақ мәселелері мен міндеттерін талқылауға мүмкіндік беретін ой-пікір алмасу алаңы ретінде де орнықты.
«Тәуелсіз Қазақстанның ақпарат кеңістігі қалай дамыды?» дейтін сауалға жауап іздер болсақ, бұл сауалдың жауабының жетектеп апарар арналы бір өзегі міндетті түрде Жұмабек Омарұлының атқарған қызметі мен еселі еңбектеріне апарып тірейтіні сөзсіз. Олай болатын себебі де түсінікті. Ж.Кенжалин қалың оқырманға етене таныс «Зерде» («Білім және еңбек»), «Халық кеңесі», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» басылымдарына әр жылдары жетекшілік етуі, еліміздегі бірегей ірі медиахолдинг – «Қазақ газеттері» ЖШС-нің қазығын қағып, іргетасын нықтап, он жеті жыл басқаруы, стратегиялық тұрғыдан өзін-өзі толық ақтаған сауатты шешімдерді қабылдай отырып, отандық ақпарат кеңістігінде серіктестіктің тұғырлы орнын айқындап беруі – Жұмабек Омарұлының білікті басшы ғана емес, ұлт пен мемлекет мүддесін әріден ойлайтын, алысты болжап, жақынды таразылайтын, күрмеуі қиын істің қисынын тауып, тығырықтан алып шығатын көшбасшылығында жатқаны сөзсіз.
ІІІ Жұмабек Кенжалин оқулары мен конференциясы арқылы «Кенжалинтану» деп аталатын журналистика ғылымындағы жаңа бір бағыттың да негізі қаланып келеді деп айтуға әбден болады. Өйткені Ж.Кенжалиннің ғұмыр жолы мен қызметі туралы ғылыми-танымдық дерек те, ақпарат та бүгінде мейлінше мол. Мұның барлығы парасат иесінің еңбектерінде көрініс тапқан теориялық әрі нақты өмір құбылыстарынан, қоғам өзгерістерінен тамыр тартатын тәжірибелік ой-пайымдарын ғылыми негізде зерделеуге жөн-жоба нұсқайтыны сөзсіз. Осылайша, «Кенжалинтану» ісі өзі білім нәрімен сусындаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан бастау алып отырса, ол күні ертең еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын тауып, қанатын кеңге жайып жатса, бұған қуанбайтын жүрек, тебіренбейтін көңіл болмайтын шығар, сірә.
Иә, Кенжалинтану бұл – журналистиканың қыр-сырын, дәстүрі мен салтын үйрену; Отандық медианың мазмұнын ұлттың рухани өлшемі бола алатын құндылықтармен байыту; мемлекеттік мүдде мен журналистиканы бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар ретінде зерделей білу; дәстүрлі медиа мен жаңа медианың үйлесімді үндестігін бір-бірінің мәртебесін биіктете отырып дамыту деген сөз.
Жазушының болмысы, мемлекет жолында атқарған өнегелі істері қай дәрежеде де, қай деңгейде де әспеттеуге лайық. Кешегі Алаш ардагерлерінің мұрат-мақсатын жалын атқан кеудесіне қондырып, ой-зердесіне тоқыған медиаменеджердің бүтін бір өмір жолы отандық баспасөздің аумалы-төкпелі жылдардағы тыныс-тіршілігіне араласумен, өз тағдырына бұйырған журналистиканың бес батпандай ауыр жүгін арқалаумен өтсе, бүгінде сол еселі еңбегі ақталып келе жатқанына, сөзсіз, мерейленесің.
Жұмабек Омарұлы 1981 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін аяқтап, «Социалистік Қазақстан» газетіне тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Зерде» журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, одан кейін бас редакторы болды. 1996 жылы «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1999 жылдан 2006 жылға дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас директоры, 2006-2009 жылдары «Ақиқат» ұлттық қоғамдық- саяси журналының бас редакторы қызметінде, 2009 жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры-Редакторлар кеңесінің төрағасы болды.
Көркем сөздің беделін биіктетіп, қаламының қуатымен ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Жұмабек Омарұлы «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері», «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа», «Қалам қанаты», «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» деп аталатын кітаптардың, ғылыми публицистикалық еңбек, зерттеу- лер авторы. Саяси ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Журналистика саласындағы қажырлы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, Президент сыйлығының лауреаты, ТМД Парламенттік Ассамблеясының «Баспасөзді және ақпаратты дамытқан үшін» белгісімен марапатталған. ҚР БАҚ саласындағы сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері және Қазақстан журналистикасының қайраткері.
Жақсының өзі өлсе де – сөзі өлмейді. Қаламымен ұлт руханиятын зерттеп, тарихтың тереңіне бойлап, тың туындылар жазған белгілі журналист туралы 2018 жылы публицист, журналист Марат Тоқашбаевтың құрастыруымен «Астана Медиа Пресс» баспасынан «Серке сөздің сардары» атты жинақ шықты. Осы жылы Арқалықта Баспасөз күні қарсаңында облыстық өлкетану музейінде Жұмабек Омарұлы Кенжалиннің өмірі мен шығармашылығына арналған естелік бұрыш ашылды.
Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мағыналы мұра қалдырған Жұмабек Кенжалиннің жүріп өткен жолы, шығармашылығы мен еңбегі кейінгі жастарға үлгі. Осы орайда 2019 жылдың 9 қарашасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Журналистика факультетінің құрылғанына 85 жыл толуына орай, Жұмабек Кенжалин атындағы «Баспа және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасының тұсауы кесілді.
Тұлғаның еңбегін дәріптеу мақсатында бұдан басқа да өнегелі шаралар жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі — Кенжалин оқулары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, онда тұлғаның азаматтық болмыс-бітімі жан-жақты ашылуда.
Биыл III мәрте өткізілген Кенжалин оқулары шарасында тағы бір жағымды жаңалық айтылды. «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед журналис-тика майталманының 70 жылдығына арнап автордың «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» еңбегін үш мың данамен шығаруға бастамашылық жасағанын айтып, аталған кітаптың құндылығы жөнінде ой өрбітті. ІІІ Жұмабек Кенжалин оқулары аясында қос бірдей кітаптың, атап айтқанда «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Жұмабек Кенжалин» деп аталатын ғұмырнамалық жинақтың, сондай-ақ Ж.Кенжалиннің «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» атты туындысының тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты.
Сондай-ақ, конференция қатысушылары 1985-2009 жылдар аралығында Жұмабек Кенжалин тұрған Панфилов көшесінде орналасқан 101-үйдің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысты. Бұдан соң көсемсөз шеберінің рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды. Аста да талай игі жақсылар өз естеліктерімен бөлісті. Ардақты тұлғаның зайыбы Әлима Әбдірахманқызы, қаламгердің ұлдары Дастан мен Жандос Кенжалиндер қолдау көрсетіп келген барша жанашыр азаматтарға әулет атынан алғысын жеткізді.
Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ,
Алматы қаласы.