Домбыра — қазақ халқының кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма — күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Бүгінде еліміздің әр білім ордасында домбыра үйірмелері ашылып, оқушылар арасында насихатталуда. Солардың бірі — Павлодар қаласындағы М.Әлімбаев атындағы орта мектептің жанынан ашылған «Көңілашар» домбыра үйірмесі.
Айдана БОРАНБАЕВА
«Көңілашар» домбыра үйірмесінің жетекшісі Динара Рахметованың айтуынша, үйірменің мақсаты – оқушылардың ұлттық аспапқа деген қызығушылығын арттыру, домбыра тартуды үйрету, аспапты ұлттық тәрбие құралы ретінде пайдалану.
— Үйірме оқушыларды ұлттық өнерге баулу мақсатында 2021-2022 оқу жылы өз жұмысын бастады. Ашылуына мектеп басшылары Кәукәр Бекмурзинова және Дастан Мұхтар демеушілік етіп, домбыра кабинетін ашты. Білім ордасына 11 жаңа домбыра алынды, — дейді үйірме жетекшісі.
Үйірмеге домбыра аспабына қызығушылық танытқан, оны үйренуге ынталы оқушылар тартылды. Дәрістер барысында балаларға ұлттық аспаптар туралы мағлұматтар беріліп, домбыра аспабының құрылысы түсіндіріледі. Ұлттық аспапты қалай ұстау, домбыра тартқанда қалай отыру керектігі үйретіледі. Домбыраның құлақ күйін келтіру, оның қағыстарын меңгеруге назар аударылады. Аспаптың тарту техникасына көп көңіл бөлінеді. Үйірмеде топтық, жұптық және жеке оқушылармен жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, халық күйлері үйретіледі.
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектепте аптасына 2 рет домбыра үйірмесі жүргізілді. Оған 18 оқушы қатысты. Олардың көпшілігі — қолына домбыра енді ұстап үйреніп келе жатқан бүлдіршіндер. Ішінде өзге ұлттың өкілі, 3-сынып оқушысы Михаил Бойков та бар.
— Михаил басқа балалар секілді 3 шағын шығарма ойнауды үйренді. Оқушылардың осындай ұлттық өнерге деген ынталары, қызығушылықтары ұлтымыздың асыл қазынасын әрі қарай дамытып, өнерімізді биіктен көрсете береді деген сенімдемін, — дейді Д.Рахметова.
Сондай-ақ, ұлттық домбыра күні қарсаңында Павлодар қаласының экологиялық бағыттағы №36 орта мектебінің мектеп жанындағы лагерінде домбыра күніне арналған мереке өтті. Шараға 174 бастауыш сынып оқушысы қатысты.
— Ұлттық домбыра аспабы мерекесі 2018 жылдан бастап шілденің бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Домбырасыз қазақ мәдениеті мен өнерін елестету мүмкін емес. Күйлерде халықтың оқиғалары, жағдайы мен көңіл-күйі беріледі, — дейді мектеп жанындағы лагерь басшысы Наталья Кашина.
Мереке аясында қатысушыларға «Домбыра — халықтың жаны» атты кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеден оқушылар аспаптың жасалу тарихы туралы біліп, танымал күйшілер Жаяу Мұса, Дәулеткерей, Ағашаяқпен танысты.