Photo Valeriy BUGAYEV

Аймақ басшысының тұрғындармен кездесуі жалғасуда. Кезекті жүздесу Успен ауданының Тимирязев ауылында өтті. Аудан халқы облыс әкіміне толғандырған сұрақтарын қойып, талап-тілектерін білдірді. Әлбетте, көпшіліктің қалауы ауылда жайлы өмір сүруге жағдай жасауға қатысты болды.

Ауданға – алып бассейн

Кездесуге дейін облыс әкімі Асайын Байхановқа аудан басшылығы 2025 жылға жоспарланған ауқымды жобаларды таныстырды. Ауданда бүгінде тұрғындарды таза ауызсумен қамту көрсеткіші 97 пайызға жеткен. Енді халқы 150 адамнан кем төрт ауылға жаңадан кешенді блок-модуль орнатылса, аудан халқының таза ауызсуға қолжетімділігі 100 пайыз болмақ. Бұл КБМ қоюға қажетті қаражат облыс қазынасынан бөлінбек. Ауылдардың кіреберіс жолдары толық асфальт-талыпты. Биыл Ковалевка мен Қаратай ауылының ішкі көшелері жолдары жөнделген. Алдағы жылы Қызылағаш, Қозыкеткен, Тобылжан елді мекендерінде ауылішілік жолдар жөнделмек. Бұл мәселелерді халық билікпен кездесуде жиі көтерген көрінеді. Келесі жылы ауданның үш мектебіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Соның бірі – аудандағы ең үлкен, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп. Мұнда 386 бала екі ауысыммен білім алуда. Екіншісі -аудан орталығындағы М.Жұмабаев атындағы мектепте жылуға қатысты күрмеулі мәселелер бар. Ендігі жылы жөндеу кезінде дәл осы жылыту жүйесі жөнделіп, ғимаратты жылылау мақсатында қаптау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Ковалевка ауылдық мектебі жөнделеді. Аймақ басшысы аудан билігіне бөлінетін қаражатты уақытылы игеріп, жөндеу жұмыстарының сапалы жасалуын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, аудан әкімі Нұрболат Мақашевтің мәлімдеуінше, Успен ауылында 598 млн теңгеге бассейн бой көтереді. Екі жылдық жобаның бірінші жылына 297 млн теңге қарастырылыпты. Ұзындығы 25 метр, ені 7 метр болатын алып бассейн олимпиадалық талаптарға сай келетін көрінеді.

— Екі жылдық жоба деп, оны созудың қажеті жоқ деп санаймын. Егер мердігер бір жылда бітіре алса, қосымша қаражатты бөлуге дайынбыз. Жалпы, облыс бойынша мұндай бассейн Ертіс пен Май аудандарының орталықтарында салынады. Болашақта әрбір аудан орталығында бой көтереді. Бұл жобаның басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамта-масыз ету, спорттың осы түріне баулу және әрбір жеткіншекке жүзуді үйрету, — деді облыс әкімі А.Байханов.

Байланыс бар

Жұртшылықпен кездесуде аймақ басшысы алдымен ауданның басым бағыттарына тоқталды. Шекарадағы ауданның даму әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Әсіресе, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Аудан облыста егіншілік бойынша екінші орында, ал ет өндірісі мен дәнді дақылдардың жиналған көлемі жағынан үздік үштікке кіреді. Бұл ретте «Галицкое» ЖШС-ін айрықша атады. Себебі, бүгінде серіктестік 400-ге жуық азаматты еңбекпен қамтып отыр. Ауданда тартылған 4,8 млрд инвестицияның 1,7 млрд теңгесі — дәл осы шаруашылыққа тиесілі. Мұнда 553 гектар суармалы алқап қолға алынды.

Облыс әкімі ауданда таза ауызсумен қамту, жол жөндеу, интернет байланысы бойынша көрсеткіштерге де тоқталды. Бүгінде ауданда барлық ауылда интернет байланысы бар. Жуырда Тобылжан ауылына Теле2 операторы 4G-ді қосып, байланыс сапасын жақсартпақ. Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. 5 ауылда медициналық пункт салынды. Барлық елді мекендер жедел жәрдем көлігімен қамтылған. Оның жетеуі былтыр жаңартылыпты. Аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Кезекте тұрған азаматтарға 15 пәтер сатып алынады. Аймақ басшысы аудан билігіне кілттерді уақытылы асыға күтіп жүрген жандарға табыстауды жүктеді.

Музыка мектебіне тыныштық керек

Есептен кейін көпшілік сұрақ-жауапқа көшті. Еркін пікір алмасу алаңына айналды. Мәселен, Әсем Темірболатқызы Ковалевка ауылының мәдениет үйіне жөндеу жүргізуді сұрады. Жобалық құжаттары дайын көрінеді.

— Қызылағаш пен Ковалевка ауылдық мәдениет үйлері жөндеуді қажет етеді. Бірақ, қаржы тек біреуіне беріледі. Сондықтан, құзырлы органдар жергілікті билікпен бірлесіп, бір тоқтамға келіп, бюджеттік өтінім өткізсін. Бюджетті нақтылау кезінде қарастырамыз. Бюджеттік мүмкіндікке қараймыз, — деді аймақ басшысы.

Қозыкеткен ауылынан келген Ислам Рысмағамбетов Қоңырөзек-Рождественка жолы жөнделсе деген өтініш білдірді. Сондай-ақ, мұндағы теміржол өткелі жеңіл көліктердің өтуіне қиындық тудыратын көрінеді. Облыс әкімі бұл аралықтың бір бөлігі Павлодар ауданына, екіншісі Успенге қарайтынын, толық жоба жасалса, жүзеге асыруға болатынын мәлім етті. Тек 2025 жылға енбейтінін кесіп айтты. Мүмкіндікке қарай тұрғынның өтініші 2026 жылы іске аспақ.

Ал аудан орталығындағы музыка мектебінің директоры жеке ғимарат қарастыруды сұрады. 5 жыл бұрын ашылған мектепте бүгінде 76 бала музыкалық білім алуда. Олар «Балдырған» орталығынан бөлінген 5 кабинетте тар әрі жайсыз орында оқуға мәжбүр. Директордың айтуынша, гипс картонмен бөлінген бөлмелерде шудан шығармашылықпен айналысу, балаларға үйрету өте қиын. Келуге ниетті балалар саны да артқан. Ал орынның аздығы балғындарды қабылдауға мұрша бермейді. Сондықтан, «Балдырған» орталығына қарама-қарсы тұрған бұрынғы сауда орталығының ғимаратын жөндеп беруді өтінді. Аймақ басшысы мұндай мектепті қолдау қажеттігін атады. Тек оны шешу жолдарын қарастыру қажет. Ғимаратты алу үшін оны тиісті тексеруден өткізу керек. Аудан басшылығы мен білім беру басқармасына мәселені шешу жолдарын бірлесіп қарастыруды тапсырды.

— Музыкалық мектеп ашу ауылдың мәдениет үйлерін жөндеуден де маңыздырақ. Себебі, алғашқысында балалар жыл бойы білім алса, Мәдениет үйлері он шақты мерекеде ғана белсенділік танытады, — деді облыс әкімі.

Көшеге де кезек келеді

Тобылжан тұрғындары ауыл мектебінің жөндеуден өткізілгенін қалайды. Жобалық-сметалық құжаттары дайын. Облыс әкімі 2026 жылға енгізу мүмкіндігі барын атап өтті. Осы ретте, аймақ басшысы мектепті жөндеу жобаларын бюджетті нақтылауда қарастыруға түбегейлі қарсы екенін жасырмады. Себебі, нақтылаудан кейін мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу, нысанды жаңа оқу жылына дейін жөндеп бітіру мүмкін емес. Сондықтан, бюджетті бекіту кезінде ғана қарастыру қажет, деді.

Қаратай ауылының тұрғыны Әбдіман Мұратбек алдымен елді мекенде атқарылған игі істерге алғысын білдіріп, кейін тағы бір бұйымтайын білдірді. Айтуынша, ауылдың кіреберіс жолы жөнделіп, су құбыры тартылған. Ауылішілік үш көшеге тас жол төселген. Ақсақал енді мектепке апаратын 400 метрлік жолға қаражат бөлуді сұрады.

— Жайлылық жасалған сайын талап та өсе береді. Бұл – заңды құбылыс. Мен облыс әкімі болып келгенде аймақта 352 ауылдың 172-сінде кіреберіс жолы жоқ еді. Аз уақытта оның 100-ін жөндедік. Енді 70-і қалды. Ауылдардың кіреберіс жолдары мен елді мекендердегі әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарға басымдық береміз. Ал шағын көшелер — келесі кезекте. Қазына қаржысы сарқылмас бұлақ емес. Шегі, шеті бар. Біздің басты мақсат – қаражатты аудандар арасында әділ бөлу. Облыстың кейбір ауылдарында әлі кіреберіс жолдар жөнделген жоқ. Сондықтан, өзге де жерлестеріңіздің жайын ойлау керек. Қаратай ауылында 90 млн теңгеге 3 көше асфальт-талды, — деді Асайын Қуандықұлы.

Бұл ретте, аймақ басшысы, тіпті, ауыл түгілі, үш қаланың жеке үйлер секторында әлі де жөндеу көрмеген көшелер аз еместігін еске салды. Жалпы, Успен ауданында жолдардың 93 пайызы — нормативтік жағдайда. Биыл аудандық маңыздағы 36 шақырым жол жөнделді. 7 шақырымдай ауылдық кіреберіс жол мен 114 шақырым ауылішілік жол жөндеуді қажет етеді.

Ауылдың ертеңі — бірлікте

Аудандық ардагерлер кеңе-сінің өкілі Қоңырөзек ауылына фельдшерлік-акушерлік пункт салу қажеттілігін алға тартты. Себебі, қазіргі таңда мектептің бір бөлігін жалдап отыр. 4 елді мекенге қызмет көрсететін медициналық мекеме жеке ғимаратқа мұқтаж. 500 адам тіркелген. Нысанның құжаты дайын, мемлекеттік сараптамасы да алынған. Аймақ басшысы өтінім білдірсе, 2025 жылға кіргізу мүмкіндігі қарастырылатынын мәлім етті.

Ал Успен ауданының белгілі кәсіпкері Анатолий Касицын жерлестерін биліктен ғана сұрай бермей, өздеріне де әрекет етуге шақырды.

— Ауыл үшін көп дүние жасалуда. Бір кездері бизнеске көмек көптеп көрсетілді. Кәсіпкерлік көркейе келе ауылға қол ұшын береді деген үміт болды. Бірақ, іс жүзінде олай болмады. Енді билік ауылдарды тікелей дамытуға ден қойды. Нәтижесі көрініп жатыр. Енді біз, тұрғындар да тырысып, үлес қосуға кірісуіміз керек. Мектеп жөнделді ме, мұғалімдер үлгерімді ілгерілетуге ұмтылуы тиіс. Осылайша, әр салада алғабасушылық болуы керек, — деді белсенді азамат.

Жалпы, аймақ басшысы ауылдарды көркейту ел болашағы үшін маңызды екеніне тоқталды. Бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі екенін еске салды. Сондықтан, ауыл мен қаланың арасындағы даму алшақтығы теңестірілмесе де, азайтуға күш салынады, деді.

Кездесуден кейін тұрғындарды салалық басқарма басшылары жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — В.Бугаев.

Успен ауданы.