Соңғы кезде қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы артып келеді. Кей тұрғындар азын-аулақ ақшасын депозитте сақтаудың маңыздылығын түсіне бастады. Әсіресе, баспана алуды қалайтындар тиыннан теңге құрау үшін түрлі банктің депозиттік шоттарын пайдаланады. Бұл ретте артық ақшаны төл теңгемен сақтаған дұрыс па, әлде шетелдік валютаға айырбастаған жөн бе? Осы мәселені саралап көрген едік.
Бағамның өзгеруі әсер етті ме?
Иә, бүгінде қарызсыз адам жоқ дерсіз. Тұрғындардың басым бөлігі ипотекаға, тауарлық және қаржылай несиеге, тіпті бөліп төлеу арқылы қайтарылатын қаржыға байлаулы. Дей тұрғанмен, кей адамдар ақша жинаудың қадірін түсініп, 5-10 мың теңге болса да депозитте сақтауға көшкендей. Қаржы жинау мәдениеті қалыптаса бастағанын сандық деректер де айғақтайды.
Ұлттық банк мәліметтері бойынша, қазақстандықтардың депозитте жинаған ақшасы жыл басынан бері 2,3 трлн теңгеге өскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,1 пайызға артық. Бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктердегі депозиттерде халықтың 22,6 трлн теңгесі сақтаулы. Биылғы он айда жаңадан ашылған есепшоттардың саны 9,7 пайызға көбейгені де байқалады.
Алайда өткен айдағы қаржылай жағдайға байланысты кей тұрғындар қаржысын төл теңгемен емес, шетелдік валютамен сақтауды құп көрген сыңайлы. Естеріңізге сала кетейік, қарашада доллардың теңгеге шаққандағы бағамы күрт өсіп, кейбір валюта айырбастау пункттерінде 530 теңгеге дейін жеткен еді. Бүгінгі таңда нарықтағы жағдай сәл реттелді. Ұлттық банктің ресми баға бойынша 1 АҚШ доллары 522 теңгеге тең болғанымен, пункттердің басым бөлігінде 526-528 теңгеге саудаланып жатыр. Бағамның бұлай құбылуы қаржы жинаушы ағайынның ойлануына себеп болды. Сөйтіп, валюталық депозиттердің саны өзгерді. Айталық, тек бір айдың ішінде долларда сақталған депозиттердің жалпы көлемі 8 трлн теңгеден 8,8 трлн теңгеге дейін жетті. Ал теңгедегі депозит көлемі керісінше сәл-пәл азайды. Қараша айына дейін тұрғындар төл валютада 29,8 трлн теңгесін сақтаса, өткен айдың соңындағы сома 29,7 трлн теңгені құрады. Бұған дейін, яғни жыл басынан бері, теңгедегі депозит көлемі тек өсім көрсетіп келе жатқан еді. Осыдан-ақ қарашадағы бағамның өзгеруі депозиттердегі сомаға да әсер еткенін аңғару қиын емес. Жалпы алғанда, өткен айда депозит көлемі 38,6 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте жеке тұлғалардың да, заңды тұлғалардың да салымы 1,7-2 пайызға өсті.
Қай валюта тиімді?
Жоғарыда тұрғындардың қаржы жинау мәдениеті қалыптасып жатқанын тілге тиек еттік. Тіпті, студент, магистранттардың өзі мақсаттарын орындап, жоспарына жету үшін қазірден-ақ тірнектеп ақша жинауға көшкендей. Мәселен, Торайғыров университетінің магистранты Мадина Рүстемова күнделікті қызыққа ақша шашудың орнына алдағы межеге жинаған әлдеқайда дұрыс деп есептейді.
— Бүгінде мен магистратураның екінші курсында оқимын әрі негізгі мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Сабағым әдетте кешкі уақытта болатындықтан, толық жұмыс күнінде еңбек етуге үлгеремін. Алдағы уақытта ағылшын, кәріс тілдерін меңгеріп, шетелге шығып, саяхаттауды қалаймын. Осы мақсатқа жетуім үшін өткен жылы депозит ашқан едім. Оның бірі – теңгеде, екіншісі долларда сақтаулы. Жалақымды күнделікті керек-жарағыма жұмсап, шәкіртақымды теңдей бөліп екі депозитке саламын. Әрине, пайыздық мөлшерлемемен қарайтын болсақ, теңгелік депозит тиімді. Оған жылына 15 пайыздық мөлшерлеме беріледі. Ал долларлық депозитте тек 1 пайыздық өсім бар. Бірақ шетелдік валюта қалай болған күннің өзінде құнын жоғалтпайды деп ойлаймын. Бұл тұрғыдан алғанда банктер клиенттерге қолайлы жағдай қарастырып қойған. Шәкіртақымды банкоматтан шешіп, оны валюта пунктінде айырбастап, әуре-сарсаңға түспеймін. Теңгемен қалаған соманы аударған кезде бірден доллар бағамына сай есептеледі. Келесі жылы магистрлік жобамды қорғаған соң долларлық депозиттегі қаржыны пайдаланып, шетелде демалуды қалаймын. Ал теңгелік депозитті тіл курсына жұмсамақ ойым бар, — дейді ол.
Иә, әр депозиттің өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар. Теңгеден ашылған шоттың басым тұсы – пайыздық мөлшерлемесі. Ол ашылған мерзіміне әрі депозиттің түріне қарай әр түрлі болады. Мәселен, 1-6 айға ашылған депозитке орта есеппен жылдық 17,3 пайыз сыйақы түседі. 6-12 ай аралығында ашылған депозиттердің орташа пайыздық сыйақысы – 15,9 пайызды құрайды.
Халық арасында теңгедегі мерзімсіз депозиттер сұранысқа ие. Олардың нарықтағы үлесі – 45,9 пайыз. Мұндай депозиттердегі қаржыны кез келген уақытта шешіп ала аласыз. Қалаған уақытыңызда, артық ақша болған жағдайда, үстінен қосымша қаржы салуға да болады. Мұндай депозиттердің жылдық сыйақы мөлшерлемесі шамамен 14 пайызды құрайды.
Бұл ретте Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында 20 миллион теңгеге дейінгі сомаға сақтандырылғанын да атап өткен жөн. Яғни, қаржы жинап жүрген банкке қатысты қандай да бір мәселелер туындап, ол жабылған күннің өзінде ақшаңыз «күйіп» кетпейді. Өйткені, теңгелік депозиттер қор тарапынан сақтандырылған.
Бұл тұрғыдан алғанда долларлық депозиттер теңгелік жинаққа «ұтылады». Себебі олардың пайыздық мөлшерлемесі төмен. Жылына небары 1 пайыз көлемінде сыйақы қарастырылған. Сондай-ақ, депозиттегі қомақты қаржының сақталуына қор тарапынан кепілдік берілмейді.
Бірақ теңгелік салымдардың да олқы тұстары бар. Атап айтқанда, депозиттердің мөлшерлемесі жоғары болғанымен, елдегі инфляция оны уақыт өте келе «жеп» қоюы мүмкін. Әсіресе, ұзақмерзімді депозиттерде мұндай тәуекел жоғары. Сонымен қатар, теңгемен салынған жинақты шетел валютасындағы тауарларды сатып алу үшін пайдалануды жоспарласаңыз, теңгемен сақтау ұлттық валютаның әлсіреуіне байланысты қауіпті болуы мүмкін. Ұзақ мерзімді депозиттер сомасын ерте шешіп алу мүмкіндігі қарастырылмағанын ескерсек, шұғыл шаруа-ларға қажет болған жағдайда ала алмай қалуыңыз ықтимал. Сондықтан депозиттік шот ашпас бұрын жан-жақты ойланған жөн.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының жетекші сарапшысы Зарина Скрипченко доллар бағамы қалай өссе де, қаражатты теңгемен сақтау тиімді болады дегенді алға тартады. Себебі ұлттық валютадағы мерзімді депозиттердің мөлшерлемесі анағұрлым жоғары. Ал долларлық депозиттер тұрақты валюта бағамына байланысты қолайлы болып көрінгеніне қарамастан, депозиттік нарықтағы долларландыру деңгейі біртіндеп төмендеп отыр. Мысалы, 2024 жылғы 1 қарашада халықтың шетел валютасындағы салымдарының үлесі 23 пайыз болды. Бір жыл бұрын бұл үлес 28 пайызды көрсеткен еді.
— Қаржыны долларлық депозиттерде сақтайтын болсақ, ол үшін жылына небары 1 пайыздық сыйақы алу тиімсіз. Бұл экономикалық тұрғыдан да орынсыз. Өйткені, АҚШ-тағы инфляция долларлық депозиттердің кірістілігінен үш есе жоғары, – дейді сарапшы.
Байқағанымыздай, теңгелік депозит шетелдік валютадағы салымнан анағұрлым тиімді. Пайыздық мөлшерлемесі жоғары әрі кепілдігі бар. Сондықтан артық ақшаңызды жинақ шотына аударып, еселеуді қалайтын азаматтар осы тетіктерді негізге алғаны дұрыс. Доллар бағамы күрт өскен кезде валюталық депозит ашқанмен, сыйақы алу кезінде ұтылуыңыз мүмкін.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.