Тәуелсіз ел үшін ең маңыздысы — қауіпсіздік. Әлемдік аренада мемлекеттердің мықтылығы әскери күшпен өлшенетіні белгілі. Өкінішке қарай, отандық қауіпсіздік мәселесіне енжарлық танытып, әскерге барудан бас тартып, шақыру қағазын елемей жүрген ерлер бар. Биыл көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде 20 мыңға жуық бозбала Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартқан. Алаңдатарлық статистика.
Қазақстанда 18-27 жас аралы-ғындағы азамат әскерге баруға міндетті. Бастысы — денсаулығы мықты болуы керек. Республика бойынша осы жас шамасындағы 700 мыңнан астам адам есепте тұр. Ағымдағы жылы Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар және Мемлекеттік күзет қызметі құрылымдары қатарын тек 40 мың жаспен толықтыру жоспарланған.
Қазір елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, қабылдау шарасы желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Әскер қатарына қосылуға бар болғаны 2-3 апта ғана қалды. Жауапты мамандар жоспарды орындай алса игі. Өйткені әскери билетке қызықпайтындардың қатары жыл сайын артып келеді. Көпшілігі сол жердегі жағдайдан үрейленеді. БАҚ беттерінде жарияланған сарбаздар туралы жайсыз хабарлар ата-аналарды да үркітіп қойғаны рас.
Ғаламтордағы мына бір статистика көңілге біткен жараның бетін тырнап тұр. Елімізде соңғы3 жылда 270 әскери қызметші қаза болған. Ал Бас әскери прокуратура кейінгі 4 жыл ішінде әскерде 90-ға жуық суицид фактісі тіркелгенін мәлімдеген болатын. Әскерде әлімжеттік бары да расталған еді. Қазан айының соңында Жетісу облысы Сарыөзек ауылындағы 29108 әскери бөлімінде 19 жастағы сарбазды ұрып-соғып, өліміне себеп болған лейтенант «Билікті асыра пайдалану» бабымен 7 жылға сотталды. Қонаев қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскерге сау кеткен Алмас Шахимов пен Арсен Ишанов ажал құшты. Төсекке таңылған Ербаян Мұхтардың да оқиғасы ел есінде. Өкініштісі, оларды әскерге көшеден ұстап әкеткен.
Жалпы, осы тақырыпта мемлекет тарапынан жастарды әскерге үгіттеу, жігерлендіру шаралары жоқ деуге негіз бар. Бұл мәселе төңірегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан баяндама жасаған болатын. Ол әріптестерімен бірлесе еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірлегенін жеткізді.
— Заң жобасы «Әскери қызмет туралы» заңын «әскери-патриоттық тәрбие», «әскери-патриоттық тәрбие жүйесі» терминдерінің мазмұнын заңнамалық тұрғыдан айқындайтын жаңа баппен толықтырады. Сонымен қатар, осы норма республикалық және өңірлік деңгейлерде әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құруды көздейді. Кеңес әскери-патриоттық тәрбиені дамыту бойынша ұсыныстар әзірлейді, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіреді, жастардың бойында Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру үшін көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, баспа өнімдерін шығару, телеарналарда әскерлер туралы циклды хабарлар жүргізу және әлеуметтік желілерде шынайы ақпарат беруге атсалысады, — деді А.Құспан.
Күзгі әскери шақыру науқаны аймағымызда қалай жүргізілуде? Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Алмасбек Бұхарбаев науқан жоспарға сәйкес жүргізілуде екенін айтты.
— Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру ҚР Президентінің «Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерін запасқа шығару және ҚР-ның азаматтарын кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығына және облыс әкімінің «Павлодар облысы бойынша азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды өткізу шаралары туралы» қаулысына сәйкес ұйымдастырылуда. Биыл әскерге 631 адам жіберіледі. Бұл ретте ҚР Қарулы Күштерге 318 адам, Шекара қызметіне 55 адам, Төтенше жағдайлар министрлігіне 20 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне 8 адам жіберілді. Ал Ұлттық Ұланға барлығы 230 адам жіберілуі тиіс. Қазіргі уақытта 63 адам қатарға қосылды. 31 желтоқсанға дейін тағы 167 адам ұландықтардың қатарын толықтыратын болады, — дейді А.Бұхарбаев.
Алмасбек Асылбекұлы заңда көрсетілген себептерсіз ешкім әскерден бас тарта алмайтынын жеткізді. Айтуынша, азаматтар отбасы, білім жағдайына байланысты әскерден босатылады. Ал Отан алдындағы борышты өтеу заң жүзінде кейінге шегерілмесе, бәрі әскерге баруға міндетті.
Жоғарыда мемлекет тарапынан жастарды әскерге үгіттеу, жігерлендіру шаралары қолға алынбағанын айтқан едік. Осы орайда, аймағымызда «JEBE» қоғамдық бірлестігі жастарды әскер қатарына шақыруда ерекше жобаны бастады. Аз уақыттың ішінде әлеуметтік желіде тараған видеолар көпшілік тарапынан зор қолдауға ие болған.
— Өкінішке қарай, елімізде әскердің бет-беделі жыл сайын төмендеп барады. Әскерден қашқан азаматтардың қатары артуда. Оған әскер сапында орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар себеп. Бірақ бұл жағдай қазақ әскерінің имиджіне кері әсерін тигізбеуі керек. Себебі әскер – елдің қорғаны. Әскердің өмірін шынайы көрсету, әскери қызметті насихаттау мақсатында «Қазақ қорғаны» жобасын қолға алдық. Жоба әлеуметтік желінің әлеуетін пайдаланады. «Instagram», «Tik tok», «Youtube», «Facebook» платформалары арқылы жүзеге асуда. Әлеу-меттік парақшаларда қазақ әскерінің жай-күйі, сарбаздардың өмірі, әскердің мән-маңызы түсіндіріледі. Жоба енді басталса да, ҚР Қорғаныс министрлігі, әскери құрылымдар тарапынан назар ауып, көңілден шығуда, — дейді «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділов.
Иә, төрткіл дүниедегі қақтығыстар елдегі Қарулы күштер жасағының кез келген сәтте сақадай сай тұруын талап етеді. Ол үшін Отан алдындағы борышын өтеуге асық азаматтардың қатары көп болуы тиіс. Олардың санын көбейту жүйелі жұмыстарды жүргізуді талап етеді.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.