Шарбақты ауданында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысып, тұрақты жұмысқа орналасып, баспанамен қамтылған жас көп. Жергілікті билік ауылға келген жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсетуде.
Дарья Куприна — Шарбақты ауданының тумасы. Ресей Федерациясында медицина саласында білім алып, алғашқы еңбек жолын туған ауылынан бастаған.
— Медициналық колледжді тәмамдап, Отаныма оралғым келді. Оқып жүрген кезімде аудандық ауруханада тәжірибеден өткен едім. Дипломымды қолыма алған соң ауылымда еңбек еткім келді. Қазір емдеу мекемесінде терапия бөлімінде медбике болып жұмыс істеймін, — дейді жас маман.
Шарбақты ауданына соңғы жылдары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 6 дәрігер мен медбике қызметке орналасқанын атап өту керек. Барлығы да мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланған. Дарья Куприна туған жерінде 2 жыл көлемінде еңбек етіп келеді. Ол мемлекеттен берілген 9 млн 230 мың теңге көлеміндегі пайызсыз несиеге ауылдан үй сатып алған. Қазір ай сайын 52 мың теңге көле-мінде төлейді.
— Ауылда жұмыс істеп жатқаныма қуанамын. Баспанам бар. Мемлекеттен алған соманы ешбір пайызсыз қайтарамын. Жастарға бұдан артық қандай қолдау керек? Келесі жылы диплом алатын студенттерді ауылға шақырамын, — дейді Д.Куприна.
Туған ауылына оралған жас маманның бірі — Нахзима Тамарғалиева. Қалада бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылға келген. Бағдарламаға берген өтініші 4 айдың ішінде қабылданған. Бүгінде мектепте фото-видео студиясына жетекшілік етеді.
— Туған ауылыма оралып, баспаналы болдым. Өз үйіме кіргеніме 2 айдан асты. Оқушылармен түрлі видеоролик түсіріп, бейнемонтаж жасауды үйренеміз. Тимбилдинг ұйымдастырамыз. Балаларға әр сабақты қызықты өткізуге тырысамын, — дейді мұғалім.
Қызықты курсқа 5-10-сынып аралығында 20 оқушы қатысады екен. Өзге өңірден қоныс аударып, ауылда кәсіп дөңгелетіп отырған жас отбасылар да бар. Бақытберген мен Балнұр Дүйсеновтер үйленгеннен кейін 2023 жылы Түркістан облысынан «Көші-қон» бағдарламасы арқылы көшіп келген. Отау құрған жылдары келіншегі екеуі мейрамханада жұмыс істеген.
— Шарбақты ауылына бізден бұрын көшіп келген танысымыз «Көші-қон» бағдарламасының мүмкіндіктерін түсіндіріп, баспана берілетінін айтты. Жұбайым екеуіміз ақылдасып, қоныс аударуға шешім қабылдадық. «Бизнес-Бастау» курсынан өтіп, сертификатқа ие болдық. 2024 жылы мемлекет тарапынан 1,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант алдық. Қазір дәмханада еңбек етудеміз. 4 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жеткізу қызметі де бар. Тұтынушыларымыз күн сайын артып келеді, — дейді Б.Дүйсенов.
Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов ауданға білім беру саласына — 10, денсаулық сақтау саласына 12 жас маман келгенін айтады. Тағы 6 адам басқа құрылымдардағы бос жұмыс орнына орналасқан. Аудан басшысы жастарды, түлектерді, Оңтүстік өңірдің тұрғындарын ауылға шақыратындарын жеткізді. Оларды баспанамен, жұмыспен қамтуда барынша жағдай жасалады. Ауданға әлі де медицина және мемлекеттік қызмет саласына мамандар қажет.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.