Photo Valeriy BUGAYEV

Баянауылдың таңдай қақтырар тұмса табиғаты отандық туризмнің қайнар көзіне айналатындай негіз бар. Бүгінде таулы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші айтарлықтай артып, 10 айда инвестиция тарту бойынша көшбасшы аудан атанды. Жақында облыс әкімі аталмыш ауданға арнайы жұмыс сапарымен барып, Жаңатілек ауылының тұрғындарымен кездесті.

Өндіріс көлемі артпақ

Алдымен аймақ басшысы Асайын Байханов «Майкөбен-Вест» АҚ қарасты кен орнына ат басын бұрып, көмір өндіруші компанияның қызметімен танысты. Аталмыш кәсіпорынның инвестициялық жоба-жоспарларымен бөліскен разрез басшысы Нұрлан Ахметбаевтың айтуынша, 2025 жылы компания 4,5 миллион тонна көмір өндіруді жоспарлап отыр. Оның 501,8 мың тоннасы Павлодар облысына тиесілі.

— Бүгінгі таңда кәсіпорында жылына төрт миллион тоннадан астам көмірдің жобалық қуаты игеріледі. Жыл сайын компания көмір өнімдерінің шамамен 60 пайызын импортқа жөнелтеді. Бұл – үздік көрсеткіш. Импорттаушылар арасында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және тіпті, Еуропа елдері бар. Қазіргі уақытта кәсіпорында мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Нақтылап айтсақ, 935 адам. Орташа жалақы шамамен 342 мың теңгені құрайды. Жыл сайын компания көмір өнімдерін арттырып, техникалық базаны жаңартуға көп көңіл бөледі. Мәселен, келесі жылы өнімділігі сағатына 700 тоннаны құрайтын ұсақтау-сұрыптау-тиеу кешенін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл көмірді жақсы електен өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2025 жылы жаңа экскаватор мен жеті жаңа автосамосвал пайда болады, — деді кәсіпорын басшысы.

Бұл ретте облыс әкімі қазіргі уақытта Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында газдандыру жүріп жатқанын айтып, «қара алтынға» импорттаушылардың сұранысын арттыру қажет екенін еске салды. Сондай-ақ, ол аймақтағы, әсіресе ауылдық жерлерде жұмыс істейтін кәсіпорындардың жергілікті тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ете отырып, өндірісін дамытуы өте маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте өңір басшысы компания жекекшілеріне көмір тасымалдайтын жүк көлігі үшін жеке техникалық жол құрылысын пысықтауды тапсырды. Себебі олардың қызметі инфрақұрылымға зиян келтірмеуге және халықтың өмір сүру сапасын төмендетпеуге тиіс.

— Біз жыл сайын облыс аудандарының ауылдық жолдарын жөндейміз, бұрын-соңды асфальт-бетон төсемі мүлдем болмаған жерлерге жолдар салудамыз. Бұл маңызды жобалар және бұған бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінеді, бірақ, олар біздің ауылдарымыздың болашағы үшін, оның тұрғындары үшін қажет. Өкінішке орай, мұндай жолдардың бір бөлігін ауыр жүк көліктері бұзып жатыр. Сондықтан, ауданда бұған жол бермеу үшін кәсіпорынның қажеттіліктері үшін қосымша жол салу қажет, — деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш көмір кен орны 1987 жылдан бері игеріліп келеді. Бүгінгі күні мұндағы көмір қоры 1,2 миллиард тоннаны құрайды.

Инфрақұрылым «иірімі»

Бұдан соң облыс әкімінің жұмыс сапары Жаңатілек ауылында жалғасты. Аймақ басшысы аталған елді мекенге апаратын аудандық маңызы бар «Қарашат-Жаңа Жайма» автожолының реконструкциядан өткен 1,7 шақырым учаскесінің сапасын тексерді. Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың сөзінше, биыл төселген тас жол, көктемде келетін су тасқыны мәселесін де шешуге өз септігін тигізеді. Ал келесі жылы мұнда ұзындығы 4,6 шақырымды құрайтын 6 көше жолы асфальтталып, 233 жарық шамы орнатылады. Бастама «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында іске асады.

— Жаңатілек ауылы келер жылы ажарлана түседі. Мұнда ауыл бұқарасы үшін сомасы 398 млн теңгенің денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Құрылысы жүргізілетін жері анықталды. Тиісті құжаттар да әзір. Сондай-ақ, 2025 жылы лиманды суару жүйесі Жаңажол, Жаңатілек, Ұзынбұлақ, Сәтбаев ауылдарында іске қосылады. Лиманды суару жүйесін қайта құру, бұл — құрғақшылық кезде суды сақтап қана қоймай, ауылдарды су басу қаупін де азайтады, — деді ол.

Айта кетейік, мыңға жуық тұрғыны бар Жаңатілек — алкогольді ішімдік сатудан бас тартқан әзірге облыстағы жалғыз ауыл. Бүгінгі таңда еңселі елдімекеннің тынысы кеңейіп, ілкімді жобалар іске асуда. Бұқарамен кездескен облыс әкімі биыл ауданда, оның ішінде аталмыш ауылда қандай жұмыстар атқарылғанын атап өтіп, келесі жылдың жоба-жоспарларымен бөлісті.

— Аймақ әлеуметтік-экономикалық даму үстінде. Биыл бірқатар маңызды шаралар қабылданып, аудан
10 айда инвестиция тарту бойынша көшбасшылардың қатарынан табылды. Нақтылап айтсақ, 20 млрд теңгеден астам қаражатқа инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Бүгінде ауданда мал, ауыл шаруашылығын дамытуда ілгерілеу бар. Жол қадірін жүрген білер демекші, ағымдағы жылы Құндыкөл, Мұса Шорман, Бірлік, Ұзынбұлақ ауылдарының және Майқайың кентінің 28,2 шақырым жолдары жөндеуден өтті. Ал келер жылы бұл жұмыстар Жасыбай, Шөптікөл, Сұлужон ауылдарында жалғасады. Сондай-ақ, 2025-2027 жылдары «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 28 елді мекенде арнайы байланыс желісін салу жоспарлануда. 2025 жылы мұндай жұмыс 12 ауылда жүргізіледі. Атап айтсақ, Жүсіпбек Аймауытов, Торайғыр, Ұзынбұлақ, Шонай, Октябрь, Мәшһүр Жүсіп, Қаратомар, Лекер, Майкөбе, Үшқұлын, Ақши, Сұлужон елді мекендерінде. Сондай-ақ, келесі жылы Майкөбе, Александровка және Мұса Шорман ауылдарында ұялы байланыс мұнаралары орнатылады, —
деді облыс әкімі.

Келелі кездесуде өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы айтарлықтай жоғары деңгейде екенін атап өтіп, ажарлы аймақтың отандық туризімді дамытуға барлық мүмкіндігі бар екенін еске салды. Айтуынша, туристік әлеуетті дамыту үшін жыл сайын ауданның инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілуде, кезең-кезеңімен кірме жолдар мен ауылішілік көшелер жөнделуде.

— Биыл аудандық маңызы бар Теңдік-Ұзынбұлақ, Қаражар-Жұмат Шанин, Қарашат-Жаңа Жайма жолдарына 38 шақырымнан астам жаңа асфальт төселді. Бұл мәселемен соңғы жылдары ауыл тұрғындары бірнеше мәрте жүгінген болатын. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. 2025 жылы Жасыбай көлінің және Майкөбе мен Шөптікөл ауылдарының кірме жолдарын асфальттау жоспарлануда. Бұдан бөлек, аудан орталығында бассейні бар үлкен спорт кешені салынуда. Бүгінгі таңда ондағы жұмыстар 75 пайызға аяқталды. Аталған нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін нығайту үшін ауданда биыл 3 медициналық пункт салынып, 4 бірлік санитарлық көлік сатып алынды. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша Бірлік ауылының жолдары жөнделіп, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіледі, ал, Құндыкөл ауылының көшелері жарықтандырылып, мектебі жөнделеді, — деп толықтырды ол.

Ономастика төңірегіндегі түйткіл

Кездесу барысында Жаңатілек ауылының ақсақалдарының бірі аталмыш елді мекенге қазақтың ақыны, композиторы Жаяу Мұсаның есімін беру туралы өтініш білдірді. Оның айтуынша, Жаңатілек ауылын халық арасында Жаяу Мұса ауылы деп атап кеткен. Ендігі кезекте тек осы атауды заңдастыру қажет. Өз кезегінде аймақ басшысы ауылдың атын өзгертуге байланысты пайымды ойын ортаға салып, жалпы ономастика төңірегіндегі түйткілді мәселелерге тоқталып өтті. Айтуынша, жер-су атауларына қатысты мұндай жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып, мұқият ойластырып шешу қажет. Бұл ретте аймақ басшысы жауапты сала өкілдеріне аталған мәселені құқықтық тәртіпте қарастыруды және қажетті құжаттарды әзірлеп, заңды рәсімдерді жүргізуді тапсырды.

Бұдан басқа, кездесуге келген азаматтар ауылдағы мектепке қосымша ғимарат салу қажет екенін айтып, оқу орнындағы кішкентай балаларға арналған шағын орталықтың ішін кеңейтуді сұрады. Жергілікті тұрғындар мектептен жеке орналасқан заманауи үлгідегі балабақша салынса екен деген тілектерін де білдірді. Айта кетейік, Жаңатілек ауылында 100-ден астам алты жасқа дейінгі балалар бар. Аймақ басшысы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына жобалауды қолға алуды тапсырып, 110 орындық балабақшаның жоба-
сын қарастыруды жүктеді.

– Мектепті көріп шықтым, 200-ге жуық оқушы бар екен. Ауылдан жастар да кетпеген, халық саны жақсы сақталып қалған. Мектепке қосымша ғимарат салатын болса, 2025 жылы жобалаймыз, 2026 жылы салуға болады. Ал егер бөлек ғимарат болса, жобалау мерзімі бір жарым жылға созылады және 2027 жылы салынуы мүмкін. Қаражат жағынан айырмашылығы жоқ. Тек жобалау мерзімі, келісімі, инфақұрылым көп уақыт алады, – деді А.Байханов.

Сонымен қатар, кездесуде ауыл тұрғындары ауызсу, жол, көше жарығына қатысты өз сауалдарын қойып, толымды жауаптарын алды. Облыс әкімі кездесу барысында көтерілген әрбір мәселені жіліктеп беріп, сала мамандарына жүктеді. Сондай-ақ, ауданда алдағы уақытта атқарылатын барлық жобалардың сапасы мен мерзіміне баса назар аудару қажет екенін еске салды.

А.МҰҚЫШЕВ, Баянауыл ауданы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.