Отшашу соңы опыну болмасын

Жел 26, 2024

Жаңа жылға дайындық қызу. Мереке қарсаңында бірі шыршаны безендіріп, жаңа жылдық ас мәзірін ойластырып қойса, енді бірі отшашулар мен бенгал шырақтарын алып қойғанды жөн көреді. Осы орайда, өңірлік төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері қала тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша үндеу жасады.

Жаңа жылдық шаралар кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері жергілікті полиция күштерімен бірлесіп, кешенді профилактикалық жұмыс жүргізеді.

Павлодар облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Оразбек Уәлиханов Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында атап өткендей, бүгінде Павлодар облысында пиротехниканың заңсыз саудасына қарсы күреске бағытталған рейдтер белсенді жүргізілуде. Заңнаманы бұзып, пиротехникалық бұйымдарды рұқсатсыз сатқаны үшін полиция қызметкерлері әкімшілік ықпал ету шараларын қолданады.

Қазіргі уақытта «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 196-бабына сәйкес тауарларды немесе өзге де заттарды заңсыз саудалағаны үшін 25 АЕК (ең төменгі есептік көрсеткіш) көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.

Отшашулар мен пиротехникалық өнімдер мерекенің сәнін келтіргенімен, абайлап қолданған жөн. Оларды дұрыс қолданбаса, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Сонымен қатар пиротехниканы сатып алғанда, алдымен өнімнің сертификатталғанын тексеріп, пайдалану жөніндегі нұсқаулықпен танысып, тауарды сақтау, сату мерзіміне және зақымдалмағанына назар аудару керек. Пиротехникалық бұйымдар өрт қауіпсіздігінің барлық нормаларына сай, ішкі істер органдарында тіркелген арнайы жабдықталған қоймаларда сақталуы тиіс. Ол өнімдер күн сәулесінен, жаңбырдан және қардан қорғалуы керек.

– Пиротехникалық бұйымдарды тек мамандандырылған дүкендерден сатып алу керек. Сатушылардан сапа сертификатын талап етіп, қазақ және орыс тілдерінде жасалған нұсқаулықтарды мұқият оқып шығу маңызды, – дейді Оразбек Уәлиханов.

С.ҒАББАС.