Есігімізден енді ғана енген жылан жылы әлеуметтік қорғау саласы үшін жағымды жаңалықтарға толы болмақ. Яғни, биыл еліміздегі бірқатар әлеуметтік төлемдердің көлемі артады деп күтілуде. Атап айтқанда, зейнетақы, жәрдемақылар өседі. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы жағдай жасалмақ. Сонымен, кім қанша алады?

АЕК көлемі артты

Ағымдағы жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі өсті. Бәрімізге мәлім, түрлі әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемақыларды нақты есептеу үшін айлық есептік көрсеткіш қолданылады. Былтыр АЕК мөлшері 3 692 теңге болса, биыл 1 қаңтардан бастап 3 932 теңгені құрамақ.

Алқалылардікі ұлғайды

Ағымдағы жылы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері мен бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі де ұлғайды. Олардың табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы берілуде. Оның мөлшеріне келер болсақ, биылдан бастап «Алтын алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегерлері – 29 097 теңге (2024 жылы – 27 321 теңге), ал «Күміс алқа» иегерлері – 25 165 теңге (2024 жылы – 23 629 теңге) алатын болады.

Көпбалалылардікі көбейді

Жылан жылы көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері де көбеймек. Отбасының табысына қарамастан төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар немесе ересек балалары (23 жасқа дейін) орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан көпбалалы шаңырақтарға мемлекеттен төленетін жәрдемақы көлемі ұлғайды. Нақтырақ айтқанда, осы жылы төрт балаға – 63 030 теңге (2024 жылы – 59 183 теңге), бес балаға – 78 798 теңге (2024 жылы – 73 988 теңге), алты балаға – 94 565 теңге (2024 жылы – 88 973 теңге), жеті балаға – 110 332 теңге (2024 жылы – 103 598 теңге), сегіз және одан көп баласы бар отбасыларындағы әр балаға 15 728 теңгеден (4 АЕК) қосылады деп күтілуде.

Талаптар өзгереді

Елімізде 2025 жылы әлеуметтік қызметкерлердің дағдылары мен құзыреттеріне қойылатын талаптар өзгерді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен «Әлеуметтік жұмыс» бағытындағы 10 кәсіпті қамтитын «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың басқа да кәсіптері» кәсіптік стандарты бекітілді. Бұған дейін бұл бағыт 4 кәсіптік стандартпен қамтылған болатын. Осы ретте, 4 кәсіп алғаш рет анықталып, Ұлттық қызмет жіктеушінің жобасына енгізілді. Оларға мыналар жатады: әлеуметтік көмекші, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардағы әлеуметтік қызметкердің ассистенті, әлеуметтік қызметкер кейс-менеджері, әлеуметтік жұмыс менеджері. Сондай-ақ, бұл құжатта кәсіби міндеттерді орындаудың бірқатар жаңа тәсілдері қарастырылған.

Осылайша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген жаңа кәсіби стандарт әлеуметтік сала мамандарының сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ететін болады.

Күнкөріс деңгейі көтерілді

Биыл базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 228 теңге болып белгі-ленді. Ал өткен жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгені құраған болатын. Алайда, осы жылы ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ. Яғни, бұрын-ғыдай 85 мың теңге болып қала бермек.

2025 жылғы әлеуметтік көрсеткіштер:

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 3 932 теңге;

*  *  *

Ең төменгі күнкөріс деңгейі — 46 228 теңге;

*  *  *

Ең төменгі зейнетақы мөлшері — 62 771 теңге;

*  *  *

Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері — 32 360 теңге;

*  *  *

Ең төменгі жалақы мөлшері — 85 000 теңге.

 

Мүгедектігі барларға — мүмкіндік!

2025 жылы мүгедектігі бар жандарға да жан-жақты қолдау жасалмақ. Айталық, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға ай сайын 74 428 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар, 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы көлемі де төмендегідей өсті:

I топ – 101 702 теңге;

II топ – 84 598 теңге;

III топ – 74 428 теңге.

Жалпы жәрдемақы мөлшері де артты. Яғни, I топ – 101 702 теңге (2024 жылы – 95 496 теңге), II топ – 81 362 теңге (2024 жылы – 76 397 теңге), III топ – 55 474 теңгені (2024 жылы – 52 089 теңге) құрайды.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың біріне, бала асырап алушыға, қамқоршыға ол 18 жасқа толғанға дейін тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі де 74 428 теңгеге өсті (2024 жылы – 69 886 теңге). Сондай-ақ, І топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасаушыға да дәл осындай сомада жәрдемақы төленеді.

Зейнетақы өсті

2025 жылдан бастап базалық зейнетақы көлемі еңбек өтіліне байланысты 6,5 пайызға өсті. Нәтижесінде, ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері – 32 360 теңгені, ең жоғарғысы 50 851 теңгені құрады.

Базалық және бірлескен төлемдерді ескере отырып, зейнетақының жалпы мөлшері де артты. Нақтырақ айтқанда, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 95 131 теңге, ең жоғары мөлшері 213 046 теңге болып белгіленді. Осы жылы зейнет жасы ерлер үшін де, әйелдер үшін де бұрынғыдай қала береді. Яғни, ерлер – 63 жас, әйелдер 61 жасқа толғаннан кейін зейнетке шығады.

Айта кетерлігі, 5 және одан көп бала туған немесе асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жаста, Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жаста, ерлер 50 жаста зейнетке шыға алады. Сондай-ақ, зиянды жұмыс істейтіндер 55 жаста зейнеткер атануға құқылы.

Әр сәбиге – несібе!

Елімізде әр бала өмірге келген кезде оған бірреттік жөргекпұл беріледі. Оның мөлшері отбасындағы баланың реттік санына байланысты тағайындалады. Биыл бұл несібенің де көлемі көбейді. Атап айтсақ, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші, екінші, үшінші балаға – 149 416 теңге (2024 жылы – 140 296 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға – 247 716 теңге (2024 жылы – 232 596 теңге) төленетін болады. Сонымен қатар, егіз немесе үшем, төртем дүниеге келсе, олардың әрқайсысына жөргекпұл жеке есептеледі.

Аталмыш қаржылай қолдау баланың анасы жұмыс істесе де, істемесе де мемлекет тарапынан бір рет қана тарту етіледі.

Бала күтімі — бақылауда!

Елімізде бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін анасына арнайы жәрдемақы тағайындалған. Оның көлемі де жыл сайын өсуде. Мәселен, биыл жұмыс істемейтін әйелдерге бала кезегіне қарай бiр жарым жасқа толғанша ай сайын төмендегідей төлем беріледі:

бірінші балаға – 22 649 теңге (2024 жылы – 21 266 теңге);

екінші балаға – 26 777 теңге (2024 жылы – 25 143 теңге);

үшінші балаға – 30 867 теңге (2024 жылы – 28 982 теңге);

төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін – 34 995 теңге (2024 жылы – 32 859 теңге).

Ал декретке шыққанға дейін жұмыс істеген аналарға бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем орташа жалақысына байланысты есептеледі. Мысалы, соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысын 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы алынады.

Асыраушысы жоқтар — назарда! 

Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне және адам санына байланысты есептелетіні мәлім. Ағымдағы жылы әлеуметтік төлемнің бұл түрі де артты. Сонымен, ата-анасының бірі болмаған жағдайда балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын – 42 530 теңге (2024 жылы – 39 934 теңге), екі адамға – 78 588 теңге (2024 жылы – 73 792 теңге), үш адамға – 104 014 теңге (2024 жылы – 97 666 теңге), төрт адамға – 120 194 теңге (2024 жылы – 112 858 теңге), бес адамға – 127 129 теңге (2024 жылы – 119 369 теңге), алты және одан көп адамға – 138 685 теңге (2024 жылы – 130 221 теңге) тағайындалмақ.

Ата-анасының екеуінен де айырылған жетім балаға 71 192 теңге берілетін болады.

Жалақы өсе ме?

Биылдан бастап елдегі бірқатар сала мамандарының жалақысы артады деп күтілуде. Атап айтар болсақ, олардың қатарында ішкі істер органдарының азаматтық қызметшілер санатына жататын медицина мамандары, табиғатты қорғау және арнаулы мекемелердің жұмыскерлері, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының медицина қызметкерлері, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттары, қазыналық кәсіпорындардың жұмыскерлері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері, мектепке дейінгі және мемлекеттік білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлері, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі мемлекеттік білім беру ұйымдарының медицина мамандары, жергілікті атқарушы органдардың денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының медицина қызметкерлері бар.

Бұл жөнінде «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңының 14-бабында жазылған.

Бетті әзірлеген — Нұржайна ШОДЫР.