Павлодар облысы полиция департаментінің Жедел басқару орталығын модернизациялау жұмыстары аяқталды. Күрделі жөндеуден өткен орталық жаңа бейнебақылау камераларымен толығып, деректерді өндеудің бірыңғай платформасымен қамтамасыз етілді. Модернизацияланған технологиялардың арқасында орталық мамандары 2024 жылы 210 қылмыстық құқық бұзушылықты ашып, 8 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз конференциясы барысында жаңарған орталықтың атқарылған жұмыстары мен алдағы жоба-жоспарларымен таныстық. Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда Жедел басқару орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жұмысты жеделдетуге бағытталған ауқымды модернизациялау жұмыстары аяқталды. Жаңарту үрдісі облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен жүргізілді. Оның мақсаты – «орталық-облыс-қала-аудан» жедел басқару орталықтарының бірыңғай сәулеттік келбетін құру. Бұл облыс аумағындағы құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттырады.
— Жедел басқару орталығы 2006 жылдың мамыр айында пайдалануға беріліп, мұнда 17 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Ал орталықтың ескі жабдықтары заманауи талаптарға жауап бермеді. Тозығы жеткен бес ескі ТВ-панельдің жиі істен шығуына байланысты ауыстырылды. Сондай-ақ, әр түрлі өндірушілердің 117 камерасын бақылаудың бірыңғай платформасы, деректерді көрсетудің толыққанды жүйесі, бейнеконференция жүйесі, шешім қабылдау кезінде жедел ақпаратпен ұжымдық жұмыс жасаудың ішкі жүйесінің болмау мәселесі шешілді. Жедел басқару орталығын модернизациялау жұмыстарына 745,8 млн теңге бөлініп, оның 33,5 млн теңгесі жөндеуге, 712,3 млн теңгесі құрал-жабдықтарға бөлінді, — деді баспасөз қызметінде.
Ведомствода жаңартылған орталықтың ақпараттық жүйесі — бірегей технологиялық кешен екенін атап өтті. Бүгінгі таңда бұл орталықта қашықтан жұмыс істеуге автоматтандырылған станциялық жүйесі бар ең соңғы заманауи 9,6 x 3,6 метрлік LED экран бар. Сондай-ақ, 117 жаңа камера сатып алынса, ескі 117 бейнебақылау камералары қаланың басқа аудандарына орнатылды. Осылайша, бүгінде бейнебақылау камераларының саны екі есеге артты. Сондай-ақ, мұнда «Smart city» жүйесінің 5 622 камерасы қосылып, онлайн режимінде патрульдік карта көрсетіледі.
— Орталықта бірыңғай басқару және мониторинг платформасы жұмыс істейді. Камералар автоматты түрде 360 градусқа айналады және қажет болған жағдайда белгілі бір бөліктерді үлкейте немесе кішірейте алады. Осылайша 2024 жылы 225 қылмыс ашылды, 9 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жаңа камералардың арқасында кеше ғана бейнебақылау инспекторы есірткі сақтау фактісін анықтады. Жігіт пен қыз «жасырын орам» жасап жатты, олар адамдар бармайтын жерде камераларымыз бар екенін білмеді. Біз бірден ең жақын жасақты сонда жібердік. Күдіктілерді ұстау кезінде олардан 10 жасырын орам гашиш тәркіленді. Содан кейін біз оны анықтауға, не болғанын және қалай болғанын анықтауға кірістік. Олар жұмыс іздеп жүргендерін айтып, әлеуметтік желіге кіріп, есірткі тарата бастаған. Мұндай қылмыс үшін жазаға 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, — деді орталық басшысы Ренат Шамғұнов.
Сонымен қатар, Жедел басқару орталығының басшысы қазіргі уақытта орталықта барлығы 45 адам жұмыс істейтінін жеткізді. Оның ішінде — 12 «102» операторы, 9 бейнебақылау инспекторы, 4 штурман және 4 аға инспектор.
– Орталық — кезекші бөлімшелердің толық автоматтандырылуын алды, бұл жедел жағдайды бақылауды оңтайландырды. Басқа ғимараттармен коммутациялық интеграция жүргізілді, бұл түрлі құрылымдар арасында жылдам ақпарат алуды реттеуге мүмкіндік берді. Қаладағы жаңа бейнекамераларды есепке алғанда, олардың саны 234-ке жетіп, биыл тағы 3 мыңға жуық бейнекамера орнату жоспарлануда. Нәтижесінде Павлодар қаласында камерасыз бос орындар қалмайды деуге болады. Бұл — қылмысты анықтау, алдын алу көрсеткішін 50 пайызға арттыруға мүмкіндік бермеді. Қазіргі уақытта мұндай Жедел басқару орталығы тек Павлодар қаласында ғана жұмыс істейді. Алайда жақын арада Екібастұз және Ақсу қалаларында да осындай орталықтарды ашу жоспарлануда, — дейді Ренат Шамғұнов.
А.МҰҚЫШЕВ.