Аймақта өткен жылы іске асқан іргелі жобалар мен биыл қолға алынатын ауқымды бастамалар баршылық. Олардың әрқайсысы жайында облыс әкімі Асайын Байханов республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесуде кеңінен баяндады. Журналистер қауымының сауалдарына жауап беріп, күрмеулі мәселелерді шешу жолында қолға алынған нақты шараларды атады.
Қалталы серіктес керек
Жиында біраз жыл қоғам талқысында жүрген көптеген жоба-лардың жайы сұралды. Мәселен, біраз жылдан бері салынады деп айтылып келген сода зауытының қазіргі тағдыры да сөз болды. Яғни, журналистердің бірі дәл осы зауыт үшін деп салынған инфрақұрылым тот басып, жарамсыз күйге түспей ме деген күдігін жасырмады.
Облыс басшысы Асайын Қуандықұлы мұнда тартылған инфрақұрылым желілері «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істейтін өзге кәсіпорындардың кәдесіне жарайтынын жеткізді. Айтуынша, кәріз жүйесі қазірдің өзінде қолданыла бастаған. Теміржол желісін пайдалану үшін одан тарайтын тармақтары тартылуы тиіс. Сода зауыты салынады дегеннен бері екі жылда арнайы аймақта 20-дан астам жаңа қатысушы тіркелген. Бұл жобалардың жартысы іске қосылып үлгерген. Қалғаны биыл ашылмақ.
— Зауыттың инвесторы қазіргі таңда серіктес іздестіру үстінде. Қаржыландыру жағынан қиындықтар бар. Себебі, жобаның құны 200 млн доллардан асады. Сондықтан, инвестор қаржылық мүмкіндіктері бар серіктес қарас-тыруда. Жалпы, жоба өзектілігін жоғалтқан жоқ. Инфрақұрылымдық желілер өзге кәсіпорындарға жарайды. Жаңа өтінімдер де түсуде. Қазіргі таңда инвестициялық жобалар пулында 147 өтінім бар. Инвесторлардың басым бөлігі арнайы экономикалық аймақта жобаларын іске асыруға ниетті. Өйткені, мұнда түрлі жеңілдіктер барын білесіздер. Біз бұл орайда өңіріміздің экономикасына айтарлықтай серпін беретін жобаларды іріктейміз, — деді аймақ басшысы.
Газ келсе…
Аймағымыз үшін маңызды бағыт-тардың бірі газ тарту мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі бұл бастама Үкімет деңгейінде талқыланып жатқанын айтты. Бұл жобаның экономикасы қарқынды өңіріміз үшін экологиялық тұрғыдан орны бөлек. Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы жобаның оң-солын саралауда. Яғни, өңірімізге Ақмола облысына дейін жеткен «Сарыарқа» газ құбыры арқылы немесе Ресейдің Омбы станциясынан газ тартудың тиімділіктері қарастырылуда. Ұтымдысы таңдалады. Егер көрші елден жеткізілетін болса, газ импортына жол ашылады деп күтілуде. Нақтысы, аймағымыз арқылы Абай облысына, ары қарай Қытай еліне дейін жіберілуі мүмкін. Сондықтан, бұл мәселе Мемлекет деңгейінде қаралуда.
— 2025 жылы бір тоқтам жасалады деген ойдамыз. Аймағымызда алдымен тірек ауылдарды қамту көзделуде. Егер Ресей елінен тартылса, Успен, Тереңкөл, Железин, Шарбақты аудандары қамтылып, Абай облысына қарай бағыт алады. «Сарыарқа» газ құбыры келсе, онда Екібастұздың ауылдық аймақтары, Ақтоғай аудандары қамтылып, Ақсу, Павлодар қаласына дейін жеткізіледі. Бұл жоба облыстағы жылу тапшылығы мәселесіне оң әсер етер еді. Яғни, жеке үйлер секторы, облыс орталығына іргелес ірі елді мекендерге жетеді. Магистралдық газ құбыры газ компаниясы есебінен тартылса, ары қарай үй-үйге тарату желілері жергілікті әкімдік есебінен болады, — деді А.Байханов.
Ашылатын күн алыс па?
Павлодар қаласында осыдан 5-6 жыл бұрын аквапарк бой көтере бастағанда, көпшілік айрықша қуанған еді. Бірақ, нысан құрылысы ұзаққа созылып кетті. Әлі де аяқталған жоқ. Әріптестерімнің бірі инвестор енді қалалық саябақтың жерін сатып алмақ ниетте екенін, ал бұл жаз бойы балалар мен үлкендердің серуендейтін аумағынан айырмай ма деген алаңдаушылығын білдірді. Журналист сұрағына жауап берген аймақ басшысы шомылу маузымы тым қысқа өңір үшін аталмыш аквапарктің маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, нысанның маңына көлік тоқтайтын тұрақ мәселесі туындап отырғанын айтты. Әу баста жобада тұрақ қарастырылмаған. Сондықтан, қалалық билік осы мәселемен айналысып жатыр, деді. Жер көлемі жетіспесе, тіпті бірнеше қабатты автотұрақ салу жағы да ойластырылып жатқан көрінеді. Облыс басшылығы инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын да атап өтті. Жалпы, өңіріміздің бәсекелестік тұрғыдан артықшылықтары аз еместігін атады. Ал аквапарк құрылысы
2026 жылы аяқталады деп меже-леніп отыр.
— Қазіргі таңда қаламыздың нарығына әлемдік деңгейдегі қонақ үй келіп жатыр. Әуежайымыздың ұшу-қону жолағын қайта саламыз. Алдағы уақытта әуежайды әлемдік талаптарға сай жасап, тиісті серти-фикаттан өткізсек, өңірімізге едәуір серпін әкелер еді. Себебі, бізде өндірілетін авиациялық бензиннің бағасы өзге өңірлерге қарағанда 15 пайызға арзан. Бәсекелестік тұрғыдан бұл — артықшылығымыз. Әлемдік сертификаттан өткен соң үлкен әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігі туса, алпауыт елдерден арлы-берлі ұшатын ұшақтар ары қарай жолын жалғастыруға бензин құюға аялдайтыны анық. Бұл экономикамызға қосымша үлес қосады, — деді аймақ басшысы.
Су қоймасы салынады
Шикізат өндіргенімен өңдеуге келгенде өркендеуі жоқ Баянауыл ауданын алға тартқан журналист осы бағытта жоспарлы істердің бар-жоғын сұрады.
— Баянауылда 100 мыңға жуық жылқы, 100 мыңға жуық қой, 70 мыңнан астам қара мал бар. Осыған қарап, ауданда ет өңдеудің шағын немесе орташа бір комбинаты болуы керек еді. Жуырда инвестормен кездестік. Баянауыл ауылына жетпей, асфальт зауытына қарама-қарсы жерде ет комбинатын салу жоспары қарастырылуда. Қаражатына қатысты «ҚазАгро» қаржы ұйымымен сөйлесілуде. Құны шамамен 4-5 млрд теңге болады, — деді облыс әкімі.
Ал алтынды өңдеп, кәсіпорын ашу жағы қисынсыз екенін айтты. Себебі, оған қазіргі зерттелген жалпы алтын қоры аздық етеді. Жер асты байлығы шамамен 20-25 жылға ғана жететін көрінеді. Бұған дейін Май ауданында су қоймасы салынатыны туралы сөз болған. БАҚ өкілдері жобаның қазіргі жайын білмекке сұрақ қойды.
— Су қоймасы – өте жақсы жоба. Біз алдымен Май ауданында лиман массивінің құрылысымен айналысамыз. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті, 2025 жылға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Мақсатымыз — 14 мың гектар алқабы бар лимандық аумақты қалпына келтіру. Содан кейін су қоймасы құрылысына кіресеміз. Қазіргі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр. Бұл — бір-екі жылда жүзеге асатын жоба емес. Бастысы, бастамасы бар, — деді А.Байханов.
Қазандықтың «жыры»
Ақсу қаласында жаңадан салынып, әлі қолданысқа берілмеген қазандықтың жайын бұған дейін де жазған едік. Жобалауда кеткен қателіктер кесірінен ұзаққа созылды. Аймақ басшысынан нысанның нақты қашан іске қосылатынын сұрадық.
— 2025 жылдың сәуір айында, жылыту маусымының аяқталуына 2 апта қалғанда бұл қазандықты тәжірибелік түрде қосады. Қосқаннан кейін жобалық-сметалық құжаттамасында белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізілсе, қабылдаймыз. Ол үшін арнайы комиссия құрылады, — деді аймақ басшысы.
Қазандық сәтін салып қосылса, тарифке қатысты тағы бір мәселе туындамақ. Жылудың тарифі 2,5 есеге қымбаттайды екен. Тұрғындарға салмақ түсірмес үшін билік түйінді шешудің бірнеше жолын қарастыруда.
— Тарифті субсидиялаймыз немесе қымбат бөлігін әлеуметтік нысандарға алып, бюджеттен төлейміз. Яғни, әлеуметтік нысандардың тарифі 5 есеге көтеріледі. Ақсу қаласында қарқынды даму бар. Үлкен ғимараттар бой көтерді, үйлер салынуда. Жылудың тапшылығы дәл бүгін болмаса да, бір шеті байқалады. Сондықтан, әрине қазандықты қосу керек. Бәлкім, қазандықты тек әлеуметтік мекемелер мен бизнес нысандарды жылытуға қолданамыз. Бұл жағы әрі талқыланады, — деді облыс басшысы.
«Шанхайлықтарға» — шағын аудан
«Майқайыңалтын» кәсіпорнында болған апаттан кейін оқиға орнына жақын орналасқан, ел арасында «Шанхай» деп аталып кеткен кенттегі шағын аудан тұрғындары қауіпсіз жерге көшіруді сұраған еді. Бұл мәселеге байланысты қандай шешім шығарылғаны да кездесуде сөз болды. Облыс әкімі құзырлы орган-
дар аталмыш аумақтың қаншалықты қауіпсіз екенін зерделеу үшін арнайы зерттеу жүргізгенін, қазіргі таңда қорытындысы шыққанын мәлімдеді. Айтуынша, зерттеудің алдын ала қорытындысымен танысқан. Құжатта қауіптің жоқтығы жазылыпты.
— Дегенмен, жарты жыл бұрын аудан әкіміне облыстың құзырлы басқармасымен бірлесіп, Майқайың кентінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын дайындауды тапсырған едім. Қазір жобалау жұмысы басталып кетті. Мұнда үйлер салатын орындар мүмкіндіктері қарастырылады. Содан кейін тұрғындарды көшіре аламыз. Бұл құрылыс жобасы кәсіпорынның жаңа инвесторымен бірлесіп әзірленуде. Жобалау 2025 жылдың соңына дейін жасалады. Аталмыш ауданда 70 үй бар. Бір қиындығы, кейбір үйлердің құжаттары жоқ. Үйлер салу үшін әлеуметтік инфрақұрылымдар ескеріледі. Кентте жер телімі тапшы. Елді мекеннің жан-жағын шахталар қоршап тұр. Бір жағында күрежол жатыр. Сол себепті кенттің ішіне екі-үш қабатты үйлер салумен ретін табамыз деген ойдамын, — деді аймақ басшысы.
Не кедергі?
Баянауылда туризмді дамыту әлі де кенжелеп тұрғаны айтылды. Облыс әкімі А.Байханов оған бірқатар кедергілердің барын жасырмады. Десе де, көрікті мекенді көпшілікке жайлы етуге бағытталған бірқатар ауқымды жобалар жоспарланғанын мәлімдеді.
Демалушылардың басым бөлігінің Жасыбай көліне ағылуы көлдің келешегіне кесірін тигізу қаупі бар. Сондықтан, биліктегілер бұл жүктемемен барынша азайтуға көшпек. Ол үшін Асайын Қуандықұлының айтуынша, Сабындыкөл жағасын абаттандыруға басымдық беріледі. 2025 жылы бұл жұмыстар басталмақ. Көлдің жағасы Павлодар қаласының орталық жағалауының үлгісінде өзгереді. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен, конкурс жарияланып қойған.
Сонымен қатар, Баянауылда демалу тек көлдермен шектелмес үшін сакралды жерлерді аралап, тынығудың тағы бір түрін дамытуға ден қойылады. Нақтысы, визит-орталық ашылады. Жобаның құжаты әзір. Биыл іске асыру басталады. Мұнда туризмнің барлық мүмкіндіктері туралы ақпарат қолжетімді болады. Фаунасы мен флорасы саналуан өңірде жануарлардың жиі жүретін бағыттары айқандалады. Оны орманшылар туристерге таныстырады. Яғни, туристер фотоға түсу мүмкіндігіне ие болады. Биіктен Баянауылдың көрінісін тамаша-лауға жағдай жасалмақ.
Бұдан кейін, Жасыбай көлі жағасын көріктендіруге кіріседі. Бұл жоба 2026 жылға жоспарланған. Кәріз жүйесін тартуға Баянауыл топырағының қаттылығы кедергі келтіреді. Себебі, мұнда тасты топырақтың қаттылығы 6-санатқа жатады, ақ гранитпен парапар көрінеді. Биліктегілер сала мамандарынан кеңес алып, тым болмағанда көл айналасына дренажды жүйе тарту жолдарын қарастырмақ. Лас суды осы жүйе арқылы ұстап қалуға күш салынады.
Жиында экология, жер телімі, Ертіс өзені арқылы жүк тасымалын дамыту, ірі инвестициялық жобалар жайында және басқа да сауалдар қойылды. Екі сағаттан астам уақыт тікесінен тік тұрып журналистер қауымының сауалдарына толыққанды жауап берген аймақ басшысы әрбір жоба аймақ тұрғындарының жайлы өмір сүруіне бағытталатынын мәлім етті.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.