(ирланд ертегісі)

Бұрын сендерге әйгілі Гоб туралы тәуір-ақ әңгімелеп берсем де, енді оған қайтадан соқпай кету мен үшін ұят нәрсе болар еді. Өйткені, оны қайта еске алу Гоб жүз жерден данышпан болса да, әйелінен асқан ақылды еместігін дәлелдеу үшін қажет. Ал ана әйелді шынайы данышпандығы үшін бәрі құрметтейді.

Гобтың данышпандықпен аты шыққанға дейін-ақ оның әкесі мен шешесі балаларының үйленетін уақыты жетті деп шешкен болатын. Сөйтіп, әкесі Гобты жанына ертіп алып, кейін осы отбасының босағасын аттайтын, ақылы жағынан бұлардан еш кем түспейтін қызды іздеп табу үшін Ирландияны шарлап кетті.

Шал әрбір іріктеліп алынған қызға оның ақыл-парасатын тексеріп, бағалау үшін үш сұрақ қойды.

Талдың сындырып алынған шыбығының ұзындығы он екі дюйм және екі жақ басының жуандығы бірдей болса, оның жоғарғы жағын төменгісінен қалай ажыратуға болады?

Жәрмеңкеге бір отар қойды апарып тастап, сосын отарды да, оның тұтас бағасындай ақшаны да кейін қайтарып алып келу кімнің қолынан келеді?

Егер мен сендерге екі доңғалақты арбамен мені Коннахттан Тарадағы жоғарғы корольдің сарайына дейін алып баруға әмір берсем, қайсың Клухан тауларының ұшар басындағы құламаға барынша жақындап, бірақ сонымен бірге біздің ешқайсымыздың да тіпті қорқынышты сезінбейтіндей етіп алып шыға аласың?

Қыздардың барлығы алғашқы екі сұрақты шешу мүмкін еместігін еш именбей батыл айтып салып, өздерін алданып қақпанға түсуден қорғап қалды. Ал үшінші сұраққа келгенде, қыздардың әрқайсы арбаны басқарып жүргізу өнерінде өзге құрбыларынан асып түсуге тырысып, құламадан неше дюйм жерде өте алатынын жарыса айтып жатты. Біреуі құламадан жарты дюйм, енді бірі ширек дюйм жерден өткізе аламын деп жатты. Ал енді тағы бір қыз тіпті өзін жеңімпаз санап, құламаға қылдай жақын жерден ысқыра әндетіп өтемін деп мәлімдеді.

Ақыры бәрінің ішінен бір қыз ғана даналық пен тапқырлық танытып, барлық үш сұраққа жауап берді. Міне, сол Гобтың әйелі болды.

Ол шыбықтың жоғарғы және төменгі бастарын оп-оңай тауып берді. Ол үшін шыбықты арыққа лақтырып жіберіп еді, төменгі ауырлау басы ағынның бойымен алға қарай, ал жоғарғы жеңілдеу басы артқа, яғни ағынға қарсы түсіп жатты.

Қыз жәрмеңкеге апарған бір отар қойдың жүнін қырқып алып, қымбат бағаланатын жүнді сол жерде сатып, қожайынға түгел қойды да, оның құнын да қайтарып берді.

Ал арбаны да ол бәрінен де артық басқарып жүргізді: әрбір құламаның тұсынан жолдың енін дұрыс пайдаланып, асқан ептілікпен алып шықты.

Ол шынында да лайықты екенін кейін бірнеше рет дәлелдеді. Енді испан королінен өзінің қулығын қалай асырғанына келейік.

Бірде жер бетіндегі барлық билеушілердің ішіндегі ең атаққұмар осы испан билеушісі әлемдегі барлық сарайдан айбынын асыратын алып сарай салғызды. Ол үшін Испанияға оның ойына алған үлкен ісін жүзеге асыра алады-ау деген бір ғана адам – әйгілі шебер құрылысшы Гобты шақырды.

Корольдің сөзі мен берген уәдесіне мүлде сенбеген Гобтың әйелі күйеуін жібергісі келмеді. Бірақ өзіне көрсетілген мұндай зор құрметке масаттанған Гоб ештеңеге қарамай баратын болды. Сонда әйелі:

– Сен әйтеуір барайын деп отыр екенсің, мына нәрселерді қатты есіңде сақта, – деді Гобқа. – Ұлы адамның сарайына барысымен, сонда тұратын әйелдермен бірден жақын достасып ал. Тіпті, ыдыс жуушыға дейін жақын бол. Сонда сен өзіңе пайдалы нәрселерді біліп отыратын боласың. Егер ыдыс жуушының не ойлайтынын білсең, онда оның мырзасының да не ойлайтынын білесің. Король түнде ханымына өзінің құпия сырларын айтады. Ал ханым таңертең оны күтушілеріне, күтушілері бірден аспаздарға жеткізеді. Сөйтіп, кешке дейін барлық құпия атаулы бүкіл әйелдерге мәлім болады.

Гоб әйелінің ақылын есіне сақтады және өзі қолға алған жұмысы орта тұсына жеткенге дейін-ақ сарайдағы қызметші әйелдерден жаңа еңселі сарайды бітірген кезде оны ажал күтіп тұрғанын білді.Король өзінің осы сарайынан асып түсетін өзге бір керемет ғимаратты Гоб ешқашан басқа бір корольге салып бермейтініне сенімді болғысы келді. Алайда, Гоб бұған дейін оған салуға тура келгендердің ішіндегі ең кереметі – осы жаңа ғимараттың соңғы тасы қаланғанға дейін жақ ашпады.

– Дайын ба? – деп сұрады король.

– Дайын, – деп жауап берді Гоб.

– Қалай, бәрі дұрыс шықты ма? – деп сұрады көңілі жайланған король.

– Менің өмірімдегі ең сәтті шыққан нәрсе – осы! – дейді Гоб. – Жалғыз-ақ бір нәрсе…

– Не нәрсе? – деп сұрайды король.

– Мына жерге келіп, жақсылап қараңызшы, – дейді Гоб, корольді өзі тұрған қабырғаның дәл іргесіне шақырып. – Байқайсыз ба, қабырғаның ортасынан бастап жоғары қарай қисайған. Сіздің тас қалаушыңыз мүлт кеткен.

– Рас-ау, сіз дұрыс айтасыз! – корольдің даусы қаттырақ шығып кетті. Егер кез келген биік ғимараттың дәл іргесінде тұрып, жоғары қарасаңыз, ол сәл көлбеу кеткендей болып көрінуі ғажап емес. Осыған қатты алаңдаған король: – Бүкіл ғимаратты бұзбайынша, мұны түзету мүмкін емес шығар! – деді жүзінен мұң білініп.

– Мен түзете аламын, – деді Гоб. – Бағымызға қарай, мен осында келердің алдында осындай ақаулықты жоюға арналған құрал ойлап тапқан болатынмын. Ертең таңертеңнен қалмай оны алып келу үшін өзімізге Ирландияға аттануым керек.

– Тек… оған сіз өзіңіз бармайсыз! – дейді сауысқаннан сақ король.

– Сіздің өміріңіз бүкіл әлем мен адамзат үшін аса қымбат. Асау теңіз бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан мынадай жағдайда тәуекелге баруға жол бере алмаймын. Өз қызметшімді жіберемін!

– Алайда бұл құрал өте бағалы, сондықтан менің әйелім оны ешбір қызметшіге сеніп бермейді, – деп қарсылық білдірді Гоб.

– Олай болса, менің жеке күзетімнің жоғары тұрған бастығын жіберемін, – дейді король.

– Бәрібір ол құралды тек маған ғана береді, – дейді Гоб.

– Айтқаным – айтқан, мен сізді жібермеймін! – король кесіп айтты.

– Маған ғана! – деген Гобқа кенеттен бір ой келе қалды да, – маған немесе корольдің өз баласына, – деп сөзін жалғастырып жіберді.

– Онда менің өз балам әрі мұрагерім барады! – деді король. – Сіздің әйеліңізден менің ұлым сұрайтын сол құралдың атын атаңыз.

Гоб сәл ойланып тұрды да:

– Менің әйелімнен ол сұрайтын құралдың аты Кор-ан-агойд-хэм, – деді.

Кор-ан-агойд-хэм деген бұл атауды Гоб жаңа ғана өзі ойлап тапты. Егер оны гель тілінен аударса, «тұзақ пен жіп» болып шығады да, бұл жұмысты орындап шығуға болатын құралдың атауы ғана емес, сонымен бірге корольдің арам ойын да тұспалдап білдіруге жарайды. Гоб ақылды әйелі өзінің осы өтінішін естігенде, мұнда жасырылған жұмбақ сырды түсінеді деп сенді.

Гобтың әйеліне оның күйеуі емес, испан королінің баласы келгенде, оның ойына бірден күдік ұялады. Ал оның күйеуі тұзақ пен жіпті күтіп отырғанын естісімен, Гобтың қақпанға түскеніне еш күмән келтірмеді.

Енді жас келіншек уәдесінен айнып кеткен корольден кек алуды ұйғарды.

– Ал, ханзада, – деді ол корольдің баласына асүйде тұрған үлкен пұрманның ауыр қақпағын ашып жатып, – еңкейіп жақсылап қараңыз, мынаның түбінен сіз менің күйеуім әкел деген нәрсені табасыз.

Ханзада белінен келетін пұрманның ернеуінен ішке қарай еңкейгенде, келіншек оның аяғынан көтеріп алып, ішке итеріп жіберіп, пұрманның есігін мықтап жауып тастады. Сосын Испанияға олар өздерінің сүйікті мұрагер ханзадасын күйеуі үйіне қайтып оралған сәтте ғана елінде құшақ жая қарсы алатындығы туралы хабарлама жіберді.

Әрине, ақылды келіншектің күйеуі де, корольдің мұрагер ұлы да осыдан көп кешікпей аман-сау өз елдерінде болды.

 

Орыс тілінен аударған — Серік САТЫБАЛДИН,

Павлодар қаласы.