Қазақстандық талапкерлер үшін қаңтар айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Бұл жолы білім сынағына қатысуға республика бойынша 167 мыңға жуық талапкер өтініш берген. Олардың қатарында 4276 павлодарлық мектеп бітіруші бар.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, осы оқу жылының түлектеріне арналған алғашқы тестілеу науқаны 10 ақпанға дейін жалғасатын болады. ҰБТ тапсыруға өтініш бергендердің 76,7 пайызы қазақ тілінде, 23,2 пайызы орыс тілінде және 142 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге ниет білдірген.
Атап өтерлігі, биыл ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі талапкердің таңдауы бойынша алынады. Тестілеу тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» — 20, «Оқу сауаттылығынан» — 10, «Математикалық сауаттылықтан» — 10 және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан ұсынылады. Әдеттегідей ең жоғары ұпай саны – 140 балл. Тестілеу шарасына 4 сағат (240 минут) уақыт беріледі. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.
Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ақылы бөлімдеріне түсетін мектеп бітіруші түлектер қатысады. Яғни, бұл жолғы тестілеу нәтижесімен білім грантын алуға мүмкіндік берілмейді.
Қаңтар ҰБТ-сын өткізудің бірінші күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елдегі тестілеу орталықтарының біріне барып, осы жылы мектеп бітіретін барлық талапкерге сәттілік тіледі.
— Талапкерлерге сәттілік! Олар өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Тестілеудің бірінші күні еліміз бойынша 2277 адам ҰБТ тапсырады. Ең көп таңдалатын бейіндік пәндер комбинациясы бірнеше жыл қатарынан өзгеріссіз қалып отыр. Талапкерлердің 17,5 пайызы «Математика-Физика» комбинациясын таңдаған. Яғни, бұл болашақ инженерлер, механиктер, мұғалімдер, техниктер мен технологтар, энергетиктер, құрылысшылар. Ал 17,3 пайызы «Биология-Химия», 10,3 пайызы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ медициналық қызметкерлер мен IT-мамандары», — деді министр.
Нұржайна ШОДЫР.