Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 2025 жылғы, мұсылман күнтізбесі бойынша 1446-1447 жылдарға арналған діни күндер кестесін бекітті. Хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалды. Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді. 

Миғраж түні – 26/27

Ережеп (26/27 қаңтар)

Миғраж — пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Атап айтар болсақ, осы түні Алланың құдыретімен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Харам мешітінен Ақса мешітіне дейін серуендеп, Ақсадан жеті қат көкке көтерілді. Онда әр қабатында Алланың аяттарын көріп, әр аяттарын мұсылмандарға ғибрат еткен. Осы оқиға кезінде бес уақыт намаз парыз болған.

Бараат түні – 14-15 Шағбан (13/14 ақпан)

Бараат – күнәлардан тазарып, оттан құтылуға мүмкіндік беретін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да» деген екен.

Оразаның басталуы – 1 Рамазан (1 наурыз)

Ораза – Алланың құлдарына бұйырған бес парызының бірі. Қасиетті Құран аятында: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға ораза парыз етілгендей, сендерге де ол парыз етілді. Әрине, тақуа боларсыңдар» деді. Ораза құлшылығы – негізі, таңсәріден күн батқанға дейінгі аралықта ішіп-жеуден және жұбайлық жақындықтан бас тарту арқылы көрініс беретін ғибадат. Алайда ораза бұнымен ғана шектелмейді. Оразаның кәмілдігі сонымен қатар көз бен құлаққа, қол мен аяққа да, тіпті сезім мен ойға да белгілі шектеулер қою арқылы толыға түседі.

Қадір түні – 26/27 Рамазан (26/27 наурыз)

Қадір түні – берекелі Рамазан айында келетін қасиетті түн. Рамазан айының соңғы он түні мұсылман үшін өте маңызды. Себебі Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрім түсе бастады. Сондықтан Ислам дінінде бұл түн ерекше бағаланады. Құран Кәрімде «Қадір» сүресі бар. Осының өзі-ақ бұл түннің аса ардақты екенінен хабар береді.

Ораза айт – 1 Шәууал (30 наурыз)

Ораза айт – Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын сүйіншілейтін мұсылмандардың маңызды діни мейрамы. Бұл Рамазан айынан кейінгі Шәууәл айының бірінші күні болады. Бұл күні мұсылмандар мешітте жиналып, жамағатпен айт намазын оқиды.

Арапа – 9 Зулхижжа (5 маусым)

Бұл күні бес парыздың бірі болған қажылық парызын өтеу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен қасиетті Мекке шаһарына жиналған қажылар Арафат тауында тұрып, Аллаға мінәжат етеді. Ал қажылыққа бара алмаған адам, бұл күнді құрмет тұтып, құлағына, көзіне және тіліне ие болып, тәшриқ тәкбірін айтып, ораза ұстап, дұға және тәубе жасап, кешірім тілеумен өткізеді.

Құрбан айттың 1-ші күні – 10 Зулхижжа (6 маусым)

Құрбан айттың 2-ші күні – 11 Зулхижжа (7 маусым)

Құрбан айттың 3-ші күні – 12 Зулхижжа (8 маусым)

Қасиетті Құрбан айт мейрамы мұсылмандардың Мекке мен Мәдина шаһарларында қажылық парызын өтеу кезеңімен тұспа-тұс келеді.  Құрбан айтта мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Айта кетейік, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашыр-лығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Ашура күні – 10 Мухаррам (5 шілде)

Мұхаррам айының оныншы жұлдызы «Ашура» күні деп аталады. «Ашура» араб тілінде он деген санды білдіретін «ашара» сөзінен шыққан. Кейбір ғалымдарымыз ашура күнінің атауын ардақты Пайғамбарымыздың үмметіне он түрлі ерекше уақыттарды сыйла-уымен байланыстырып, соның оныншысы ашура екендігін айтқан.

Мәуліт – 11/12 Рабиғул Әууәл (03/04 қыркүйек)

Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) туған уақытына байланысты атап өтілетін күн мәуліт деп аталады.

Тілеуберді САХАБА.