Адамды арман алдамайды дейді. Бала күнінен қалам мен қағазды жанына серік еткенмен өмір ағысы оны ауыл шаруашылығымен табыстырады. Күрделі саланың қыр-сырын меңгеріп, өмірінің 40 жылын осы арнаға арнайды. Бірақ жанына жақын шығармашылықтан да қол үзбейді. Бала күнгі арманының жетегінде жүріп, журналистикамен қауышады. Қызығы мен шыжығы мол салада еңбек етіп келе жатқанына 15 жыл толған. Бүгін облысымызға танымал қаламгер, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, қарымды журналист, газетіміздің тұрақты оқырманы әрі авторларының бірі – Самат Мәненов жайында сөз қозғамақпыз.
Самат Мәненұлы 1950 жылы 20 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданына қарасты Аманат ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Әкесі колхозда есепші, анасы үй шаруасымен айналысқан.
Самат Мәненұлы ауылдағы мектепті тәмамдаған соң, 1967 жылы құжаттарын журналистика мамандығына тапсырады. Өкінішке қарай, ол жылы оқуға түсе алмайды. Сөйтіп, бір жыл көлемінде Зайсан балықшылар комбинатында балықшы болып жұмыс істеп, ата-анасына қолғабыс етеді.
1968 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, 1973 жылы техникалық инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдайды. Сол жылдан бастап осы салада табанды еңбек етеді. 1976 жылы жұбайы Гүлбараммен Ертіс ауданына қоныс аударады. Қарақұдық ауылында бақылаушы механик, шеберхана меңгерушісі, техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженер болды. Кейін совхоздың бас инженері атанды. Осылайша ауданда ауыл шаруашылығы құрылымында абыройлы еңбек етті.
Самат Мәненұлы егде тартқан шағында бала күнгі арманына оралады. 2009 жылы аудандық «Ертіс нұры» газетіне тілші болып орналасады.
— Ауыл шаруашылығында талай жыл еңбек етсем де, қаламымды қолымнан тастаған емеспін. Тілші атанған сәттен бастап, журналис-тика саласында еңбек етіп келемін. Оған дейін өлеңдерім аудандық және облыстық «Saryarqa samaly» газеттерінде жарияланып тұратын. Облыстық басылымды «Қызыл ту» кезінен жаныма серік еттім. Мақала жазуды аудандық басылымнан бастадым, — дейді қаламгер.
Самат Мәненұлының шығар-машылықтан қол үзбеуіне сонау 1978 жылы облыс бойынша жас таланттар байқауы әсер еткен. Осы додада қаламгер ақындық өнерімен көзге түседі. Ауданда бірінші орын, облыста жүлделі екінші орынға ие болады. Осылайша, ара-тұра өлең жазуды әдетке айналдырған. Шыны керек, бүгінде астықты өлке Ертіс ауданының ауыл шаруашылығы саласына қалам тербейтін жалғыз журналист те өзі. Журналистика саласына келгеннен кейін өндіріп жазуға кірістім, — дейді кейіпкеріміз. Өзге салада өткерген жылдарының орнын толтыруға тырысқандай. Ақын осы уақытқа дейін 7 кітап шығарып үлгерген. Оның 5-еуі — өлеңдер жинағы, екеуі — проза жанрындағы шығарма.
Поэзия бағытында жазылған «Жыл мезгілдері», «Атамекен», «Қазаннан желтоқсанға дейін», «Мен ауылдың баласымын», «Дала жырлары» атты бес кітабы бар. Бұдан бөлек, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, ерен еңбек иесі, қазақтың жабы тұқымды жылқысын өсірумен айналысқан елге белгілі ақсақал Амантай Мусин жайында өмірбаяндық кітап жазған. Сондай-ақ, Кеңес үкіметі тұсында қуғын-сүргін құрбаны болған, малы тәркіленіп, жер аударылған Ертіс өңіріне белгілі азамат Жансұлтан Байсанұлы туралы жазылған тағы бір кітабы жарық көріпті. Бүгінде Самат Мәненұлының 500-ге жуық өлеңі бар. Оның табиғат тақырыбында жазылған өлеңдері оқырманға ерекше сезім сыйлайды.
Самат Мәненұлы — елге еңбегі сіңген азамат. Ол 2017 жылы «Үздік өлкетанушы» медалімен марапатталған. Сонымен қатар, «Ертіс ауданының Құрметті азаматы» атанған. Бұл — ақынға тегін берілген атақтар емес. Самат Мәненұлы — газетте қызмет атқарған жылдары өлкетануға, оның ішінде Ертіс өңірінің киелі жерлерін зерттеуге бір кісідей атсалысқан адам. Тіпті, ауданға келген сыйлы қонақтарды қарсы алып, олармен бір дастархан басында әңгіме өрбітетін құрметті қаламгерге айналған.
— Ертістің топырағына келген тұста ауданға Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі келген болатын. Өкінішке қарай, ол кісімен жолыға алмадым. Ақын, драматург Аманжол Шамкеновпен кездестім. Жергілікті журналист ағамыз Айтжан Бәделхановпен, жазушы, сатирик Қажымұрат Смағұлов, Ғалымбек Жұматовтармен жиі жолықтым. Актер, режиссер Тұңғышбай Жаманқұловпен тілдескенім бар. Ауданға келген құрметті меймандарды қарсы алуға қашанда қуаныштымын, — дейді журналист.
Самат Мәненұлы — отбасында балаларына тәлім-тәрбие берген ардақты әке. Марқұм жұбайы Гүлбарамнан 3 бала сүйген. Бүгінде тұңғыш қызы Қарақұдық ауылында мұғалім болып еңбек етуде. Екінші қызы экономист мамандығын меңгерген. Қазір Германия елінде тұрады. Ұлы Қарақұдық ауылында жастар орталығында қызмет атқарады. Бүгінде қаламгер 16 жыл көлемінде Сәуле жеңгемен бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Шағын ауданда тұрып, шама-шарқынша қазақ руханияты үшін елеулі іс атқарып жүрген ұлт жанашыры жақында мерейлі 75 жасқа толады. Қарымды қаламгерге шығармашылық табыс, мықты денсаулық, отбасына береке тілейміз. Алар асуыңыз көп болсын дегіміз келеді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.