2025 жылы елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған заңнамаларға бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігі саласында да маңызды өзгерістер орын алмақ. Мемлекет басшысы тиісті құжаттарға қол қойды. Назарларыңызға ағымдағы жылы құқық саласында қолданылатын талаптар мен оны бұзғаны үшін қандай шаралар қолға алынатынын ұсынамыз.
Мопедке куәлік пен нөмір алу керек
Бұдан былай мопедтер ғана емес, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және оның ең жоғарғы конструкторлық жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын барлық көлік құралдары тіркеуге жатады. Мемлекеттік нөмір де беріледі. Мопедті басқару үшін «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажет. «А» және «В» санаттары болса да, мопедті басқару құқығын растау міндеті бар.
Заң жарияланған сәттен бастап мопед иелеріне жүргізуші куәлігін алуға 6 ай уақыт беріледі. Президент осы заңға 3 қазанда қол қойды. Демек, 2025 жылы 4 сәуірден бастап барлық мопедтің нөмірі, ал иесінде «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігі болуы шарт.
Орташа жылдамдықты есептейді
Жол қозғалысы ережесіне енгізілген тағы бір өзгеріс — орташа жылдамдықты есептеу. Орташа жылдамдықты есептеу тәртібі трассаның басында және аяқ жағындағы бейнекамералармен іске аспақ. Яғни, бірінші камера көліктің жолға шыққанын тіркесе, екіншісі келген уақытын тіркейді, екі камераның уақытымен автоматты түрде көліктің трассамен жүрген орташа жылдамдығы есептеледі. Бұл ретте, көлік жүргізушісі орташа жылдамдықты асырып жіберсе, айыппұл салынады.
Жылдамдық режимін сағатына 60 шақырымға және одан артық асырғаны үшін 40 АЕК (2024 жылда – 147 680 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал осы құқық бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері 60 АЕК-ке өседі. Айта кетері, қазір республикалық маңызы бар жолдарда белгіленген жылдамдық сағатына 140 шақырымды құрайды.
Айыппұл сомасы өседі
Елімізде 2025 жылы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК 3 932 теңге болады. Яғни бұл АЕК-пен есептелетін кез келген төлем, оның ішінде айыппұл, әлеуметтік төлемдер көлемі де артады дегенді білдіреді. 2024 жылмен салыстырғанда биыл 1 АЕК мөлшері 240 теңгеге өсті. Осылайша 2025 жылы 1 қаңтардан бастап құқық бұзып, айыппұл арқалағандар қанша теңге төлейтінін есептеп көрейік.
Рәміздерді қорлау
Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті. 2025 жылдан бастап 1 АЕК 3 932 теңге, демек 3 000 АЕК 11 796 000 теңге болады.
Кәмелетке толмағандардың түнде жүруі
Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-анасына 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, онда заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, онда баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге (7 АЕК) айыппұл салынады. Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (39 320 және 393 200 теңге) айыппұл салу көзделген.
Кіреберісте қоқыс «пакетін» қалдыру
Пәтерге кіреберістегі есігінің қасына қоқыс салынған дорбаны қалдырғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» 505-бабына сәйкес «Абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 20 АЕК айыппұл салынады. Ал бұл әрекетті азамат бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 20 АЕК 78 640 теңгеге тең болса, 30 АЕК 117 960 теңге.
Түкіру
Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Ал азамат осы әрекетін қайталаса, онда 10 АЕК, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Құжатсыз көлік жүргізу
Жүргізу құқығы жоқ жүргізушінің көлікті басқаруы 20 АЕК, яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 196 600 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.
Автобуста жолақы төлемеу
Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлемегендерге 2 АЕК, яғни 7 864 теңге айыппұл салынады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады.
Жолды кесіп өту
Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін (қате жерден өту және т.б.) 2 АЕК (7 864 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін айыппұл 10 АЕК-ке (39 320 теңге) дейін өседі.
Қоғамдық орында балағат сөз айту
2023 жылғы наурыз айынан бастап заңға қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 АЕК, яғни бұл 78 640 теңге немесе 30 тәулікке қамауға алынады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» 73-бабы бойынша отбасында және тұрмыста балағат сөз айтқаны үшін ескерту немесе 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мұғалімді немесе дәрігерді балағаттаса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Шулап, тыныштықты бұзу
Елімізде заң бойынша кешкі сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге 20 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін (78 640 – 589 800 теңге) айыппұл салынады.
Көлік жүргізгенде телефон пайдаланып, белбеу тақпау
Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпағаны және көлік жүргізіп бара жатқанда телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл — 2025 жылы 19 660 теңге.
Жаңа кассациялық соттар құрылады
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап тәуелсіз кассациялық соттар құрылады. Осыған орай Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Ол сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге бағдарланады. Ал сот төрелігін тек жергілікті және кассациялық соттар жүзеге асырады.
Еске сала кетейік, 2024 жылы 5 шілдеде Мемлекет басшысы тәуелсіз кассациялық соттарды құруды көздейтін Конституциялық заңға қол қойған еді. Қабылданған заң кассациялық сот ісін жүргізу тәртібін жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, қылмыстық-процестік кодекске, Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске және басқа да заңдарға түзетулер енгізілген.
Бетті әзірлеген – А.МҰҚЫШЕВ.