Кеше облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында былтырғы жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері түйінделіп, 2025 жылдың жоба-жоспарлары пысықталды. Өткен жыл базалық макроэкономикалық көрсеткіштердің оң қарқынымен аяқталды. Бірқатар салада айтарлықтай өсім бар. Десе де…

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Өсім бар

Облыс әкімі Асайын Байханов өңірдің өркендеуінің негізгі белгілері тартылған инвестиция көлемі мен ашылған жұмыс орындары екенін атап өтті. Былтыр аймақта инвестиция көлемі 38 пайызға артқан. 29 мың жұмыс орны құрылған. 40-тан астам жаңа әлеуметтік нысан ашылды. Әлеуметтік міндеттемелер толық орындалған.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктың мәлімдеуінше, 2024 жылы өнеркәсіпте 4,9 пайыздық өсім тіркелді. Жалпы 3,4 трлн теңгенің өнімі шығарылған. Оның ішінде өңдеу секторында қарқын жақсы, 9,5 пайызға артқан. Десе де, бұл бағыт Ақтоғай, Ертіс, Аққулы, Ақтоғай және Павлодар ауданында орындалмаған. Ауыл шаруа-шылығы өнімінің өндірісі 26 пайызға өскен. Әсіресе, егін шаруашылығы еселенген. Бірақ, Ақтоғай, Баянауыл, Аққулы аудандарында тиісті межеге қол жеткізілмеген.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 13 пайызға ұлғайған. Яғни, 387 млрд теңгенің жұмысы жасалыпты. Жоспарлы көрсеткішке Ақсу қаласы мен Баянауыл, Железин, Павлодар аудандары жете алмаған.

Өңір экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Өсім – 38,3 пайыз. Ішкі және сыртқы сауда саласында да көрсеткіш көтерілген. Көлік секторында қызметтер көлемі бойынша 5,4 пайыз, байланыста 10,3 пайыз өсім бар.

Ал аудан-қалалардың үлесі тұрғысынан қарағанда барлық индикаторлар бойынша оң қарқын үш қала мен 7 ауданда тіркелді. Баянауыл, Ертіс, Аққулы аудандарында өнеркәсіптік сектор бойынша ғана көрсеткіш орындалмаған.

— 2024 жыл оңай жыл болған жоқ. Соған қарамастан аймағымыз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң қарқынға қол жеткізе алды. 2025 жылға жоспар бекітілді, барлық міндеттемелердің орындалуы тұрақты бақылауда болуы тиіс, — деді А.Байханов.

Озғаны мен орындамағаны

Жалпы, жыл қорытындысы бойынша кейбір жоспарлы көрсеткіштер тиісті межеге жетпеген. Мәселен, көлік және байланыс саласында Үкіметтің жылдық жоспары 120 пайызды құрайды. Аймағымыз бұл деңгейге жете алмады. Көлік саласында 5,4 пайыз өсім болғанымен, қоймалау, пошта және курьерлік қызметте көрсеткіш төмен. Сонымен қатар, ақпарат және байланыс көрсеткіштері бойынша 9 айда теріс динамика байқалған. Жоспар 109 пайыз болса, орындалуы – 83,6 пайыз. Ақпараттық қызмет көрсету, дыбыс жазу, баспа қызметі, бағдарламалар мен теле-радиохабар тарату бағытында көрсеткіш төмендеген.

Облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысының ел экономикасының алты пайыздық өсімін қамтамасыз ету міндетін қойғанын еске салды. Осы міндетті орындау мақсатында облыс әкімдігі қала-аудан әкімдерімен арнайы меморандумға қол қойған еді. Ирина Назарчук мұндағы жоспарды Павлодар, Екібастұз қалалары мен Шарбақты ауданы толық орындағанын атап өтті. Ал Павлодар, Ақтоғай және Аққулы аудандарында құжаттағы 5 көрсеткіштің төртеуіне қол жеткізе алмаған.  Облыс әкімі Аққулы ауданының басшылығынан көрсеткішке қол жеткізілмеудің себебін түсіндіруді талап етті. Аудан әкімі Руслан Мұқанов өнеркәсіп бойынша жоспардың орындалмауына екі кәсіп-керлік субъектісінің бірінің қайта құрылуына, екіншісінің таратылуына байланысты екенін атап өтті. Ал ауыл шаруашылығында бақша өнімдері мен қарақұмық алқабының айтарлықтай азаюы себеп болған көрінеді. Облыс әкімі өткен жылдан сабақ алып, биыл қателіктерге жол бермеуді ескертті. Оң көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ауданда барлық ресурстар барын айтты.

Ал негізгі көрсеткіштерді нәтижелі орындаған Павлодар қаласы респуб-лика көлемінде облыс орталықтары арасында көшбасшылық орында көрінеді. Железин ауданының да жылды жемісті түйіндегені айтылды.

Кіріс неге кеміген?

Бұдан бөлек, жиында облыс бюд-жетінің кірісі мен шығысының орындалу барысы талқыланды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатовтың мәлімдеуінше, облыс қазы-насына 369,9 млрд 1-3 санаттағы кіріс түскен. Жоспар 2,6 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер жоспары Ақтоғай, Тереңкөл аудандары мен Ақсу қаласында тиісті межеге жетпепті. Ал бюджет қаржысы 99,5 пайызға игерілген. Жалпы республикалық рейтингте бюджетті игеру жағынан облысымыз — үшінші орында. Игерілмеген қаражат ішінде денсаулық сақтау басқармасына тиесілі 282,8 млн теңге бар. Облыс әкімі Асайын Байханов игерілмеу себебін талап етті. Басқарма басшысы Әнуар Бұйрашевтың айтуынша, Америка мен Еуропа елдерінен медициналық жабдықтардың уақытылы жеткізілмеуінен қаржы игерілмей қалған. Осы ретте, аймақ басшысы құзырлы органдарға жыл басында бөлінген қаражатқа конкурстық рәсімдерді күзге дейін созбай, ертерек өткізуді ширату керектігін ескертті.

Бюджеттің кіріс бөлігін орындамаған қос ауданның әкімінен де жауап алынды. Мәселен, Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов тұз өндірісінің бес есеге дейін азаюынан қазынаға түсетін кіріс 25 млн теңгеге кемігенін мәлім етті. Ал Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтов бір кәсіпкерлік субъектісінің орналасқан жері Ақтоғайға ауысына байланысты кіріс жоспары орындалмады деп түсіндірді. Алайда, аймақ басшысы мұндай түсімдердің кемуі ертерек болжанып, әрекет жасалуы тиіс екенін алға тартты. Сондықтан, қос әкімге сөгіс жариялады. Одан бөлек, Ақтоғай, Тереңкөл Аққулы аудандары мен Ақсу қаласының әкімдеріне салалар бойынша көрсеткіштерді орындай алмаған қол астындағы жауапты тұлғалардың лауазымын төмендету немесе жұмыстан босату бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды. Ал облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысына көрсеткіштерді орындамаған және бюджет қаражатын тиісінше игермеген қала-аудан әкімдеріне бонустық трансферт қаражатын қысқартуды жүктеді. Сонымен қатар, аудан-қала әкімдерінің, басқарма басшыларының жұмысы тұрғындардың оған қанағаттану деңгейімен бағаланатынын атап өтті. Яғни, барлық міндет халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау екенін естеріне салды.

Айта кетейік, 2025 жылдың 31 қаңтар күні аймақ басшысы «Ertis» телеарнасы мен «Halyq Radiosy» арқылы тікелей эфирде облыс тұрғындары алдында дамудың негізгі бағыттары мен іргелі жобалар жайында есеп береді.