(Жазушы Рамазан Тоқтаров жайында бір үзік сыр)

Жазушы жайында сыр шертудің қияметтей қиын екенін түсіне отырып, мен дархан дарын иесі, қимас қатарласым Рамазанның өзі нұсқаған жолмен жүруді жөн көрдім. Мен осы тұста не жазсам да, Рамазанды көз бен көңілден қалт жібермей, оның шуақты ойларының жарығымен, соңғы туындылары – «Абайдың жұмбағы», «Бітеу жара» романдарының ізімен, оқырман ретінде, сонау елуінші жылдары Алматы шет тілдері институтында студенттік өмірді бірге өткізген, армандас замандасым туралы оқыған мен тоқығанымды, көрген-білгенімді аз да болса ортаға салып отырмын.

Жайсаң жандар – марқасқалар жаныңда жүргенде, өмірі өлмейтіндей боп көрінеді, олардың қадір-қасиет-терін бірде біліп, бірде білмейсің.

Жалпы оқырман хақында ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары қарлығаш шығармаларымен қазақтың көркем әдебиетіне жаңа рух, соны серпін әкелген жас ақындар, жазушылар толқынын арнайы айтып, олардың соңғы жарты ғасыр аясында жарық көрген теңдесі жоқ туындыларын ұлттық көркем сөздің алтын қазынасына жатқызар едім. Сыншылар қазақ классикасының соңы Сәкен мен Ілияс, Ғабит пен Ғабидендер деп жүр ғой, ал мына заманның талғамы басқа әдеби-эстетикалық, ұлттық-философиялық бейнесін жасауда Олжас пен Мұхтар, Шерхан мен Әбіш бастаған тегеурінді топтың ерен еңбегін қалай бағалаймыз?!

Меніңше, әдебиетіміздің дәл осы кезеңін дүниежүзі әдебиетінің үздік туындыларымен салыстыра отырып, адамзат өркениетіне не қостық, ұлттық дүниетанымымызды әлемге жеткізе алар деңгейге иек арттық па деген тұрғыдан саралап, қаламгерлеріміздің маңдайалды шығармаларын орыс және шетел тілдеріне аударуды мақсатты түрде Жазушылар одағы мен Үкіметке ұйымдастыру қажет секілді. Міне, осындай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар аталған жұлдызды шоғырда Рамазан сөзімен айтқанда «бес тапалдың» болуына мен кәміл сенемін. Олар – Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Қабдеш Жұмаділов және Рамазан Тоқтаров. Бұлар өнерде де, өмірде де жан достар еді, енді шеттері шетіней бастағанда, ең болмаса бір-екеуі бірігіп, қаламдас достары, қатарлас-тары жайында олардың шығармаларын кәсіби тұрғыдан талдай отырып, жәдігер көңіл, жақсы тілекпен эссе-естеліктер жазса, нұр үстіне нұр болары ақиқат. Осы ойымды жалғай түссем, отбасының архивіндегі Рамазанның Қанжығалы Бөгенбай, ақын, әнші, композитор Естай өмірлеріне арналған қолжазбаларын қарап шығып, баспалардан жариялатса, бұл да бір – достық парыздың өтеуі болар ма еді. Бұл жерде біз он романның авторы, атақты жерлестеріміздің туындысын жариялауға Павлодар облысының әкімшілігі қаржылай көмектеседі деген сенім білдіреміз.

Рекеңнің оныншы романы – «Абайдың жұмбағы». Осы дүл-дүл шығармасы үшін оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы беріліп, әртүрлі ақпарат құралдарында әдебиет қайраткерле-рінің терең талдау мақалалары жарық көрді. Біреу білер, біреу білмес, мен ауыздары дуалы халық жазушылары Әзілхан Нұршайықов пен Мұзафар Әлімбаев сияқты ауа буын өкілдерінің ой-толғамдарын облыс оқырманда-рының назарына ұсынсам деймін.

Абай әлемі жекелеген таланттардың емес, ғасырлардың еншісі, мәңгіліктің меншігі. Абай сияқты алыптар еш уақытта түбегейлі зерттеліп тынбайды. Сол себепті де ұлы Мұхтардың «Абай жолы» мен дүниежүзі әдебиетінің білгір маманы Рамазанның «Абайдың жұмбағы» — бір кемеңгер туралы екі дүние, екі әлем.

«Абайдың жұмбағы» — тарихи-философиялық роман ретінде ұлт өресінің үлкен көрінісі. Романда философиялық толғамдар (әсіресе Батыс, Шығыс әдебиеті жайлы) түйдек-түйдегімен төгіледі. Шығар-маның көркемдік деңгейін сөз етсек, оның беттерінен Абайдың өзі сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Бұл туынды Еуропа классикалық романдарының ешқайсысынан кем емес, тіпті Шығыстың кейбір кесек шығармаларынан оқ бойы озық. Қазақ әдебиеті бір қымбат қазынамен байыды.

Хас мерген атқан оғының нысанаға дөп тигенін қолы арқылы сезеді дегендей, Рамазан да арқалы, қуатты дүние жазғанын іштей білді. Қанатын жазса ғарышқа, бірден жұлдыздар арасына самғай алатын дарын иесі екеніне кәміл сенген тұсы да осы болар. Өзі де: «Менің әр кітабым – менің өмірімнің тұтас, кесек бір кезеңдері». «Бақыт» — алғашқы үйленген жылдардың қуанышы мен мұңы, «Тұлпардың сыны» — әйелмен отасқан орта кезеңдегі өмір, толысу, ұғысу жайлары, «Жердің үлгісі» — дүниеге ойлы, пәлсапа көзімен қарауға, тоқтамдылыққа ыңғайлану, «Ғасыр наны» — саяхат, мамандану процесі, «Сусамыр» — бұл да сол, жазуға, стильді шиыршық аттыруға төселу көріністері, «Таңбалы жарғақтың құпиясы» — әбден кемеліне келген, толысқан жылдардың ескерткіші». («Жұлдыз» журналы, 10, 2001, 70-б). Міне, «Ертіс мұхитқа құяды», «Жендет», «Бақыт – құлдықтың ақыры» сияқты романдарын қосқанда, Рамазанның құдіретті қаламы ұшынан жаралған, оның сәулелі ойы мен ізгілікке толы жүрегіне жиналған асыл қазыналары осылар еді. Жүрек лүпілінің соңғы сәттеріне дейін қолынан қаламы түспеген, биік парасаттылық пен кішілікті тең ұстаған біздің жазушы – әулиеміз. Рекең қылаяғында соңғы базына, ұрпақтарға арнап ақырғы ғибратын – «Бітеу жара» роман-естелігін жазды («Жұлдыз» журналы, 2001 жылы).

— Ей, ей, менің құрбы-құрдас, бақытты замандастарым! – Ей, ей, жарандар, сөзіме құлақ асыңдар!.. Үшбу қасиеттің бәрі де қара басыңда, жақсылықты да, жамандықты да тек өзіңнен көр. Не шықса да, адамның ішінен шығады: құдіретті даналық та, сұрқай пасықтық та – бәрі де… Жақсыларды жамандаудан арыл, ол – қазақтың екі қасіретінің бірі. Ұлылық пен кішілікті қатар ұстасаң ғана, толық адам боласың… Опасыз дүниеге қызықпа. Артыңда тек халқыңның рухани байлығы мен үздік өнер туындылары ғана қалады. Сол себепті ұлтыңа елеулі еңбек қалды-руға тырыс… Жазушылар жайында: «Әулиелік қонбаған жердегі жазушы-лыққа сын көп… Дүние көкжиегін кеңейтіп, өткен мен келешекті де тірілтіп әкелетін – қалам құдіреті. Жазушыны жазушы ететін де, адам ететін де – осы қалам қуаты», — деп, санадан ажырамай, ойдан жаңылмай тұрғанында осындай жүрекжарды сөзін жазды.

Рамазан екеуіміз түйдей құрдаспыз, студенттік өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге таттық. Жайсаң жерлесімді өзі туған осы қаңтар айында тағы да бір еске алып, жастарға үлгі болсын деген ізгі ниет еді менікі.

Олжабай ЖАРМАКИН,

филология ғылымдарының кандидаты.