Биылдан бастап елімізде мобильді аударымдарға шектеу қойылғаны белгілі. Енді ұялы телефон арқылы жиі ақша аударатын тұлғалар бақылауға алынып, тексеріледі. Заң күшіне енгелі қоғамда екіжақты пікір қалыптасты. Бизнес иелері табыс пен кірісті тексеріп, мәлімет алу жеке тұлғаның құқығын шектеу екеніне шағымданса, салық органдарының өкілдері бұл бастаманың «көлеңкелі экономиканы» жоюға бағытталғанын алға тартуда. Аталмыш мәселе төңірегінде Павлодар облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасовпен әңгімелестік.
— Ерболат Ислямұлы, мобильді аударымдарға қойылатын шектеу кімдерге қатысты?
— Мұндай бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Ал жеке тұлғаларға қатысты ешқандай шектеу болмайды. Бұл жерде жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдарды жасай және қабылдай алатынын атап өту маңызды. Ол дегеніміз — туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек және басқа да өмірге қажетті жағдайларға байланысты аударымдар. Мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені мұндай аударымдар бір жолғы болып саналады. Бақылау барысында бір айда 100 немесе одан да көп тұлғадан мобильді аударымдар арқылы төлем жасаған азаматтар тексеріледі. Бұл жағдай үш ай қатарынан қайталанса, демек, ол адам жасырын бизнеспен айналысуы мүмкін.
— Кәсіпкерлік қызмет сипатындағы мобильді аударымдар қалай жүзеге асады? Бизнес өкілдеріне қандай тәртіп қолданылмақ?
— Бүгінде салықтық міндет-темелерді адал орындау әлдеқайда тиімді. Меніңше, қазір елімізде бизнес жүргізуге және оны дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді, салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты тек 1-4 пайызды құрайды. Егер мұндай жағдайда кәсіпкер мобильді аударымдар қабылдаса, онда ол қазірдің өзінде «көлеңкеде» қалып, салық органының бақылауында болады. Мобильді аударымдарға шектеу қоюдағы түпкі ой – көпшілікке ыңғайлы тәсілді қиындату емес, заңсыз кәсіпкерлік қызметті «көлеңкеден» шығару. Өйткені, көптеген бизнес иелері сауда мен қызмет ақысын аударым арқылы алады. Кейбірі бизнесті кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіп келді. Тиісінше, түбіртектер берілмей, тұтынушының құқығы бұзылып, табыстан түсетін салық көлемі де өзгерді. Ал енді биылдан бастап аударымды бақылау бойынша өлшемшарт белгіленген. Яғни, бір айда 100 немесе одан да көп тұлғадан мобильді аударымдар арқылы үш ай қатарынан төлем жасалса, демек ол адам жасырын бизнеспен айналысады деген сөз. Егер бизнеспен айналысып, табыс табатын адам кәсіпкер ретінде тіркелмесе, оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заң бұзушы бір жыл ішінде қайта ұсталып қалса, айыппұлы мөлшері 30 АЕК-ке дейін өседі. Аталған мәліметтерді екінші деңгейлі банктер ұсынатын болады.
— Жасыратыны жоқ, қазір кейбір кәсіпкерлер онлайн төлемдерді қабылдаудан бас тартып, тек қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ете бастады. Бұл қаншалықты заңды?
— «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған. Яғни, банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен деп нақты айтылған. Сондықтан, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» 194-бабына сәйкес, ел аумағында сауда қызметін жүзеге асыру кезiнде төлемдерді және аударымдарды қабылдауға мiндеттi дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның төлем карточкаларын пайдалана отырып, оларды қабылдаудан бас тартуы ескерту жасауға алып келеді. Сондай-ақ, осы баптың бірінші бөлігінде көзделгендей, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан — А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.