Жұмысшы мамандық иелерінің мәртебесін арттырып, жан-жақты қорғалуы үшін не қажет? Қай бағытта батыл қадамдар жасалуы тиіс? Заңнама тұрғысынан қандай өзгеріс қажет етеді? Міне, осы сауалдар төңірегінде ұсыныстар «Кәсіподақ үйінде» өткен ашық алаңда жан-жақты айтылды.

Кәсіподақ қалай көмектеседі?

Ашық алаңға жиналған салалық кәсіподақ өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясының өкілдері жұмысшы мамандарының жағдайын жақсартуға ой қосып, ұсыныстарын білдірді.

Облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова алдымен бұл азаматтық институттың жұмысшылардың құқығы мен мүддесін қорғауда алатын орнын, атқарылған жұмыстарды алға тартты. Айтуынша, облыстық мәслихатпен бірлесіп, дәл осы жұмысшы мамандықтар жылына арналған 11 шарадан тұратын жоспар түзілген. Оның бәрі қағаз жүзінде емес, нақты нәтиже беретін бастамалар болатынын мәлім етті. Жалпы, облыста бүгінде кәсіподақтарға 130 мыңнан астам адам мүше. 17 салалық кәсіподақ ұйымы, кәсіпорындар мен мекемелерде 1274 бастапқы ұйымдары жұмыс істейді. Салалық кәсіподақ ішінде мүшелерінің саны жағынан құрамында 40 мың қызметкер бар білім беру жүйесі бірінші орында болса, 30 мыңнан астам мүшесі бар металлургтер кәсіподағы екінші орында. Үштікте – денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподағы. Д.Айтжанова бәрі тиімді ұжымдық келісімшарттар нәтижесінде екенін атады. Себебі, ұжымдық келісімшарт — заңмен қорғалған жергілікті нормативтік-құқықтық акт. Бұл ретте, кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті – қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүддесін қорғау. Бұл бағытта павлодарлық институт барынша күш салуда. Соның нәтижесі болар, соңғы 6 жылда өңірімізде ұжымдық еңбек дауы тіркелмеген. Яғни, жаппай еңбек ереуілі орын алмаған.

— Әлбетте, жеке еңбек дауы әлі де бар. Бірақ, азайғаны байқалады. Осы ретте, даудың сотқа дейін жетпеуіне күш салатын келісу комиссиялары жұмыс істеуде. Кәсіподақ ұйымы бар барлық мекемелерде бірнеше жыл бұрын осындай комиссия құрылған. Қызметкерлер аталған комиссияға жүгініп, құқығын қорғай алады. Комиссия мүшелерін оқытып, бағдар беріп отырамыз. Айта кетейін, комиссия құрамына басшылықтан бастап қатардағы жұмысшы қызметкерлер тартылады. Яғни, жұмысшы азаматтың жоғары білімі болмаса да, ұжымда беделі мен тәжірибесі мол, сөзі өтімді, ойын ашық айта алуы мүмкін. Пікірін ашық айтқан азаматтың құқығын қорғау үшін кейбір кәсіподақ ұйымдары бұл тұсты да ұжымдық келісімшартқа енгізген екен. Осы тәжірибені өзгелер де ескеруі тиіс, — деді Динара Нұржанқызы.

«Еңбек» тобы

Өнеркәсіпті сөз еткенде, өңірімізде жазатайым оқиғалар сирер емес. Былтыр 103 жағдай тіркеліпті. Өкінішке қарай, өліммен аяқталған оқиғалар екі есеге өскен. Осы бағытта да кәсіподақ өзіндік үлесін қосуға әрекеттенуде. Мәселен, техникалық инспектор қарастырылған. Олар кәсіпорындарда тексеріс жүргізіп, жұмысшылар үшін қауіпті тұстарды анықтауға тырысады. Динара Айтжанованың айтуынша, өндіріс орындары бүгінде бұл инспекторларды жауы ретінде емес, көмекші ретінде қабылдайтын болған.

— Өкінішке қарай, жұмысшылар еңбек ететін жабдық-тардың көбі тозған. Ал жаңғырту жұмыстары қала-
ғандай қарқынмен жүргі-зілмейді. Орын алған жазатайым жағдайлардың 80 пайызы жұмыс берушінің кінәсінен екені анықталып отыр. Жұмысшы мамандықтар жылында бар күшімізді олардың жағдайын жақсартуға жұмсауымыз керек. Олар ертеңгі күніне сеніммен қарап, әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қорғалғанын сезінуі тиіс. Жұмыс орнының жайлы, қауіпсіз болуын қамтамасыз етуіміз керек. Жалпы, өндірістік демократия дамып, кәсіпорын басшылығы жұмысшыларымен жиі жүздесіп, барлық жоба-жоспарларымен бөлісіп отырса деген тілек бар. Әрине, мемлекет өз тарапынан қолдау шараларын қарастырады. Біз де қарап қалмауымыз керек, — деді Д.Айтжанова.

Бұл пікірді облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко да қостап, депутаттық корпус та барынша атсалысатынын айтты.

— Президент Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Ең алдымен, олардың мәртебесін арттыру мақсат етілді. Әлеуметтік төлемдердің көтеріліп, жұмыс беруші тарапынан қолдауды күшейту көзделуде. 90-шы жылдары елімізде жастар қаржыгерлік пен заңгерлік мамандықтарына жаппай барды. Уақыттың ықпалы солай болды. Қазір олар не өзіне, не еліне жарамай қалды. бұл үрдісті өзгерту керек. Бүгінде әр өңірді дамытуға инвестиция құйылуда. Инвестиция жүрген жерде еңбек ететін маман қажет. Сондықтан жұмысшы мамандықтар мәртебесін көтеру қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда жұмысшы мамандарына қойылатын талап та өзгеруде. Оқыту кезінде соны ескеру керек. Сондай-ақ, еңбек ұжымдарымен билік арасында берік байланыс орнату қажет, — деді И.Теренченко.

Осы ретте, былтыр мәслихат жанынан құрылған «Еңбек» депутаттық тобының маңызы айтылды. Бұл топ еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек заңнамасының сақталуына мән береді. Кәсіпорын-дарда көшпелі жиын өткізіп, заңдық құқықтарын түсіндіреді. Мәселен, өткен жылы аталған топ мүшелері құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, зиянды жұмыс орындарында еңбек ететін азаматтарға заңмен қарастырылған арнайы әлеуметтік төлемнің кімдерге тиесілі екенін кеңінен түсіндірген. Нәтижесінде 1600 азамат аталған төлемге қол жеткізіпті.

Энергетик елеусіз

Ал «Павлодарэнерго» АҚ энергия жүйесінің қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Балтабек Төлеубаев энергетиктердің елеусіз қалғанына қынжылады. Бүгінде аймағымызда кәсіподақ құрамында 4,5 мың энергетик маман бар. Салада кейбір бағыттар бойынша 30 пайызға дейін маман тапшылығы байқалады. Айтуынша, аға буынның ізін жалғайтын жастар бұл салаға аса тартыла қоймайды. Ал уақыт өте ол маман тапшылығының күрделене түсуіне жетелейді. Қаңтар оқиғасынан кейін депутаттық корпус пен «AMANAT» партиясының қолдауымен айлықты арттыруға қол жеткізілгенін атап өтті. Нәтижесінде білікті мамандардың жұмыстан көптеп кетуі тыйылған. Десе де, энергетика жүйесіне жұмысқа тұруға ұмтылатын жастар легі көбейе қоймаған. Сондықтан, ол әлеуметтік қолдау әлі де күшейтілуі керек деп есептейді.

— Бүгінде біздің жалақымыз металлургтер мен мұнайшылардың табысына жуықтады. Бірақ, әлеу-меттік қолдау қарастырылмаған. Еңбек кодексіне сәйкес тарифтен әлеуметтік қажеттіліктерге қаражат жұмсауға болмайды, ал энергетиктер кірісті тек тарифтен алады. Сол себепті Ұлттық экономика министрлігі тариф қалып-тастыру ережесіне өзгертулер енгізсе дейміз. Яғни, шығындар тізіміне еңбекақы қорынан 10-15 пайыз көлемінде әлеуметтік пакетке қаржы қарастыруға мүмкіндік беруді ұсынамыз. Біздің қызметкерлерімізде сонда әлеуметтік қолдау пайда болады. Бұл жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге септігін тигізер еді. Жастарды тартуға жол ашады, дейді Балтабек Төлеубаев.

Энергетиктерге қатысты көтерген тағы бір мәселесі – оларды зиянды еңбек жағдайы бар мамандықтар тізіліміне енгізу. Сонда зиянды еңбек жағдайында қызмет ететін жұмысшылар түрлі жеңілдіктерге қол жеткізуші еді, дейді.

Бөлектеуге болмайды!

Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Гүлбарам Науразбаева жұмысшы мамандық мәртебесін көтеру отбасынан басталуы керек деген пікір білдірді. Әр отбасында жұмысшы мамандық иелеріне құрмет қалыптасуы тиіс. Еңбекқорлықтың негізі әр шаңырақта қалануы қажет, дейді. Осы орайда, жол саласында еселі еңбек еткен өзінің әкесін мысалға келтірді. Айтуынша, кезінде әкесіне министрлік атынан құрмет көрсетіліп, үйге базарлық жолданғанда балалардың сезінген қуанышында шек болмаған. Бір қарағанда мұндай елеусіз сәттің өзі бала бойында, жалпы қоғамда жұмысшы мамандыққа деген айрықша құрмет тудырады, деді.

Сонымен қатар, жұмысшы мамандар даярлауда кәсіптік білім жүйесіне көп көңіл бөлу керек екенін алға тартты. Яғни, колледждердің техникалық базасын жаңартуға жағдай жасалуы тиіс, дейді. Облыстық ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Павел Сурма да колледждердің базасын барынша дамыту керек деген ойда. Технологияның ілгерілеуімен мамандар оқыту да бірге ілесуі тиіс, дейді.

Г.Науразбаева бюджеттік мекемелерде еңбек ететін жұмысшы мамандарының да жайын сөз етті.

— Білім беру мекемелерінде біліктілігі жоқ техникалық мамандар жұмыс істейді. Олар педагогтарға қарастырылған әлеуметтік кепілдіктен қағылған. Мәселен, мұғалімдерге сауықтыруға берілетін жәрдемақыны техникалық персонал алмайды. Ал қаржы келетін қазына – бір. Бұлай бөлектеуге болмайды. Осы мәселені бұған дейін де көтеріп, нәтиже болмады. Биыл жұмысшы мамандықтар жылында шешімін табады деген үміт бар. Бұл — білім беру ұйымдарына ғана емес, жалпы бюджеттік мекемелерге тән мәселе, — деді Г.Науразбаева.

Жиында бұдан өзге де талап-тілек, ұсыныс айтылды. Облыстық мәслихат, «AMANAT» партиясы ұсыныстарды жүйелеп, хаттап, тиісті құзырлы органдарға жолдамақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Суреттерді түсірген — Константин Музалевский.