Тегін косметологиялық қызмет алуға барған павлодарлық тұтынушылардың бірі 400 мың теңгеден қалай қағылғанын білмей қалды. Ол оңай опа-далап олжаламақ болып, опық жеді. Ақыры жоспарсыз шығынға батқан тұрғын құқығын қорғау үшін құзырлы департаментке жүгінуге мәжбүр болды.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің мәліметі бойынша
жалпы косметология және косметика саудасында тұтынушылардың сапасыз қызметтерге немесе тауарларға тап болу жағдайлары жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда тұтынушылардың құқығын қорғайтын заңнама нормалары бар, яғни, оған сәйкес ақшалай қаражатты қайтару тәртібі де реттеледі.
Мәселен, жоғарыда айтқан аруымыз өткен жылдың қараша айында әлеуметтік желіден клини-
калардың бірінде тегін косметологиялық қызмет көрсетілетіні туралы ақпаратты көреді. Барып, қызметін көруді ұйғарады. Тегін косметологиялық қызмет барысында косметологтың ұсынысымен 200 мың теңгеге күтім косметика жиынтығын сатып алады. Осы кезде оған тағы 200 мың теңгенің ақылы бірнеше косметологиялық қызметін қоса күштеп алдырады. Департамент тұтынушыға сотқа дейінгі арыз жазуға көмектесті. Нәтижесінде косметологиялық қызметтер клиникасы 400 мың теңге ақшалай қаржысын қайтарды.
Осы орайда, құзырлы департамент заң талаптарын түсіндіріп отыр. Яғни, ҚР «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңының 35-бабына сәйкес тұтынушы атқарылған жұмыста кемшіліктерді байқаса, ол өз қалауымен бірнеше нұсқаның бірін таңдауға құқылы. Атап өтсек, атқарылған жұмыста, көрсетілген қызметте кеткен кемшіліктерді қайтарымсыз жою немесе оның сыйақысын тиісінше азайту, қызметті қайтадан көрсету немесе сондай материалдан қайтарымсыз негізде жасап берудің бірін таңдауына болады. Егер шартта тұтынушының кемшілік-терді жою құқығы көрсетілген болса, соған кеткен шығындарды өтеуді талап ете алады.
Сонымен қатар, кемшіліктерді орындаушы белгіленген мерзімде жоймаса немесе шарттың талаптарынан жұмыс, қызмет барысында ауытқу байқалса, тұтынушы шартты бұзуға және шығындарын өтетуге құқылы.
Тағы бір айта кетерлігі, заңның 28-бабының 1,4-тармағына сәйкес орындаушы тарап тұтынушыға тиісті сападағы қызметті жұмыс режимін ескере отырып, азаматтарға ыңғайлы уақытта еркін таңдау жасауына мүмкіндік беруге міндетті. Тұтынушыны оған қажет емес қызметті сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады.
Жалпы, таңдау жасауға тікелей немесе жанама шектеулер, артықшылықтар белгілеуге жол берілмейді. Мамандар тұрғындарды қызметтер мен тауарлар таңдауда, әсіресе, косметология саласында барынша мұқият болуға шақырады. Сондай-ақ, сатып алар немесе қызметке тапсырыс берер алдында қызмет көрсету шарттарымен мұқият танысу, компанияның нарықтағы беделін зерделеп, жарнамаларды да саралай білу қажеттігін еске салды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.