Соңғы жылдары облыс орталығы өзгеше түрленіп, көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылып, бұған дейін мүлде асфальт жол болмаған кейбір көшелерге өркениет жетті. Ендігі ретте Достық, Усолка, екінші Павлодар шағын аудандарына қосымша қоғамдық көліктер қарастыру, ойын және спорт алаңдарын орнату, тұрғын үй салу сынды ауқымды жоспарларды жүзеге асыру міндеті тұр. Тұтас қоғам үшін маңызды осы іспетті жұмыстарды атқаруда жергілікті мәслихат депутаттарының да өзіндік үлесі бар. Бұл ретте Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожин өткен жылды қорытындылап, биылғы жоспарлармен бөлісті.
— Қобланбек Нұрмұханұлы, өткен жылы түрлі деңгейдегі мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында мәслихаттардың жұмысына көп өзгеріс пен жаңашылдық енгізілді. Қалалық мәслихаттың қазіргі бет-бейнесі қандай?
— Иә, мәслихаттардың тарихы 1994 жылдан бастау алады. Сол уақыттан бері қалалық мәслихаттың әр шақырылымының депутат-тары шаһарымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Шақырылымдар арасында мәслихаттардың саяси рөлі күшейтілді. Қазіргі таңда қоғам тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы жергілікті өкілді органдардың рөлін көріп жүр. Атап өтерлігі, мәслихаттардың 30 жылдығы аясында әр түрлі шақырылымдардың депутаттары, қаланың қоғамдық кеңесінің мүше-лері осы жылдар бойы мәслихатпен тығыз қарым-қатынаста бірлесе еңбек етіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Бұған дейінгі шақырылым депутаттарының жүйелі жұмысын қазіргі буын жалғастырып келеді. Бүгінгі депутаттық корпустың құрамында табысты адамдар, қала бизнесі мен кәсіпорындарының басшылары бар. Олар көппартиялылық, белсенділік, ашықтық қағидалары аясында жұмыс істеп келеді. Мәслихат қызметінің негізгі бағыты — қаланың экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын іске асыру, бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау, аз қамтылған топтар өкілдерін қорғау, әлеуметтік саланы дамыту, қалада заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту. Депутаттар осы бағыттар бойынша қызмет атқа-
рып келеді.
Сандық дәйектерді келтірер болсақ, өткен жылы 12 сессия, тұрақты комиссиялардың 17 оты-рысы өтті. Мәслихат жанынан бес тұрақты комиссия жұмыс істейді. Көпшілікке қатысты өзекті мәселелердің барлығы алдымен сол комиссиялардың отырысында талқыланып, електен өтіп, кейін сессияға шығарылады. Депутаттар әр мәселені саралап, талдаудан өткізеді. Одан бөлек, мәслихат өкілдері түрлі құзырлы органға 189 депутаттық сауал жолдап, оның 70 пайыздан астамы оң шешілді. Басқа сұрақтар бойынша жұмыстар атқарылуда. Тағы кей істерді атқару үшін бюджеттен қаржы қарастыру қажет.
Былтыр депутаттар 75 қоғамдық қабылдау өткізіп, соның барысында тұрғындардан 525 сауал түсті. Оның 282-сі бірден шешілсе, қалған мәселелер бойынша түсінікте-мелер мен кеңестер берілді, кейбір мәселелер жұмысқа алынды. Бұл ретте заманауи жүйелер де белсенді түрде пайдаланылады. Айталық, «Е-Өтініш» электрондық жүйесі арқылы Павлодар қалалық мәслихатының атына 86 өтініш келіп түсті. Солардың ішінен 49 өтінішке жауап беріліп, тағы 37-сі құзыреті бойынша атқарушы органдарға қайта жіберілді.
Қарапайым тұрғындармен қатар, кәсіпкерлердің құқығын қорғау, олардың бизнес жүргізуіне жайлы жағдай жасауға да мән береміз. Мәселен, жергілікті кәсіпкерлерден бөлшек сауда салығының мөлшерлемесін 50 пайызға төмендетуге қатысты бірнеше рет өтініш түсті. ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да мін-
детті төлемдер туралы» Кодексінің 696-3-бабының 5-тармағына сәйкес, Павлодар қаласында бөлшек сауда салығы бойынша арнайы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді. Бұл мәселе мәслихат сессиясының шешімімен бекітілді.
— Кез келген елді мекендегі іргелі істердің қомақты қаражатқа келіп тірелетіні белгілі. Осы орайда қала қазынасын толтыру, қаржыны тиімді үлестіру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
— Өкілетті және жергілікті билік бірлесіп, қала тұрғындарының игілігі үшін маңызды істерді атқаруға баса назар аударады. Көп жағдайда жоспарлы істерді сәтті жүзеге асыру үшін қаражат қажет екені рас. Өткен жылы қала бюджеті төрт рет нақтыланып, 11 рет түзету енгізілді. Жалпы, қазынаға 257 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 30 млрд теңгеге көп. Былтырғы түсімнің артуы шағын және орта бизнес жасайтын аударымға, салықтық емес түсімдерге байланысты болды.
Атап өтер маңызды жайт, бюджет қаржысының тиімді пайдалануы оны жоспарлауға тікелей байланысты. Мәселен, өткен жылы жолдардағы шұңқырларды жөндеу наурыз айында, көше жолдарын асфальттау сәуірде басталды. Сол сияқты әлеуметтік нысандар құрылысы, тіпті гүлдерді, көшеттерді отырғызу сынды жұмыстар дер кезінде қолға алынды. Бұл – 2023 жылы мемлекеттік конкурстардың уақытылы өткізілуінің нәтижесі. — Тұрғындар көп жағдайда қандай мәселелер бойынша жүгінеді? Олар көтерген қай бағыттарға қаржы жұмсауға баса мән бересіздер?
— Әдеттегідей, көпшілікті коммуналдық мәселе алаңдатады. Әсіресе, аулаларды абаттандыру, ойын және спорт алаңдарын орнатуға қатысты өтініш-ұсыныс көп. Кейбір аулаларда заман талабына сай алаңдар салу керек болса, кейбірінде бұған дейін орнатылған алаңдарды жөндейтін кез келді. Мәселен, 2023 жылы бюджеттен қаржы қарастырылып, былтыр 21 футбол алаңы мен 48 спорт – жаттығу жабдығы жөнделді. Сол сияқты 108 ойын алаңы жабдықталып, 30 StreetWorkout, 30 стритбол, 12 шағын футбол алаңы құрылды. Оған қоса, 80 балалар ойын алаңы мен 8 шағын алаң жарықтандырылды. Сөйтіп, қаламыздың кішкентай тұрғындарының ойнауына, жеткіншектеріміздің спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасауға тырыстық.
— Аулалар туралы сөз қозғалғанда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару мәселесін де айтпасқа болмас. Кейбір көпқабатты тұрғын үйлердің аумағындағы контейнерлер әбден ескіріп, қолайсыздық тудырып жататыны бар. Бұған қатысты не дейсіз?
— Тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселе де біздің назарымызда. Көпшіліктің талап-тілектерін ескере отырып, коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорынның жұмысын бақылауда ұстаймыз. Бүгінгі таңда шаһарымызда барлығы 10 мыңнан астам контейнер бар. Өткен жылы 20 алаңда жаңадан 133 еуроконтейнер қойылды. Алюминийден жасалған, қақпақтары бар бұл контейнерлер қолқаны қабатын иістен сақтауы тиіс. Биыл да осындай контейнерлер қою жоспарланып отыр. Одан бөлек, «Спецмашин» кәсіпорны былтыр 10 техника сатып алды. Жаңа техникалардың көбеюі, заманауи контейнерлердің орнатылуы қала тазалығына жақсы әсер етеді деген ойдамын.
— Бұған дейін жолаушылардың басым бөлігі тарапынан қоғамдық көліктің қызметіне қатысты шағымдар жиі түсетін-ді. Жағдайды реттеуге қалалық мәслихат депутаттарының да араласқанын жақсы білеміз. Нәтиже қалай?
— Рас, кейінгі жылдары тұрғын-дардың көпшілігі автобустардың қызметіне көңілі толмайтындарын жиі білдіріп жатты. Біз де жолау-шылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға барып, жағдайды көріп, талдау жүргіздік. Бұл ретте «Павлодар автокомбинаты» кәсіпорнына қатысты сын көп айтылды. Атап айтқанда, 1,
1 э, 2, 9, 18 және 27 бағыттарындағы автобустардың қозғалыс аралығы 15 минуттан 31 минутқа дейін болатынына шағымданды. Бұл мәселе арнайы жиында да қаралып, кәсіпорын басшылығына шарттық міндеттемелерді орындау ұсынылды. Сол сияқты шағын автобустардың ылғи адамға лық толы болатыны жиі көтеріліп жүрді. Бұл мәселе автобус паркін жаңарту арқылы шешіліп келеді. Қазіргі таңда облыс орталығында қатынайтын қоғамдық көліктің дені – соңғы үлгідегі үлкен класты автобустар. Жыл соңына қарай тағы 12 көлік жеткізіліп, қазіргі күні №3, 003 бағытында жолаушылардың діттеген жерге жайлы жетуі үшін қызмет көрсетіп келеді.
Сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаттары трамвай жолын дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Айталық, «Достық» шағын ауданына апаратын трамвай жолын салуға қатысты жоба әзірленді. Осы мақсатта саяжай аумағындағы бірнеше жер телімі сатып алынды. 2030 жылға дейін Усолка шағын ауданын айналып өтетін трамвай жолын тарту, Екінші Павлодар шағын ауданына осы қоғамдық көліктің қатынауына жағдай жасау да қарастырылуда. Мұның барлығы қомақты қаражатты қажет етеді.
— Жер телімдеріне қатысты мәселені айтып қалдыңыз. Білуімізше, саяжай аумағын, мемлекет қажеттілігі үшін керек өзге де жер учаскелерін сатып алу мәселесі мәслихатта қаралады. Былтыр депутаттар қандай аумақ-тарды көпшілік игілігі үшін қайтарды?
— Жоғарыда атап өткенімдей, саяжай маңындағы бірнеше жер телімі трамвай жолын салу, тағы бірқатар учаске «Достық» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын жалғастыру мақсатында сол аумақ иелерінен барлығы 79 саяжай жері сатып алынды.
Тағы бір мәселе – Усолка шағын ауданындағы мектепте оқушылар орны тапшы. Балалар бірнеше ауысымда оқуға мәжбүр. Ал білім ордалары жобалық қуаттылықтан артық шәкіртті қабылдап отыр. Бұл мәселені сол шағын аудандағы сайлаушыларымыз бірнеше рет көтерген еді. Жаңа мектеп салу үшін кемінде 2,3 гектар болатын жер керек. Депутаттар шағын ауданның өзінен осындай аумақтағы учаске қараған еді, бірақ лайықты орын болмады. Сөйтіп, жергілікті әкімдік «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшылығымен келіссөздер жүргізіп, ортақ мәмілеге келді. Соның аясында ұйымға тиесілі жер аумағы мемлекет қажеттілігі үшін берілетін болды. Яғни, мәслихаттың тікелей қатысуымен аталған учаске сатып алынды. Енді биыл мұнда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында заманауи оқу ордасы бой көтеруі тиіс. Сөйтіп, шағын аудандағы түйткілді мәселенің түйіні тарқайды.
— Жақында қалалық мәслихат жаңа пилоттық жоба – жасанды интеллектті жұмыс барысында қолдану ісін қолға ала бастады. Бұл туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
— Көпшілік жиі қолданатын 2Gis қосымшасында қалалық мәсли-хаттың барлық депутаты туралы мәлімет бар. Кез келген тұрғын аталмыш қосымшада өз үйінің мекенжайын жазса, сол учаскеге жауапты депутатқа байланысты ақпараттар, яғни телефон нөмірі, қоғамдық қабылдауды қай уақытта және қайда жүргізетіні, әлеуметтік желілердегі парақшасының сілтемесі көрсетіледі. Бұл – бірінші кезектегі жұмыс. Екінші бағыттағы жұмыс — жасанды интеллектті пайдалана отырып, тұрғындардың сұрақтарына тез арада жауап беру. Ол үшін жылыту маусымының басталуы, ескі ағаштарды кесу, қоғамдық көлікпен тегін жүру тәртібі, жалдамалы және жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үйлерді алу сынды жиі қойылатын сұрақтар мен оларға жауап дайындалды. Құрғақ жауаппен шектелмей, заңнамалар, құқықтық-нормативтік актілерге сілтемелер де көрсетілді. Тұрғын депутатқа хабарласқан уақытта ол жиында, қоғамдық қабылдауда болып, телефон тұтқасын бірден көтере алмауы мүмкін. Сондай кезде сайлаушының сұрағына сол мезетте жауап беру үшін 24/7 режимінде жұмыс істейтін жасанды интеллект көмекке келеді. Сол арқылы сайлаушы өзін толғандырған сұраққа жедел түрде жауап ала алады. Әлбетте, жасанды интеллект сауалдың бәріне бірдей жауап бере алмайды. Кейде жеке сипаттағы, тұрмыстық сұрақтар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда депутаттың өзі мәселені реттеп береді. Қазіргі уақытта аталмыш пилоттық жоба екі округте жұмыс істейді.
Жалпы, озық технологиялар дамыған жаһандану заманында әрқайсысының оңтайлы тұсын пайдаланған артық болмас деп ойлаймын. Ол тұрғындарға да, депутаттарға да қолайлы болса, құба-құп. Мәслихат депутаттары сайлаушылармен қоғамдық қабылдауда да бетпе-бет жүздесіп, талап-тілектеріне құлақ түруге әзір. Оған қоса, әр депутат өзі жауапты округті аралап, жұртшылықпен жүздесіп, толғандырған мәселелерді бірлесе шешіп жатады. Қысқасы, біз әрқашан ашықпыз. Облыс орталығы азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартып, қаламызды көркейтуге, өңірді өркендетуге үлес қосуға әзірміз!
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.