Қазақтың халық ақыны, әнші, сазгер Иса Байзақовтың өмірі өзінің ғажайып дарынындай ерекше де ғажап болды. Содан болар, ақын туралы көптеген дәйекті дерек тамаша аңызға айналып жүр. Осыған орай Иса Байзақовтың қызы Махпуза Байзақованың әкесі туралы толғанысын ұсынуды жөн санадық.

1939 жыл. Әкемнің тойлары

1939-1940 жылдар аралығы әкеміз үшін өмірінің ең бір бақытты кезеңі болды. Мұның алдындағы жылдарда көрген жалғыздық, қайғы-қасірет, көптеген әділетсіздіктен кейін төбесіне төнген бұлттар ыдырап, әкеміздің жүзі жадырап шыға келді. 1939 жылы бір топ ақын-жазушы ордендермен марапатталғалы жатқанда, папам интернатқа келіп, маған мынадай әңгіме айтты: «Союзге Москвадан бір телеграмма келіпті. Онда «поэта Умурзакова командировать» деген. Бүкіл қазақ-қырғызда ондай ақын жоқ деп жазушылар әлек болып жүр. Ал менің жүрегім сезеді, сол дәл маған келген телеграмма. Үндеме, қызым, папаларыңның бағы енді ашылар», – деді.

Ақыры, папамыздың ойы тура боп шықты. Сол кездегі СССР Жазушылар одағын басқаратын А.Фадеев «Иса Байзақовты жіберіңіздер» деп жөнделген телеграмма жолдапты. Ең бір қызығы, дәл жүрердегі болған оқиға. Папамның дұрыс костюмі болмай қалса керек. Ол кісі үйсіз жүргендіктен дүниелері әр жерде қалып қоятын немесе өзінен костюмі нашарлау біреуге кигізе салатын дүниенің бетіне қарамайтын адам болатын.

1936 жылдың жазында Семейде өз көзімізше екі қолы жоқ көшеде отырған бір кісіге үстіндегі су жаңа костюмін кигізе салғаны бар. Апам ренжіп еді, папам болса: «Шәрбану, сен саспа, мен ертең-ақ дәл сондай костюмнің көкесін табам, ал мына мүгедек байғұс қалай табады», – деді.

– Енді көйлекшең барасың, қонаққа келе жатырмыз ғой, – деген апама:

– Е, Исаны киімі үшін сыйлаған үйдің маған көк тиынға қажеті жоқ, – деп жауап берген еді… Содан папамыз Мұхтар ағайдың үйіне жетіп бара салып:

– Мұқа, ана киім ілген шкафты аш, – депті. Мұқаң сөзге келмей аша қойған. Әкеміз барлық костюмін қарап шығып, біреуін киіп алыпты да, «мынау маған шақ екен, ақшасын керосин қатқанда аларсың» деп шығып жүре беріпті. Мұны папам өзі Мұқаңа үлкен ризашылық білдіре, ағасындай еркелетінін мақтана айтатын.

Әкем 1939 жылдың көктемінде Москва, Киев, Кавказды аралап, «Кавказ» поэмасын жазып, кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту» орденін тағып оралды. Біз лагерьде түскі ұйқыда жатыр едік, тәрбиешіміз келіп «папаң шақырады» деді. Атып тұрып, далаға шықсам, анадайда, алма бағы түбінде папам, Ертіс, Қатира апам және бөтен бір ақсары әйел әңгімелесіп отыр екен. Таныстық. Бұл әйел өгей шешеміз екен. Папам тойына жеңгесін де шақыртса керек. Қатира апам жылап-сықтап мені құшақтап, шерін тарқатып жатты. Ал мен папамның орденіне қарап мәз боп отырдым. Әкеміздің тойы Қаскелең ауданының Жамбыл колхозында болды. Көптеген ақын-жазушы (тек Жамбыл атай келе алмады) келді.

Той үш күнге созылды. Есік алдындағы көк жоңышқаға текемет, кілемдерді төсеп тастап, бәрі де сайрандап жатты. Орындықта отырып, өзінің желдірмелерін орындады. Жұрт кейде папамды желдірмесін айтқанда «Иса төрден есікке дейін қимылдап отырып жетіп қалушы еді» деп әңгіме қылады. Мүмкін, тым жас шағында сөйткен болар, ал соңғы біз көрген жылдарда бір орнында отырып-ақ айтатын. Ол біздің жақтағы суырыпсалма ақын Құдайбергеннің үлкендігін, талантын сыйлап, оның желдірмесін анда-санда қонақта отырғанда айтатын еді. Сонда Құдайбергеннің өзіне ұқсап құбыла ойнап, көп қимыл жасайтын. Ал өз желдірме-лері қанша қызулы, жігерлі болса да, бір орында отырып, не түрегеп тұрып-ақ өлеңнің ішкі сырына сай орындайтын. Ол «Зәурешті», «Қорланды» аса тебірене айтатын еді. Тыңдаған адамның сезімін толқыта, жүрегін елжіретіп көзіне жас толтыратын. Міне, сол тойында да әкем байыппен орындықта отырып-ақ шаттана, көңілдене шырқады.

Әкеміздің дауысы кешкі ауамен көтеріліп аспандап алысқа кетіп жатты. Ал тойға арнаған дастарханы да ағыл-тегіл мол жайылды. Бірінші күнгі тойды Сәбит аға басқарды. Қойдың басын табағымен өзі ұсынған папамның «Ал Сәбе, бүгін өзің басқар бұл тойды» дегені де есімде. Әкеміздің сәулетті күндерінің бірі сол тойын өзі тамаша өткізген еді.

Махпуза БАЙЗАҚОВА,

Иса Байзақовтың қызы.