Топырағы майлы, жері құнарлы Ертіс-Баян өңірі жылда картоптан тарықпайтын. Тіпті, былтыр Павлодар облысы елімізде картоп өсіруден көш бастады. Десек те, жуырда жергілікті тұрғындар күнделікті тұтынатын картоптың құны күрт қымбаттағанын айтып, шарықтап кеткен азық-түлік бағасына шағымданды. Жұртты алаңдатқан жағдай тек біздің өңірде ғана емес, сондай-ақ, еліміздің бірқатар облысында орын алды. Жалпы, бағаның
жүгенсіз кетуіне не себеп? Өңірде өнім қоры жеткілікті ме?
Облыс бойынша картоп пен сәбізден жиналған өнім ішкі тұтыну және экспорттық әлеуетті сақтау үшін жеткілікті екенін атап өткен жөн. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес картоптың жалпы өнімі 768,6 мың тоннаны құрады. Оның ішінде көкөніс қоймасына 360 мың тонна салынған. Одан бөлек, облыстың тұрақтандыру қорында шамамен 4 мың тонна картоп бар.
Ағымдағы айдың басында облысқа Грузиядан картоптың қосымша партиясы келіп түсті. Бөлшек сауда желісіндегі импорттық тауардың бағасы 250 теңгені құрайды. Сондай-ақ, облыстың ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерімен жасалған меморандум шеңберінде картопты әлеуметтік дүкендерге жеткізу жүргізілуде. Осылайша екі күн сайын облыс орталығына жиырма тоннаға дейін картоп жеткізіледі. Оларды Павлодар облысының ауыл шаруашылығы ұйымдары, Ақсу, Ақтоғай, Железин, Успен, Галицкий ауылдық округтері қамтамасыз етеді. Көлік шығындарын ескере отырып, тұтынушылар үшін бір келінің бағасы 120-140 теңгені құрайды.
Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевтың айтуынша, картоптың қысқы және көктемгі бағасын тұрақтандыру мақсатында өткен жылдың қараша айында басқарма басшысы 23 ірі шаруа қожалығымен меморандумға қол қойған. Осы меморандум бойынша шаруалар тиісінше 100 және 85 теңгеден 10 мың тонна картоп пен 3 мың тонна сәбіз жеткізуі тиіс. Біріншісі 120 теңгеден сатылады.
– Толықтыру операторлардың қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда картопқа сұраныс артып келеді, әлеуметтік дүкендер өтінім беруде. Өткен аптада бізге 30 дүкеннен өтініш келіп түссе, осы жұмада елуден астам сауда орындары өтініш берді. Біз картопты тікелей ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің астық сақтау қоймаларынан жеткіземіз. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар өнімді сату Тұрақтандыру қорының әріптес дүкендерінде және «Jailau» фермерлер нарығында жүзеге асырылады. Алдағы күндері Тұрақтандыру қорынан картопты «Small» супермаркеттер желісіне жеткізу жүзеге асырылады. Қала бойынша картопты бекітілген бағамен сатып алуға болатын 58 сауда нүктесі бар. Жалпы, Тұрақтандыру қорынан жеткізілетін ауыл шаруашылығы тауарларымен 102 дүкен қамтылмақ, — деді ол.
Сонымен қатар, Павлодар қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Батыр Мүтәлапов өңірде картоп тапшылығы болмайтынын алға тартады. Өйткені, осы мақсатта құрылған тұрақтандыру қоры қазір айналым механизмі арқылы жұмыс істеп жатыр. Яғни, фермерлермен тікелей келісім жасалып, тауарлар дер кезінде жеткізілуде.
— Біздің әлеуметтік дүкендерге бір таратқанда 50 тонна картоп жеткізіледі. Ол екі күнге жетеді. Сондықтан сөрелерді босатпай, күнара картоп апарып отырамыз. Қордағы өнім наурызға дейін молынан жетеді. Біз өзіміздің өңірдің ішкі нарығын толық қамтамасыз ете аламыз. Тұрақтандыру қорындағы картоп бағасы бекітілген. Ал импорттық тауарлардың бағасы басқа, — деп толықтырды ол.
Айтқанымыздай, еліміздің бірнеше өңірінде картоп бағасының күрт өсуіне байланысты жақында Үкімет көкөністі үшінші елдерге экспорттауды жарты жылға шектеу туралы шешім қабылдады. Нақтылап өтсек, 2025 жылдың 18 қаңтар күні Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданған бұл шешім ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін жасалған шара ретінде бағаланды. Енді картоп экспорттау үшін фитосанитарлық сертификаттар берілмейді. Дегенмен, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне картоп экспорттауға рұқсат бар, бірақ қатаң бақылау жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлі-гінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанда картоп қоры 850 мың тоннадан асады. Бұл көлем елдің ерте өнім жиналғанға дейінгі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. 2024 жылы елде 2,9 млн тонна картоп өндірілді, оның 1,5 млн тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса, қалғаны экспортқа жіберілді. Сондай-ақ, былтыр картоп бағасы өндірушілер үшін 170 теңгеден 270 теңгеге дейін өсті. Бұл ретте экспорт көлемі 50 пайызға артып, 605 мың тоннаны құраған болатын.
— Көрші елдерден, әсіресе Өзбекстаннан сұраныстың артуы және биылғы жоғары экспорт-
тық бағалар салдарынан картоп экспорты 1,5 есеге өсті: 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін. Ажиотаждық сұраныс ішкі нарыққа әсер етті. Соңғы аптада экспортқа бағдарланған өндірушілердің баға деңгейі 170 теңгеден 270 теңгеге дейін көтерілді, — делінген Үкіметтің хабарламасында.
Айта кетейік, Үкімет қабылдаған бұл шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, негізсіз баға өсімін болдырмауға және нарық қатысушыларының алыпсатарлық әрекеттерін шектеуге бағытталған. Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органдары антимонополиялық органдармен бірлесе отырып, жағдайды күшейтілген бақылауға алып, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда шара қолданатынын мәлімдеді. Яғни, министрлік өкілдері кaртоп бағасын назарда ұстайтынын және заңнаманы сақтамаған кәсіпкерлерге қатаң шаралар қолданылатынын атап өтті.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.