Алдағы уақытта елімізде жанар-жағармай бағасы қымбаттауы әбден мүмкін. Себебі, Энергетика министрлігі мұнай өнімдеріне белгіленген шекті бағаны алып тастауға ниетті. Тиісті құжат Ашық НҚА порталында жарияланды.

Осыдан үш жыл бұрын елімізде жанар-жағармай өнімдерінің шекті бағасы белгіленген болатын. Стационарлық бекеттер сол бағадан асырмай сатуға міндеттелді. Айталық, бүгінде АИ-80 маркалы жанармайдың бір литрі 89 теңгеден, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің литрі 205 теңгеден, дизель отынының бағасы 295 теңгеден аспауы тиіс. Ал алдағы уақытта мұндай белгіленген баға болмайды. Мемлекет нарықтағы баға жағдайын бақыламайды. Тек тұрақты модель саясатын жүзеге асырмақ. Мұндай шараны қолға алмаған жағдайда ішкі нарықта тапшылық туындап, «сұр» импорт жүйесі дамитын көрінеді.

— Қазақстандағы бензин мен дизель отынының бағасы — әлем бойынша ең төмен бағалардың бірі. Мысалы, Қазақстанда АИ-92 бензинінің бағасы литріне 205 теңге, Ресей Федерациясында 288 теңге, Қырғызстанда 385 теңге, Өзбекстанда 489 теңгені құрайды. Қазақстанда дизель отыны литріне 295 теңге, Ресей Федерациясында 355 теңге, Қырғызстанда 427 теңге, Өзбекстанда 528 теңге тұрады. Осылайша, АИ-92 бензинінің бағасындағы айырмашылық 40 пайыздан 138 пайызға дейін, дизель отынына 20 пайыздан 79 пайызға дейін жетеді. Бұл тапшылық тудырып, отанды әр түрлі заңсыз схемалар арқылы шетелге шығаруға әкеп соғады. Сондай-ақ, саланы жаңғыртуды тежейді, — деп мәлімдеді министрлік өкілдері.

Оның орнына аталмыш ведомство баға белгілеудің тұрақты моделін енгізіп, сол арқылы нарықтағы жағдайды реттеуді көздеп отыр. Бұл өз кезегінде сұраныс пен ұсыныс арасындағы нарықтық теңгерімді құруға, отын тапшылығын жоюға, мұнай өңдеу саласын жаңғыртуды ынталандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, ұзақмерзімді инвестицияларды тартуға бағытталған.

— Азаматтардың мүдделерін қорғау үшін әлеуметтік қолдау шараларын көрсету жалғасады. Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері ашық схемалар мен қолайлы бағалар бойынша дизель отынның кепілдендірілген көлемін жеңілдетілген бағамен ала алады. Энергетика министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп нарықтағы бақылауды күшейтеді, заңнаманың орындалуын және отынның ішкі нарыққа үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді, – деп уәде етті жауапты ведомство басшылығы.

Демек, жанар-жағармай бағасы 2025 жылдың ақпанынан 2026 тамызына дейін литріне 205 теңгеден 281 теңгеге дейін, дизель бағасы 295 теңгеден 343 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бағаны біртіндеп өсіру механизмі нарықтағы ахуалға, көрші елдердегі орташа бағаға байланысты қайта қаралуы да ықтимал.

Сол сияқты Энергетика министрлігі 1 ақпаннан бастап сұйытылған газ бағасын қымбаттатуға қатысты бұйрық жобасын жариялады. Мұны өндірушілер шығындарының өсуімен байланыстырып отыр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, сұйытылған газ өндірісінің қазіргі бағасы тоннасына 65 мыңнан 75 мың теңгеге дейін, ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 45 158 теңге көлемінде белгіленген.

— Осыған байланысты, өндіруші зауыттарда жыл сайынғы жоспарлы жөндеулерді жаңғырту және жүргізу үшін қаражат тапшылығы жинақталуда. Сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылғы 1,8 млн тоннадан 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейінгі өсуі жалғасып жатқанын айта кету керек. Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы ТМД елдері арасында ең төмен бағалардың бірі болып қала береді, — делінген министрлік мәлімдемесінде.

Сөйтіп, сұйытылған газдың шекті көтерме бағасын тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін қымбаттату көзделіп отыр. Сәйкесінше, бөлшек саудадағы бағалар да өзгереді. Ол әр өңірде әр түрлі көлемде белгіленген. Айталық, бұған дейін біздің облыста газдың бір литрі 81 теңге болса, ақпаннан бастап 102 теңгеден сатылады. Ал облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықтықтағы елді мекендерде газдың литрі 86 теңге болса, енді 107 теңгеге дейін жетеді.

Осылайша, министрлік жанар-жағармай нарығындағы баға мәселесін тікелей реттеуден бас тартуды көздеп отыр. Оның салқыны тауарлар мен қызмет көрсету бағасына да тиері анық.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.