Елу жылға жуық еліне қызмет еткен, сондай-ақ, барған жерінде ұлттық салт-дәстүр мен туған тілді насихаттап, жас буынды иманды болуға баулып жүрген бесаспап жандар саусақпен санарлықтай. Солардың бірі – Шарбақты ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, көпбалалы ана әрі кәсіпкер Қалимаш Айтқұлова. Бүгінде сексеннің сеңгіріне жақындап қалса да тынымсыз еңбек етіп, әр ісімен көпке үлгі-өнеге болып жүрген еңбекқор жанмен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.
— Қалимаш апа, осы жасқа дейін жалықпай еңбек етіп келе жатыр екенсіз. Мұның сыры неде?
— Иә, Алланың берген қуаты болар, сексенге жақындап қалсам да қарап отыра алмаймын. Елім, балаларым, үрім-бұтағым үшін еңбек етуден еш жалыққан емеспін. Алғашқы еңбек жолымды Шарбақты ауданының Шегірен ауылында есепші болып бастадым. Яғни, сол заманның тілімен айтсақ, совхозда бухгалтер болдым. Сөйтіп, осы салада ұзақ уақыт бойы үкіметке жұмыс істедім. Арасында жолдасымның қызмет бабына байланысты Аққулы (бұрынғы Лебяжі) ауданына көшіп барып, біраз жыл еңбек еттім. Бұдан соң қайтадан Шарбақты өңіріне оралып, осында ел қатарлы тірлік жасап жатқан жайым бар. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрдым. Осы күнге жетуіме үлкендердің ақ батасы әсер етті деп ойлаймын. Небары 19 жасымда Шегірен ауылына келін болып түсіп, ата-енеме қолымнан келгенше қызмет еттім. Олар үнемі батасын беріп, разылығын білдіріп отыратын. Осы орайда, атам туралы бір-екі ауыз айта кетпегенім жөн болмас… Менің жолдасымның әкесі соғысқа аттанып кеткен кезде оны атам бауырына басып алған екен. Бірақ өгейлік көрсетпей, ешкімнен кем қылмай өсіреді. Бәрі бізді сыртымыздан «өгей» деп айтатын көрінеді. Менің риза болатыным, ата-енем ешқашан бізді өзгелерден бөліп-жармай, өз туған балаларындай көрді. Атам есімі елге мәшһүр қайраткер, хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлынан дәріс алған, жүрегінде иманы бар, адамгершілігі мол, өте көреген адам болды. Ол кісі маған әрдайым ақыл-кеңесін айтып, келін болсам да құрмет көрсетіп отыратын. Оған деген біздің де сыйластығымыз ерекше еді.
Міне, осы әулетке келін болып түскеннен бастап көрген құрмет, үлкендердің разылығы, бәрі-бәрі маған күш-жігер берді. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» демекші, қарттардан алған ақ бата жолымызды ашып, әр ісімізді берекелі етті деп ойлаймын. Сондықтан да болар, бүгінде бес уақыт намазымды қаза қылмай, кәсібімнің нәсібін көріп, ұл-қызым мен немере-жиендердің ортасында аман-есен отырмын. Әлі де жұмыстан қол үзген жоқпын. Кәсібімнің кіріс-шығындарын өзім есептеймін. Шаруамыз бітпесін деп тілеймін. Өмір сонысымен мәнді.
— Естуімізше, сіз анау-мынау емес, халал кәсіппен ғана айналысады екенсіз. Түрлі ұлт өкілдерінің басы түйіскен әрі шекара шебінде орналасқан Шарбақты сияқты ауданда халал кәсіп қаншалықты тиім-
ді? Сондай-ақ, халалға қарсылық танытқандар болды ма?
— Үкіметке бір кісідей еңбегім сіңді. Бұдан кейін жеке кәсіпкерлікті қолға алдым. Басты мақсатым — адал кәсіппен айналысу еді. Сөйтіп, ауданда алғаш болып халал дүкен аштым. Онда халыққа тек халал өнімдер ғана ұсынылады. Тіпті, сатылатын еттің өзі таза болу үшін сойылатын малды шариғат талаптарына сай бауыздап, еттерін реттеп, содан кейін ғана сатылымға қоямыз. Халал өнімнің адам денсаулығы үшін де, рухани тазалық тұрғысынан да маңызы зор. Алланың алдында да адал болу үшін әрбір мұсылман халал ас ішіп, жаман іс жасамау қажет. Менің бұл дүкенді ашудағы мақсатым да осы болды. Яғни, халыққа адал ас-су ұсынғым келді. Мұнымен ғана шектеліп қалған жоқпын. Аудан орталығында 300 орындық халал дәмхана аштым. Әрине, мұндай іс бастау оңай болған жоқ, өте көп кедергіге кездестім. Бірақ еш мойыған емеспін. Дәмхананың құрылысын салатын жерді алу үшін екі жыл жүгірдім. Құзырлы мекемелердің өзі халал тойханаға қарсы болды. Ақыры үй саламын деп жоспарымды өзгертіп, содан кейін қайтадан сметалық жоба жасатып, өз дегенімді істедім. Малдың бәрін сатып, жылдар бойы жиған-терген қаражатты осы дәмхананың құрылысына жұмсадым. Тек балаларым ғана қолдау көрсетіп, жанымнан табылды.
Дәмхана халал болғандықтан онда той өте аз өтеді. Мәселен, ала жаздай небары үш той ғана болды.
«Пайда ойлама, ар ойла!», — деп Абай айтқандай, мен бұл халал дәмхананы пайда табайын деген ниетпен ашқан жоқпын. Керісінше, мұсылман бауырларымыз халал той жасап, адал ас ішіп, жүректеріндегі иманы оянсын деген ойым болды.
— Аудан тұрғындары сіздің үнемі қайырымдылық шараларымен айналысатыныңызды, бірақ бұл туралы мүлдем жария етпейтініңізді айтады. Үнсіз қалуыңыздың себебі неде? Кейбір кәсіпкерлер жасаған жақсылығын жұртқа жарнамалап, соның есебінен де ұпай жинап жатады ғой.
— Көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету, жалпы, жағдайы бар адамдардың жиі садақа беруі — мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі саналады. Бұл – өте сауапты іс. Сондықтан мен әрдайым аудандағы көпбалалы отбасыларына, мұқтаж жандарға, мектеп оқушыларына қолымнан келгенше қайырымдылық көмек көрсетуге тырысамын. Бірақ бұл туралы жария етпеймін. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген сөз бар ғой. Тіпті, кімге қанша бергенімді есептемеймін. Аудан орталығымен қатар, ауылдардағы мектеп оқушыларына да көмек қолын созып, дорба-дорба сәлемдеме жіберіп жататын сәттер болады. Әсіресе, Алла елшісі Мұхамед пайғамбарымыздың туған күніне орай атап өтілетін Мәуліт мерекесі қарсаңында қайырымдылық жасау- дан аянбаймын. Осы атаулы күні ақ дастарханымды жайып, балаларды, жастарды, көмекке мұқтаж жандарды шақырып, асыл дініміздің қасиеті, адамгершілік, мұсылман парызы, сауапты істер және басқа да тақырыптарда әңгіме-дүкен құрамыз. Былтыр Мәуліт мерекесі қарса-ңында аудан әкімі мен бір кәсіпкер балам қойларын әкеп, өздері де үлес қосқылары келетінін айтты. Қолдарын қаққан жоқпын. Сөйтіп, 150 адамды тамақтандырған болатынбыз. Мысал ретінде тізбектеп айта берсем, шыға береді. Дегенмен де, өз басым жасаған жақсылықты жар салып айтып, соның есебінен бедел жинау, атыңды шығару немесе басқа да мақсаттың болғаны үлкен қате деп санаймын.
— Ұлттық салт-дәстүр мен туған тілді насихаттауға да өз үлесіңізді қосып, осы бағытта өткен іс-шаралардың басы-қасында жүретініңізді естідік. Бұл ретте, «әттеген-айлар» бар ма?
— Қолымнан келгенше жүрген жерімде ұлттық салт-дәстүрді, ана тілімізді насихаттауға үлес қосамын. Өзім де жастарға үлгі болайын деген оймен үнемі ұлттық киім киіп жүремін. Басымнан ақ орамалым түскен емес. Жасыратыны жоқ, кезінде менің орамалыммен алысқан адамдар да болды. Тіпті, бұрын аудандық ауруханада жатқанымда сондағы әйелдер «үлкен әже сияқты мынауың не?» деп басымдағы орамалды жұлып алып кететін. Мен басқасын тағып алатынмын. Сондай қорлықты да көрдік. Өткен күнде белгі жоқ. Мені алаңдататыны – қазіргі қазақ әйелдерінің көбі шашын қиып, жайып, жалбыратып, жалаңбас жүреді. Бұл дұрыс емес. Жалаңбасқа жамандық жабысады дейді. Соның салдарынан адасулар, ажырасулар көбейіп барады. Қыз-келіндерімізге осы мәселені түсіндіріп, орамал тағу, кимешек киюдің қасиетін айтып, оны сыйға тартып жататын әдетім де бар. Жалпы, қазақтың ұлттық дәстүрлерін, қолөнерін кейінгі жастарға үйреткіміз-ақ келеді. Бірақ бұған олар қызығушылық танытпайтынын көріп қынжыламын.
Айта кетерлігі, ұлттық мереке – Наурызды жоғары деңгейде атап өтуге аянбай атсалысамын. Бұл күні ұлттық тағамдар пісіріп, жергілікті халыққа дәм татқызамын. Өз әулетімде Ұлыс күні тойланады. Ал жаңа жылды атап өту, шырша безендіру дегенді мүлдем білмейміз.
Тағы бір өкініштісі, қазақша сөйлегенімізге қарсы шығып, шүйлігетіндерді де көрдік. «Түсінікті тілде сөйлеңдер!» деп бұйрық беріп, сес көрсеткісі келетіндермен де талай бетпе-бет келген кез болды. Бірақ мұндайларға иіліп, тіліміздің мәртебесін түсірген жоқпын. Шамам келгенше, туған тілдің тұғырын биік ұстауға тырыстым. Алайда бүгінде, яғни тәуелсіз ел атанған тұстағы аудандағы қазақ тілінің қолданыс аясына қарным ашады. Қазақ балаларының тілі орысша шығып жатыр. Соларға қарап, жүрегім сыздайды. Бұған жол берген үлкендерге ренжимін. Десе де, «көш жүре түзеледі» демекші, болашақтан үлкен үміт күтемін. Қазір ауданымызда мемлекеттік тілді білмейтіндерге үйретіп, осы бағытта жұмыс істеп жатқан мамандар бар. Олардың еңбегі қайырлы болсын, оң нәтиже шықсын деп тілеп отырамын.
— Әңгімеңізге қарап отырсақ, нағыз еңбек адамы екенсіз. Осы орайда кейбір жатыпішер жал-
қау жастарға қандай кеңес бересіз?
— Шыны керек, қазір жұмыс істегісі келмейтін жалқау жастар көбейіп барады. Әйтеуір шеттерінен оңай олжа тапқысы келеді. Бұл дұрыс емес. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, нағыз маңдай термен тапқан нәпақа ғана қайырлы, берекелі болады. Бүгінде мемлекет еңбек еткісі келетін жастарға жан-жақты қолдау көрсетуде. Мысалы, ауылдағы мал өсірумен айналысқысы келетіндер үшін субсидия береді, техниканы лизингпен алуға көмектеседі. Ауыл жастары осындай мол мүмкіндікті пайдаланбай, қалаға қашады. Қара жұмыс істегілері келмейді. Сөйтіп, қаладағы тапқанын пәтер жалдауға беріп, жарымай жүреді. Келіндер де жалқау болып кетті. Қолмен кір жумайды, нан пісірмейді. Дайынға әбден үйреніп алды.
Міне, осындай балаларға еңбек етуден ешқашан қашпаңдар, еңбекқор адам ғана мұратына жетеді дегім келеді.
— Сізді не алаңдатады?
— Адам болған соң, ана болған соң көп нәрсеге алаңдаймын. Қайсы бірін айтайын?.. Қазіргі таңда кезінде қаймағы бұзылмаған ауылдардың қазынасы болған қарттарды ұл-қызы қалаға көшіріп алып кетіп жатқанына қынжыламын. Олар сол жаққа барып, мектеп пен балабақшаға немересін тасып жүр. Сөйтіп, жылдар бойы мекен еткен туған ауылын сағынып, сарғайып, бір уыс топырағы да бұйырмай, о дүниеге кетіп жатқандар бар. Осындай замандастарым үшін алаңдаймын. Қалай десек те, қартайған шақта ағайын-туыстың ортасында отырып, туған жердің топырағын иіскеп, сол жерде өлгенге не жетсін?!
Бүгінгінің балалары зиянды сусындар мен сапасыз тамаққа өте әуес. «Ауру — астан, дау – қарын-дастан» демекші, мұндай зиянды өнімдердің салдарынан денсаулығы нашарлап, дертке душар болып жатқандар аз емес. Осы жағдай да мені алаңдатады. Сонымен қатар, телефонға телмірген жеткіншектер көбейді. Оның да пайдасынан гөрі зиянын тартып жатырмыз. Интернеттегі атыс-шабыс, жаман дүниелерді көріп өскен ұрпағымыз қатыгез болып барады. Мынау бейбіт өмірде далада ойнап жүрген бала көрмейтін халге жеттік. Бәрі қолы қалт етсе, телефонға жармасады. Олардың ертеңі не болмақ? Бұған да алаңдаймын.
Кітап, газет оқымайтын жеткін-шектер мен жастарға жаным ашиды. Өзім сексенге аяқ бассам да, оқудан шаршамаймын. Кітап та, газет те — адамға рухани азық беретін үлкен тәрбие құралы. Осыны бағаламайтын балалар үшін алаңдаймын.
— Енді отбасы – ошақ қасы туралы айтып беріңізші…
— Отбасым туралы айтар болсам, Алла берген төрт балам бар. Бәрі жоғары білім алып, үйлі-күйлі болды. Немерелерім өсіп жатыр. Алды университет бітіріп, еңбек етуде. Келіндерім де оқыған-тоқыған, ел қатарлы тірлік етуде. Қай-қайсысы да тәрбиелі, өзімді сыйлап тұрады. Әр ісіме қолдау көрсетіп, жанымнан табылады.
Өкініштісі, осыдан үш жыл бұрын жолдасым қатты ауырып, бақилық болды. Өзім де, балалар да барынша күтім жасадық. Алланың ісіне амал жоқ, ауыр дерттен айықтыра алмадық. Мәңгілік өмір жоқ, басқа түскен іске көндік.
— Арманыңыз бар ма?
— Әрине, армансыз адам болмайды. Мен жас ұрпақтың жүрегіне иман нұрын себетін бір медресе ашуды армандап жүрмін. Алла қаласа, бұл күнге де жетемін деген үміттемін.
— Әңгімеңізге рақмет! Алла шөберенің алақанынан су ішуді нәсіп етсін!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.