Жалған ақпарат тарату көбейген

Ақп 6, 2025

ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева онлайн-платформаларда шындыққа жанаспайтын ақпараттың артқанын айтты. Бұл — оқырмандардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жағдай.

— Қазіргі кезде интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәсе-лелер жинақталып қалды. Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, онлайн-платформаларда заңға қайшы келетін, яғни жалған ақпараттардың тарауы көбейді, деп жазды министр әлеуметтік желі парақшасында.

Аида Балаева онлайн-платформалардың әкімшілері мен әлеуметтік желі қолданушыларын заңға қайшы ақпараттарды жүктемеуге шақырып, талап бұзылғанған жағдайда бұғаттау шарасы қолданылатынын ескертті.

«Желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында – терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар. Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылды», деп жазды ол.

Ведомство басшысы нағыз құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты кілті саналатын заң мен тәртіп қағидатын берік ұстануға үндеді. Атап айтқанда, шынайылығы тексерілмеген жаңалықтарды таратуға жол бермеуге, заңға қайшы жарияланымдарды жойып отыруға шақырды.

— Өз кезегінде әлеуметтік желі қолданушыларын жан-жақты ойластырып алмай заңға қайшы келетін посттар мен комментарийлер жарияламауды сұраймын.  Заң бойынша бұл жағдай ақпарат көзін – онлайн платформаны бұғаттауға әкелуі мүмкін, деді А.Балаева.

Десе де, министр миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын қаперде ұстап, платформаларды бұғаттау шарасына сирек жүгінетінін атап өтті.

Айта кетелік, 2 ақпан — Ұлттық басылым күнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев газет-журналдардың бүгінде шынайы ақпарат көзі әрі ұлттық сана қалыптастырушы рөлге ие екенін атап өткен болатын:

«Қазақ басылымдары әрдайым халықтың үні, төл руханиятымыздың берік қорғаны саналған. Біз оның бай тарихын, ағартушылық дәстүрін мақтан тұтамыз. Газет-журналдарымыз ұлттық сана-сезімді дамыту ісінде айрықша рөл атқарады. Зиялы қауым өкілдері қоғамдағы көкейкесті мәселелерге қатысты ой-пікірін, негізінен, мерзімді баспасөз арқылы білдіреді» деді өз сөзінде Президент.

Яғни қазіргі кезде, оқырмандардың өздеріне сауаттылық танытып, шынайы ақпарат көзін жалған, рейтингтік жарияланымдардан ажыратып, дұрыс жаңалық таратушыны екшеп таңдай алу қажеттілігі көрініп отыр.

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.