Мамандық мәртебесі арта түспек

Ақп 6, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

ҚР Парламенті Сенатының бір топ депутаты Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Сенаторлар сапар барысында өңірдің индустриалды нысандарын аралап, «Қазақстан алюминийі» АҚ глинозем алу цехы, «Павлодар мұнай-химия зауыты», Павлодар химия-механикалық колледжі мен жоғары түсті металлургия колледжінің жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, облыс әкімдігінде өткен жиынға қатысып, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға бағытталған шараларды талқылады.

Облыс әкімдігінде Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті. Оның барысында «Еңбек адамы — ұлттық экономиканың өсуі мен ұлттың өркендеуінің негізі» тақырыбында өтетін парламенттік тыңдауларға дайындық пысықталып, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған шаралар қаралды.

Мемлекет басшысының «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыруға қатысты мәселелерді талқылауға комитет мүшелері Айнұр Арғынбекова, Талғат Жүнісов, Алтынбек Нұхұлы, Әсем Рахметова, Руслан Рүстемов, Амангелді Толамисов, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіподақтардың басшылары қатысты. Жиын Сенат комитетінің басшысы Нұртөре Жүсіптің төрағалығымен өтті. Депутат сапардың басты мақсаты жұмысшылардың еңбек жағдайларын зерделеп, Павлодар облысында  техникалық, орта кәсіптік білім беру жүйесінде мамандар даярлау мәселесін пысықтау екенін атап өтті.

Кездесу барысында облыс әкімі Асайын Байханов жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру жөніндегі өңірлік кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыру туралы баяндады. Жалпы, 3 бағытқа ерекше назар аударылды. Біріншіден, колледждер кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Осы бағытта облыстық бюджеттен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын жабдықтап, жаңғыртуға шамамен 500 млн теңге бағытталады. Әлеуметтік әріптестік аясында ERG және «Kazminerals» кәсіпорындары 6 колледжге заманауи жабдықтар сатып алуға 500 млн теңге қаражат бөлді. Екіншіден, жұмыс істейтін жастар қатарындағы студенттер үшін 100 млн теңгеге жаңа ынталандырушы сыйақылар мен гранттар тағайындалмақ. Үшіншіден, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және кәсіпорын қызметкерлерін ынталандыруға көп көңіл бөлінеді. Аймақ басшысы өңірдің 405 мың экономикалық белсенді халқының 60 пайыздан  астамы жұмысшы мамандықтардың өкілдері екенін атап өтті. Талдау көрсеткендей, алдағы жылдары жұмыс күшіне деген сұраныс қазіргіден де арта түседі. Алдағы 5 жылда облыста 140-тан астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде үш ферроқорытпа зауытын, ұсталық-бандаж кешенін ашу, ірі электрометаллургиялық зауыттың құрылысы, құрамында алтыны бар концентраттарды қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосу бар. Нәтижесінде 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады.

— Слесарьлар мен монтаждаушылар, электриктер мен құрылысшылар, жүргізушілер мен механиктер сияқты жұмысшы мамандықтар құрылыстан бастап өндіріске дейінгі экономиканың көптеген салалары үшін негіз болып табылады. Олардың жұмыстары маңызды болғанына қарамастан, назарға жиі ілінбей қалады. Мансаптық өсу перспективалары мен лайықты жалақы туралы ақпараттарды жеткізу арқылы жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға қол жеткізіледі, — деді А.Байханов. Осы мақсатта облыс әкімі қала құраушы кәсіпорындардың басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Өз кезегінде компания басшылығы қызметкерлерді материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша бастамаларға қолдау білдірді. Олардың қатарында тұрғын үймен қамтамасыз ету, автокөлік сатып алу, жалақыны өсіру және басқа да көптеген әлеуметтік ынталандырулар бар. Мәселен, ERG тобы осы мақсаттарға 1,5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, биыл өңір кәсіпорындарында жалақыны орта есеппен 8 пайызға дейін арттыру болжамы бар.

ҚР Парламенті Сенаты комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.