Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 80 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мереке Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халқымыздың табандылығы мен батылдығын айшықтайтынын атап өтті. Сол себепті Жеңіс күні жоғары деңгейде тойлануы тиіс екенін жеткізді. Айтулы датаға орай Павлодар облысындағы ардагерлер қауымы аудан-қала, елді мекендерде бас қосып, Жеңіс күнін тойлауға қатысты өз ұсыныстарын тастады. Арнайы жоспар әзірленіп, еліміз үшін маңызды мерекені атап өтуге кірісіп кетті. Аймағымызда Жеңіс күні қалай тойланады? Ақсақалдар қауымы қандай мәселелерді көтерді? Осы орайда, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеевпен тілдескен болатынбыз.
— Рымтай Шөкейұлы, Президент өз сөзінде биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Жеңістің
80 жылдығы ерекше орын алатынын атап өткен болатын. Сіз үшін бұл мерекенің маңызы қандай?
— Жеңіс күні – қастерлі мереке. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толады. Бұл – аз мерзім емес, бір ғасырға жуық уақыт. Өкінішке қарай, соңғы уақытта соғысқа сипат беру жаңарып, көп мәселе басқаша көзқараспен қаралды. Дегенмен, фашистік Германияға қарсы соғыста Кеңес үкіметі халқының ерлігі, қаһармандығын жоққа шығара алмаймыз. Себебі әкелеріміз қан майданда тәуелсіздік жолында күресті. Егер фашистік Германия Кеңес одағын басып алса, оны жоқ қылып, құрамындағы халықты да жояр еді. Сондықтан Жеңіс күнінің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор деп білемін. Қаншама әйел әкесінен, күйеуінен, баласынан айырылды. Мәселен, 1941-1945 жылдары Қазақстаннан майданға 1 млн 200 мыңға жуық адам аттанды. Оның 601 мыңнан астамы отбасына оралмады. Із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар. Сол себепті ата-әкелеріміздің еңбегі ешқашан ұмытылмас.
Жоғарыда атап өткенімдей, кейінгі уақытта Жеңіс күні өз деңгейінде атап өтілмей келеді. Бұл дата өз мағынасын жоғалтқандай болды. «Мәңгілік даңқ» шеруіне тыйым салынды. Ел Президентінің 80 жылдыққа ерекше көңіл бөлгені бізді қатты қуантты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігімен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілетін іс-шараларды бекітті.
— Жуырда облыс деңгейінде Ардагерлер кеңесі арнайы Пленум өткізгенін білеміз. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған жоспар аясында қандай іс-шаралар өткізіледі деп күтілуде?
— Ардагерлер кеңесі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындықты өткен жылы бастаған болатын. Былтыр облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, қала-аудандарда жергілікті өнерпаздар арасында патриоттық тақырыпта байқау ұйымдастырдық. Арнайы комиссия үздік өнер көрсеткендерді анықтап, олар биыл ақпан айында облыс орталығындағы Естай атындағы мәдениет сара-йында өткізілетін гала-концертке қатысатын болады.
Аймағымызға танымал өлке-танушы Халел Әкімхановтың «Жеңімпаздар», «Боздақтар» кітап-тарының бірнеше томы жарық көрді. Бұл жинақтарда Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтар мен хабар-ошарсыз кеткен майдангерлердің есімдері енді. Майданға аттанған павлодарлықтардың есімін жинауда көп еңбек жасалды. Бұдан бөлек, жыл сайын зұлмат жылдары қанды шайқастар болған жерлерге барып, қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген «Майдан жолы» іздестіру жасағы да көп еңбек атқарды. Қазақстандық жауынгерлердің сүйегін тауып, боздақтардың есімін жаңғыртып жүр. Жасақ командирі Александр Шитовтың бастамасымен 15 жыл ішінде «Майдан жолы» жасағы із-түзсіз жоғалған 305 жауынгер туралы деректерді анықтаған. 7 сарбаздың сүйегін туған жеріне әкеліп, жер қойнына тапсырды. Қазақстандық батырлардың есімін ұлықтау үшін 25 ескерткіш орнатты. Себебі майдангерлерге қатысты көптеген құжаттар Ресейдің мұрағаттарында қалды. Хабар-ошарсыз кеткен майдангерлердің есімдері, туған жылы қате жазылуы мүмкін. Әлі де табылмаған қазақстандықтар көп. Мұндай жұмыстар жалғасатын болады.
— 80 жылдық қарсаңында тұңғыш рет қолға алынғалы отырған жобаларға тоқтала аласыз ба?
— Ұлы Отан соғысы кезінде денсаулық жағдайына байланысты майданға аттана алмағандар, тыл еңбеккерлері, соғыс жылдары өмірге келген балаларды назарға алмақшымыз. Өйткені 1941-1945 жылдары өмір сүрген, өмірге келгендерде балалық шақ болды деп айта алмаймыз. Ол уақытта үйде қалған қариялар, әйелдер өздері аш болса да, жылы киім, азық-түліктің бәрін майданға аттандырды. Ер азаматтардың жұмысын атқарды. Сол себепті аналар қауымы бала тәрбиесіне араласа алмады. Ұл-қыздардың өздері де еңбекке ерте араласты. Егін егу, мал өсірумен айналысты. Жұмысқа шамасы келмегендердің өздері майданға жылы киім тоқыды.
Соғыс жылдары еңбек еткен, өмірге келген адамдарды облыстық әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп, тұрмыс жағдайын тексеру үстіндеміз. Оларға медициналық тұрғыдан денсаулықтарын жақсартуға барлық жағдай жасалатын болады.
Аймағымызда әр елді мекенде, аудандарда соғысқа қатысқан майдангерлерге арналған монументтер орнатылғаны белгілі. Арнайы алаңдар мен аллеялар да орналастырылды. Кейбір ауылдарда халық санының аздығына байланысты мұндай орындар қараусыз қалды. 80 жылдық қарсаңында тұрғындары бар ауылдарда майдангерлерді еске алуға арналған ескерткіштер, арнайы орындар жөнделетін болады. Есімдері өшіп қалған боздақтардың аты қайта жазылады. Аумақтар толығымен абаттандырылатын болады.
— Ерлік – ұрпаққа өнеге. Бейбіт күннің қадірін жастардың санасына сіңірудің де маңызы зор. Бұл бағытта қандай жобалар жүзеге асырылады?
— Өкінішке қарай, облыста көзі тірі ардагерлердің саны күн сайын азайып барады. Бүгінде аймағымызда майданға қатысқан 7 ардагер бар. Оның 5-еуі Павлодар қаласында, біреуі – Екібастұз қаласында, біреуі Баянауыл ауданында тұрады. Майдангерлермен кездесіп, ұрпаққа олардың әңгімесін тыңдату қазіргі жағдайда мүмкін болмай тұр. Өйткені ардагерлердің ең жасы – 97-де, 100 жастан асқандар да бар. Денсаулық жағдайларына байланысты ол кісілерді кездесулерге қатыстыра алмаймыз.
Балаларға Ұлы Отан соғысының мән-маңызын, ата-бабаларымыздың не үшін майданға аттанғанын түсіндірудің маңызы зор. Мұндай тәрбиелік, патриоттық шаралар Ардагерлер кеңесінің бастамасымен өткізілетін болады. Өйткені жас ұрпаққа біз үлгі-өнеге көрсетуге міндеттіміз.
Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында «Батырларға — тағзым», «Жастар тәрбиесі — адамзаттың мәңгілік тақырыбы» атты дөңгелек үстелдер, «Ер есімі – ел есінде» тақырыбында көрме, қазақстандық жауынгерлердің өмірі мен ерлігі баяндалатын «Қазақстанның қаһарман майдан-герлері» атты арнайы жоба да жүзеге асырылатын болады. Бұдан бөлек, Кеңес Одағының батырлары мен «Даңқ» орденінің толық кавалерлеріне қатысты деректі мәліметтер әзірленеді, елді мекендер мен көшелерге және оқу орындарына Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін беру жұмыстары да жалғасады. Білім беру ордаларында жеңіс күніне арналған ашық сабақтар, концерттер, спорттық жарыстар өткізіледі. Ұлы Отан соғысының қатысушылары Жангерей Жәнібектің, Сағадат Нұрмағамбетовтің, Әлия Молдағұлованың және Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын ұлықтау, Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланады. Осындай маңызды шаралардың келешек ұрпаққа маңызы зор деп білемін.
— Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында аймақ жұртшылығына қандай тілек айтасыз?
— 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия және оның жақтастары соғыс жарияламастан Кеңес Одағына шабуыл жасады. Тыныш ұйқыда жатқан халық әп-сәтте есеңгіреп қалды. Ертіс ауданында бір әулеттен майдан даласына
8 жігіт аттанған. Оның тек біреуі ғана үйіне аман-есен оралған. Тағы бір көпбалалы отбасыларда үйіне аяқ-қолсыз, жаралы келгендер бар. Көп аналар күйеуінен де, баласынан да айырылды. Соғыстың зардабын тартқан үлкендер Жеңіс күнін күрсінумен қарсы алады. Біз соғысты теледидардағы кинолардан ғана көрдік. Ал көзі тірі ардагерлерімізден бастан өткер-гендерін естіген кезде жанымыз түршігетін. Елін қорғап, қасық қанын аямаған жауынгерлердің бәрі – батыр! Сондықтан елімізде соғыс болмасын! Біз мұндайды көрмейік деп тілеймін! Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы жоғары деңгейде тойланып, келешек ұрпақ бейбіт күннің қалай келгенін жатқа білсе деймін!
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.