Елімізде отандық ғылымды дамытуға басымдық берілуде. Осы мақсатта жаңа бағдарламалар қабылданып, жоғары білім беру жүйесін жаңғырту әрі реформалауға бағытталған ауқымды іс-шаралар қолға алынуда. Сонымен, алдағы уақытта аталған салада қандай өзгерістер орын алады? Қазақстандық ғылымның болашағы қандай болмақ?
Қаржыландыру артты
Ғылымды дамыту үшін қаржыландыру көлемін арттырудың маңызы зор. Бұл ретте, былтырдан бастап отандық ғылымға бөлінетін қаражаттың еселеп артқанын атап өткен жөн. Мәселен, 2024-2026 жылдарға бағытталған ғылым бюджеті 703,6 млрд теңгені құрап отыр. Бұл бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда едәуір қомақты. Сонымен қатар, қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі 476,9 млрд теңгеге дейін өскен. Оның ішінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 211 млрд теңге, гранттық қаржыландыруға 198 млрд теңге, коммерцияландыруды гранттық қаржыландыруға 67,9 млрд теңге қарастырылған. Осындай қомақты қолдаудың нәтижесінде ғылыми зерттеулермен айналысатын ұйымдардың саны көбейген. Айталық, бүгінгі таңда елдегі мұндай мекеме саны 425-ке жеткен екен. Сондай-ақ, ғылыми қызметкерлер қатары да артып, осы салада 25,4 мың адам еңбек етуде.
Жастарға қолдау бар
Кейінгі кезде қазақстандық жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға да мән берілуде. Осыған орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банкі» АҚ арасында жас ғалымдарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Яғни, ғылым жолында жүрген жастардың баспаналы болуы үшін 20 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі берілуде. Өткен жылы осындай 300-ге тарта жас маман пәтерлі болды.
Сондай-ақ, қазақстандық ғалымдардың дамыған елдердегі жетекші орталықтарда ғылыми тағылымдамадан өтуі үшін гранттар берілуде. Қазіргі күні республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 80 үміткердің ғылыми тағы-лымдамадан өтуі мақұлданды. Бұдан былай, елімізде ғылыми кадрларды, оның ішінде PhD докторларын даярлауға да жан-жақты жағдай жасалмақ. Биыл докторантураға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс 1,9 мың орынға дейін ұлғайды.
Жалақы өсті
Ғылым саласын қаржыландыру аясында қызметкерлердің де жалақысы өсуде. Мәселен, биыл ғылыми ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 17 пайызға өседі деп күтілуде. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес ғылыми атақтары бар қызметкерлерге төленетін қосымша ақы мөлшері де ұлғайды. Мысалы, қауымдастырылған профессорлар (доцент) үшін 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ғылым докторлары үшін 42 айлық есептік көрсеткіш, философия докторы саласы бойынша доктор және ғылым докторы дәрежесі бар профессорлар үшін 50 АЕК көлемінде қосымша ақы мөлшері белгіленген.
Ғылым жолын қуған қызметкерлерді ынталандыру, қаржылай қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғаса береді деп жоспарлануда.
Жобалар жүзеге асуда
Биыл елімізде отандық ғылымды дамыту мақсатында 2 297 ғылыми жоба, 299 ғылыми-техникалық бағдарлама, 206 коммерцияландыру жобасы жүзеге асады деп жоспарлануда. Жас ғалымдар тарапынан
1 055 ғылыми жоба ұсынылған. Осы жобалардың бәрі сәтті жүзеге асса, қазақстандық ғылым саласы үлкен жетістікке жетпек.
Сондай-ақ, цифрлық универ-ситеттердің моделі жасалғанын да айта кеткен жөн. Қазіргі таңда бірнеше жоғары оқу орнында жаңа модель пилоттық режимде іске қосылуда. Бұдан бөлек, қазақстандық жоғары оқу орындары 200-ден астам бірлескен білім беру және қос дипломдық бағдарламаларды іске асыруда. Жыл сайын елімізге 200 шетелдік ғалым арнайы шақыртумен келіп, дәріс оқуда.
Бүгінде жалпы тізімге 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы енгізіліп, оның 57 пайызы жаңартылған. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, әлемнің үздік универ-ситеттерінің халықаралық рейтингісіне, яғни QS WUR рейтингі бойынша 1 және Times Higher Education рейтингісіне 4 университет енген. Бұл —
үлкен жеңіс, дейді мамандар.
IT бағыты басымдыққа ие
Елімізде IT бағытын дамытуға айрықша мән берілуде. Бұл – заман талабы. Осы мақсатта студенттерді OpenSearch жобасына тартып, мол тәжірибе жинауы үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Amazon компаниясы арасында меморандум жасалған. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында жасанды интеллект (ЖИ) саласына бағытталған «Қолданбалы жасанды интеллект», «Жасанды интеллект және блокчейн инженериясы», «Кибернетика және ЖИ», «Медицинадағы ЖИ», «Жасанды интеллект және деректерді талдау», «Көлік инженериясындағы ақылды технологиялар және жасанды интеллект», «Информатика және жасанды интеллект», басқа да 21 білім беру бағдарламасы әзірленген. Аталған дүниелер арқылы жастар жаңа білім беру ісінде деректерді талдау, өңдеу, мәліметтер базасымен жұмыс істеу, жасанды интеллект шешімдерін бизнес-үдерістерге біріктіру, нейрондық желілерді әзірлеуді меңгеріп шығатын болады. Мұндай бағдарламалар отандық ғылыми-технология саласының дамуына жаңа серпін беріп, білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік тудыратыны сөзсіз.
Дерек пен дәйек
Елімізде 120 жоғары оқу орны бар. Оның ішінде 11 ұлттық, 29 мемлекеттік, 48 жекеменшік жоғары оқу орны бар. Қалғаны халықаралық, акционерлік және дербес білім беру ұйымы болып табылады;
* * *
Жоғары оқу орындарында 642,5 мыңнан астам адам білім алады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 255,6 мыңнан астам студент оқып жатыр.
* * *
Профессор-оқытушылар құрамы 37,4 мың адамды құрайды, оның 46,5%-ның ғылыми дәрежесі бар;
* * *
Ғылым кандидаттарының
саны — 10,5 мың, ғылым докторлары — 2,7 мыңнан астам және PhD докторлары — 4,1 мыңнан астам адамға жетті;
* * *
Осылайша, отандық ғылымды дамытуға, бұл бағыттағы саясатты сәтті іске асыруға бағытталған жұмыстар қызу қолға алынып жатқаны қуантады. Ал оның нәтижесі қандай болатыны уақыт еншісінде.
* * *
Жасыратын жоқ, қазіргі қоғамда артық салмақпен күресіп жүрген адам саны жыл санап артуда. Тіпті, балалар арасында да семіздік дерті белең алып барады. Одан құтылу үшін өміріңізді қауіпке тігіп, қомақты қаржыңыздан қағылып қалудан сақ болыңыз! Ең дұрысы, диетолог, басқа да мамандардан кеңес алып, салауатты өмір салтын ұстану қажеттігін түсінгеніңіз жөн.
Нұржайна ШОДЫР.