Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді үйренем деушілерге барлық жағдай жасалған. Мысалы, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысы бойынша «Ана тілі» орталығына жылына жүздеген маман жазылып, тілдік курстардан өтеді. Бұл орталықтың басты ерекшелігі — қазақ тілін кәсіби деңгейде оқытуында. Жақында осы «Ана тілі» орталығына арнайы барып, мекеме директоры Шолпан Кинжиковамен орталықтың жұмысы жайлы әңгімелескен едік.
— Шолпан Духтурбайқызы, биыл «Ана тілі» орталығына жазылушылардың қатары көп пе?
— Иә, биыл курсқа жазылып, қазақ тілін үйренуге ниеттілердің қатары көп. Бүгінгі күнге дейін 500-дей адам жазылды. Жылдың енді басталғанын ескерсек, әлі де келеді деп ойлаймын. Бізге тіл үйренуге барлық санаттағы және барлық жастағы адамдар келеді. Әрине, өзге ұлт өкілдерінің саны басымырақ. Ал тыңдаушылардың қатарында аудармашылар, мемле-
кеттік қызметшілер, сот жүйесінің мамандары, прокуратура қызмет-керлері, кәсіпкерлер бар. Бұл топтар тереңдетіліп оқытылады. Яғни, жұмыс бабында қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерін кәсіби деңгейде қолдана білуге дағдыланады. Сабақ барысында практика жүзінде жағдаяттық, рөлдік ойындар жүргізіледі. Өздеріңіз білесіздер, қазір сот отырыстары қазақша өтсін деген талап қойылып жатыр. Сондықтан, мамандар өздерінің тілдерін жетілдіруге, мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгеруге ынта-ықылас қойып жатыр. Сонымен қатар, заңгерлерден арнайы екі топ құрылды, одан бөлек қарапайым қала тұрғындары да қазақ тілін үйрену курстарына көптеп жазылуда.
— Сабақтар онлайн өте ме, офлайн өте ме?
— Бізде курстардың бірнеше түрі бар. Қатысушының жағдайына қарап, онлайн және офлайн режимде жүргізіледі. Қарапайым адамдардың көбі онлайн өткенді қалайды. Яғни, өздерінің жұмыстарын істеп жүріп-ақ мемлекеттік тілін үйреніп алғысы келеді. Ең бастысы, қолдарында телефон болса болды. Біз онлайн сабақтардың кодын береміз, сол арқылы тапсырмаларды орындай береді. Біз барлығымен кері байланыс жасап, тапсырмаларды тексеріп отырамыз. Сабақтар жұмыс күндері де, демалыс күндері де жүргізіледі. Мысалы, жұмыс күндері босай алмайтын адамдар үшін демалыс күндері уақыт бөлуге болады. Сонымен қоса, жұмыс күндері кешкі алты жарымға дейін босай алмайтын адамдар үшін жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін 18.45-тен бастап оқу қарастырылған.
— Курсқа жазылушыларды топтарға бөлу барысында ескерілетін талаптар қандай?
— «Ана тілі» орталығының курстарына қатысып, қазақ тілін үйренуге өзге ұлт өкілдері де көптеп ниет білдіруде. Сондықтан, біз тыңдаушыларды қазақ және орыс топтарына бөліп тастаймыз. Яғни, нөлден бастайтын адамдар бір курста болады деген сөз. Мұны бастауыш тобы деп атаймыз. Себебі, олардың деңгейлері әр түрлі. Міне, сол деңгейіне қарай сабақ өтіліп, тапсырмалар құрас-тырылады. Біз тыңдаушыларға ауызекі сөйлеуді, қазақша сөз жаттауды ғана емес, сонымен қатар, грамматиканы да оқытамыз. Грамматика уақыт өткен сайын қарапайымнан бастап күрделене береді. Яғни, тыңдаушыларымыз неше сөз, неше сөйлем үйренсе де сауатты сөйлеуі керек деген қағида.
— Тіл үйрету барысында қандай мобильді қосым-шаларды және басқа да ақпа-раттық технологияларды қолданасыздар?
— Біз қазақ тілін үйретуге заманауи технологияларды кеңінен қолдануды әдетке айналдырдық. Мысалы, «Ana tіlі» деп аталатын мобильді қосымшамыз жұмыс істеп тұр. Оны ұялы телефонға тегін жүктеп алуға болады. Онда тіл үйренушілерге қолайлы әрі тиімді сабақтар, тапсырмалар құрастырылған.
Одан бөлек өзіміз құрастырған бірнеше оқулық құралы бар. Мысал ретінде айтсақ, «Жағдаяттық қазақ тілі», «Келіңіздер, қазақша сөйлесейік», «Smart сабақтар» деп аталатын авторлық кітаптарым бар. Кейбір оқулықтар мобильдік қосымшада тегін таратылады. Кітаптар түрлі тақырыптық бағыт-тарға бөлінген. Мысалы, медицина, құқық қорғау, т.б. салалар бойынша құрастырылған. Яғни, әдістемелік құралдар жеткілікті деп айтуға әбден болады. Біз теориялық сабақтармен ғана шектелмейміз. Теория өткенен кейін мобильді қосымшалар арқылы тапсырмаларды орындап, сабақта оқыған грамматиканы практика жүзінде қолданып, өзін тексеруге мүмкіндік бар. Тапсырма соңында өзінің деңгейін анықтап, қандай сұраққа қате жауап бергенін тексере алады. Тіпті, әлгі қатенің дұрыс нұсқасына дейін көрсетіп береді. Жалпы, қазақ тілін тек әңгімелесу арқылы үйрену қиын. Тыңдау, оқу, жазу, сөйлеу тәсілдерінің барлығын қолдану керек. Міне, сонда тілдің фундаменті дұрыс қойылады.
— «Ана тілі» орталығының курстары неше сағатқа немесе қанша күнге жалғасады?
— Әрбір курстың уақыты әртүрлі. Мысалы, екі айлық, үш айлық курстарға жазылуға болады. Бұл өздерінің талабына, талпынысына және нәтиже көрсетуіне байланысты. Егер өзіне қатаң талап қоятын болса, екі-үш айдың ішінде де белгілі бір деңгейге жетуге болады. Мысалы, менің тобымда бір ауыз қазақша білмей келіп, екі-үш айдың ішінде қазақша оқып, тіпті пост жазып жүргендер бар. Мысалы, сабақ барысында талқыланған тақырыптар бойынша өз беттерінше әңгіме құрап жазады. Сосын ұлы тұлғалардың қанатты сөздерінен үзінділер береміз. Оны аударады және өздерінің ойын жазады. Мұндай тәжірибенің бар-
лығы сабақ үстінде қолданылады. Курс аяқталғаннан кейін барлығына сертификат беріледі. Егер сабақ кезінде қандай бір жағдай шығып, сабақты өткізіп алатын болса, оларға екінші, үшінші мәрте мүмкіндік береміз. Жылдың соңына дейін кез келген уақытта курсын өтіп, сертификатын алуына болады. Ал сабақтың жиілігіне келер болсақ, аптасына үш рет, төрт рет келуге болады. Тіпті, уақытыңыз көп болып, тілді аз уақытта меңгеріп шығамын десеңіз, күнде келіңіз. Біздің мамандар қандай сабақ кестесі болса да жұмыс істеуге дайын. Яғни, тыңдаушылардың қандай талабы болса да орындауға әзірміз.
— Оқыту курстарынан бөлек қандай жобалар бар?
— Біздің орталық тілді түрлі жобалар арқылы үйретіп келеді. Мысалы, «Тіл керуені» жобасының тиімділігі зор болды. Онда қатысушылар қазақтың тілін ғана емес, сал-дәстүрін де үйреніп шығады. Сонымен қатар, үш тілге негізделген «Тілдік бранч», «Тілдік келісім», көзі көрмейтін адамдарға арналған «Күн сәулесі» секілді жобаларымыз бар. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Бізге бизнесмендер мен кәсіп-керлер де келеді. Біз оларды кабинетте оқытып қана қоймай, кәсіпорында, сауда нүктелерінде қалай сөйлеп, тұтынушыға қалай жауап беретінін де үйретеміз. Бұл — осы курста үйренгендерін практика жүзінде нақтылап, шыңдайтын жоба. Мысалы, жақында сауда үйлерінің бірінде киім-кешек сататын бутикте болып, тыңдаушы-ларымызға сатып алушылармен қарым-қатынас жасау жолын үйреттік. Міне, бұл өте нәтижелі, өте тиімді екенін аңғардық. Біз қандастармен де жұмыс жасаймыз. Олар бізден орысша үйренеді. Сонымен қатар, кирильше оқып, жазуды да үйретеміз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.