Өсетін өңір көпір салады

Ақп 6, 2025

Облыс орталығында осыдан бірер жыл бұрын басталған Ертіс өзенінен өтетін жаңа көпірдің құрылысы қыста да тоқтаған емес. Қақаған аяз бен боранды күндері жауапты сала мамандары бұрғылау және бетон құю жұмыстарына жылыту технологиясын қолдануда. Бұл еліміздегі 1-ші санатты алғашқы көпірлердің бірі болмақ. Бірегей нысанның тағы қандай технологиялық ерекшелігі бар? Тарқата кетейік…

Жаңа көпірдің дизайндық және технологиялық құрылымы бойынша Қазақстанда баламасы жоқ. Мұндағы аванттық жүйені қолдану өткелдің өне бойына біркелкі салмақ түсуін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда жобаны жүзеге асыру барысында құрылысшылар Ертіс өзені түбінен 35 метрді құрайтын баған тіреулерін бұрғылап орналастыруда. Нақтылап айтсақ, өзен үстінен 8 метр тереңдікте диаметрі 1,5 метрлік, ұзындығы 40 метрден астам 120 дана тіреу қолданылмақ. Мұндай тіреулер жаңа көпірдің алты жерінен орналастырылады.

Аталмыш ауқымды жобаның жетекшісі Нұрмұхаммед Бейсем-баевтың айтуынша, қазіргі уақытта көпірдің жердегі тіреулері орнатылып болды. Алып құрылысқа 60-тан астам мамандандырылған техника мен 200-ден аса адам жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары екі ауысым бойынша жүргізілуде.

— Жаңа көпір 4 жолақты болады. Ұзындығы 690 метрлік нысан Ертістің сол жағалауы мен оң жағалауын жалғайды. Бұл көпірдің технологиялық құрылымы да ерекше. Осы уақытқа дейін елімізде бұған балама боларлық бірде-бір нысан салынбаған. Біз қыс бойы құрылыс жұмыстарын тоқтатпаймыз. Бетон құю жұмыстары жылыту технологиясы арқылы жүзеге асуда. Атап айтқанда, бетон қоспасын дайындау және сақтау бойынша қыс мезгіліне сай технология ескерілген.

Материалды, конструкцияны жылыту шамамен 9-10 күн бойы жүргізіледі. Көктемдегі судың көтерілуіне дейін Ертіс өзеніндегі барлық жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Кейін тіреудің үстіңгі бөлігі және аралық құрылыс жалғасады. Ал, көпірдің үсті таза еуропалық үлгіде жасалады. Бұл көліктік логистика саласындағы стратегиялық маңызды нысан ғана емес, республика бойынша архитектурасы ерекше көпір болмақ, — деді жоба жетекшісі.

Бүгінгі таңда алып құрылыс алаңында қадаларды орнату, тіреу бағандарын орналастыру жұмыстары аяқталып қалды. Яғни, құрылыстың 20 пайызы орындалды. Мердігер компания 2026 жылдың соңына қарай қазіргі заманғы төрт жолақты көпірді пайдалануға беруді жоспарлауда. Ал ескі апаттық көпірді бөлшектеу жаңа нысан пайдалануға берілгеннен соң бір жылдан кейін жүзеге аспақ.

Құрылыс нысанында газ-электр дәнекерлеуші болып қызмет ететін Сәкен Бағланның айтуынша, осы уақытқа дейін ол дәнекерлеу саласында 20 жылға жуық тәжірибе жинақтаған. Көпір салуға бірінші рет қатысып отырғанымен бірқатар алып құрылыстардың басында жүргенін айтты.

— Жаңа көпір құрылысына темір бағандарын өріп, бірнеше ораммен тоқып, тұтас тіреу ретінде қолданамыз. Бұл тіреулерге бетон құйылады. Су деңгейінен терең жерде жұмыс істегендіктен, суықтарға қарамаймыз. Менімен қоса құрылыс нысанында 40-тан астам газ-электр дәнекерлеуші бар. Оң жағалау мен сол жағалаудағы жұмыстарымыз екі ауысыммен жүргізі-луде. Жұмыс барысында тегіс дәнекерлеу, көлденең дәнекерлеу, тік дәнекерлеу және үстеме дәнекерлеу әдістері қолданылады. Дәнекерлеу сапасын қамтамасыз ету үшін озық елдердің тәжірибесіне сүйеніп, барлық материалдар стандарттарға сәйкес пайдаланылуда, — деді ол.

Жаңа құрылыс нысаны Қазақстандағы 1-ші санатты алғашқы көпірлердің бірі болмақ. Жоба жетекшілері ескі көпірді бөлшектеу жұмыстарын қоса алғанда құрылысты толықтай 2027 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Бірегей нысанның ескі көпірге қарағанда ені ғана жалпақ емес, биіктігінің өзі 7 метрге артық болады.

Ал жаңа көпір салынғанша, жүргізушілер 60 жылдық тарихы бар ескі көпірді пайдалануға мәжбүр. Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдан бері апатты деп танылған ескі көпір 1962 жылы пайдалануға берілген. Ол облыс орталығын еліміздің өзге өңірлерімен қатар, Ресейдің Новосібір, Омбы, Барнаул қалаларымен байланыстырады.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.