Биыл жазушы, аудармашы, сатирик Қадыр Тайшықовтың туғанына — 125 жыл. Осыған орай С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Қадырдың тағылымы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Шара барысында жергілікті ғалымдар мен өлкетанушылар қаламгердің әдеби мұрасы туралы баяндама жасады.
Қадыр Тайшықов қазақ жазба әдебиетінде сатира, фельетон жанрын қалыптастырушылардың бірі әрі шебері болды. Оның сатиралық әңгімелері мен өлеңдері «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», сондай-ақ Семейде басылып шыққан «Қазақ тілі» газеттері мен «Жаршы», «Жаңа әдебиет», «Балға» журналдарында жиі жарияланып тұрды. Көптеген шығармасы «Мәлтең», «Бұйрас», «Қабсыңқа», «Малкелді» деген бүркеншік атпен шығады. Белгілі ғалым, жазушы Бейсенбай Кенжебаев бұл лақап аттардың мәнісін былайша түсіндіреді: «Қадыр жасында нәзiк, шая болған. Жұрт оны «Мәлтең» деп мазақтаған екен. Қадыр аласа бойлы, шағын денелi, дәу басты едi. Бойы мен денесiне қарағанда басы үлкен, оны «Қазанбас» деп айтуға болатын. Ал «Бұйрас» дейтiнi, Қадырдың шашы сәл ширатылып, болар-болмас бұйраланып тұратын. «Қабсыңқа» – өз аты, бас әрпiнiң ескiше оқылуы».
Қадыр Тайшықовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген азаматтар саусақпен санарлық. Солардың бірі – ақын, жазушы Сайлау Байбосын. Қаламгердің сөзінше, Қадыр Тайшықов туралы ақтарылмаған сыр әлі де көп. Ал сатирик туралы негізгі ақпараттар әдебиетші-ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жазған мақалаларынан табылған. Ол өз мақаласында Қадыр Баспақұлының жан-жақты екендігін атап өтіп, аудармамен беріле айналысқанын айтады.
— Биыл туғанына 125 жыл толып отырған Қадыр Тайшықовты өткеннен хабары бар адамдар болмаса, кейiнгi буын өкiлдерi бiле бермейдi. Осыны ескерiп, 2013 жылы «Жас Алаштың» бетiнде сатирик жөнiнде «Қайраңға ұрынған қайық» атты мақала жариялағанбыз. Онда Қадырдың Баянауыл өңiрiнiң тумасы және Жүсiпбек Аймауытовпен аталас туыс екенiн де айтып едік.
Қадыр Бейсекең атаған шығармалардан бөлек Гогольдiң «Шинелiн» аударып, ол латын қарпiмен 1932 жылы жеке кiтап болып шыққан. М.Шолоховтың «Көтерiлген тыңының» бiрiншi томын Хасен Өзденбаевпен бiрiгiп аударыпты. Осы кiтаптың ҚР Ұлттық кiтапханасында сақтаулы бiр данасының сыртында «Аударғандар: Х.Өзденбаев» деп жазылып және екiншi бiр аудармашының тегі қара бояумен сызылып тасталыпты. Мен қалта орамалымды сулап алып, ақырындап қара бояуды өшiрiп көрiп едiм, астынан «Қ.Тайшықұлы» деген жазу шыға келдi. Сол кездегi қатыгез саясат еш жазығы жоқ азаматтың аты-жөнiн өзi аударған кiтаптардың бетiнен де өшiрiп тастаған екен.
Қ.Тайшықов жөнiнде бүгiнге жеткен аз дерек осындай. Оның 1962 жылы профессор Бейсенбай Кенжебаевтың алғысөзiмен басылып шыққан «Октябрь ұшқыны» атты кiтабын 115 жылдық мерейтойына орай қайта өңдеп, құрастырып, «Аманат» деген атпен басып шығардық. Ал биыл 125 жылдық мерейтойына орай ауқымды шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін облыстық әкімдікке хат жолдадық, — деді С.Байбосын.
Шара барысында Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына орай өткен «Сатира сырбазы» атты облыстық сатира байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталған байқауға 16-20 жас аралығындағы жас қаламгерлер қатысып, сатиралық-прозалық шығармалар бойынша барлығы 10-ға жуық жұмыс келіп түсті. Байқау нәтижесі бойынша 1-орынды Рамазан Дәуренбекұлы, 2-орынды Бақдәулет Төлеухан, 3-орынды Мағзұм Имантай иеленді.
Әдеби-сазды кеш аясында көрме ұйымдастырылып, жазушының жеке заттары, фотосуреттері, шығармашылық мұралары жиналған қауым назарына ұсынылды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.