С.Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми кітапханада «Ұлы дала: Тарих. Тұлға. Тұғыр» атты облыстық кеңес өтті. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың төрағалығымен өткен алқалы жиынға аймағымыздың зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Бұл кездесудің жөні бөлек. Жиналған жұртшылық өңіріміздің рухани өміріндегі жоба-жоспарларға ұсыныс, талап-тілектерін білдіріп, ой қосты.
Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған кеңесте зиялы қауым көкейде жүрген ойларын айтып, кем-кетікті түзетуге тырысады. Болашақта ескерілуі тиіс тұстарды ортаға салады. Айгүл Қайыртасқызы еліміздің, өңіріміздің рухани өміріне елеулі үлес қосқан тұлғаларды дәріптеу ұрпақ үшін үлкен іс екенін атап өтті. Ел президенті 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын да атап өтті. Сондықтан да еңбек пен руханияттың сабақтастығын көрсетуге маңыз берілетіні айтылды.
— Өз саласында өлшеусіз еңбек еткен жерлестеріміздің ізі — ұрпағымызға үлгі. Жұмысшы еңбегімен бірге халық еңбегі қатар жүреді. Бірі экономикаға үлес қосса, бірі — ұлттық руханияттың шамшырағы. Осы ретте, ұлы тұлғаларымыздың өмірлік жолын жастарға дәріптеу — біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі кеңестің мақсаты — еңбек пен руханияттың сабақтастығын көрсету. Әр тұлғаның соңында қалған мұрасы ұрпақ үшін маңызды, — деді А.Мәлікова.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан өткен жылы мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Өткен жылы облыстағы 511 мәдениет мекемесі ірілі-ұсақты 15 мыңнан астам іс-шара өткізген. Басқармадағылар шараның көптігімен емес, сапасымен ерекшеленуді жөн көретіндерін жасырмады. Былтыр бірқатар мәдениет нысандары жөндеу көрген. Атақты жерлестеріміздің мерейтойларын атап өтуге маңыз берілген. Мәселен, Рүстембек Омаровтың мерейтойына орай күйшілер сайысы ұйымдастырылып, көпшілік көңілінен шыққан. 7 айтыс өткізілген, оның төртеуі – республикалық деңгейде. Бір-қатар атақты жерлестеріміздің өмірі мен еңбек жолы қамтылған жинақтары жарық көрген. М.Тауасқан бұл жинақтар тарих қатпарында қалуы керек, кейінгі ұрпақ керегіне жаратады деген сенім білдірді. Бұдан бөлек, театр, филармония ұжымдарының жетістіктерін де тізбектеп өтті. Балаларды өнерге баулитын тегін үйірмелерде жеті мыңға жуық балғын қамтылғанын атады. Ал аймағымызда мемлекеттік тілді меңгергендер қатары 66 пайызды құраған. Бір жылдары асыра сілтеп, 83 пайыз деп келген көрсеткіш қазіргі таңда шындыққа жанасатын шамаға түсіріліпті. Ономастика бойынша этносаралық шиеленісті тудырмау үшін жан-жақты зерделеуге, салмақтауға назар аударылуда. Осы ретте, мамандар өлкетанушылардың дәлелді тұжырымдарына құлақ асуға дайын.
Одан кейін биылғы ауқымды жоспарларына тоқталды. 2025 жылы да бірқатар атақты жерлесіміздің мерейтойларына орай ұтымды шаралар өткізу көзделген. Бірқатарына тоқталсақ, маусым айында Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойы ақынның туған ауданы Ертісте сән-салтанатымен аталмақ. Оған дейін ақын туралы деректі фильм түсіріліп, түрлі мүшәйра, өнер жарыстары өтпек. Ертіс ауданы делегациясы Алматыда ақынның зиратына тағзым етуге барады. Ал тамызда Баянауылда дүбірлі той жоспарланып отыр. Онда композитор, ақын, публицист Жаяу Мұсаның туғанына 190 жыл толуына орай өтетін тойда журналист, жазушы-сатирик Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы, жазушы, қайраткер Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдық және кинорежиссер Қуат Әбусейітовтің 100 жылдық мерейтойы қамтылады. Мұнда тақырыптық этно ауыл тігілмек.
Кеңесте зиялы қауым өкілдері ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, тіл жанашыры Айман Зейнулина аймағымыздағы мәдени іс-шаралар деңгейі өзге өңірлерден көш ілгері екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ғылыми-практикалық конференциялардың жинағын шығаруға қолдау көрсетілсе деген пікір білдірді. Жергілікті басылымдарда тұлғалар туралы жиі жарияланып тұруының маңыздылығына тоқталды. Тіл жанашыры ретінде мектепте қазақ тілін оқыту жайын жақсартуға мән беру керектігін атап өтті. Әйтпесе, бірінші курсқа келген студенттердің ойын жеткізе алмай, тілдері шұбаланып жатқанына алаңдаушылық танытты. Жоқтаушысының болмауынан соңына қалдырған мұрасы екі кітапқа татыса да, елеусіз келе жатқан атақты жерлесіміз Қадыр Тайшықовты насихаттауды күшейту керектігін ұсынды. Атауы өзгертілгенімен әлі де көшедегі маңдайшаларының ауыстырылмауына қынжылатынын айтты. Көше атаулары демекші, енді айналамыздағы жарнаманың қатесіз жазылуына ден қойылмақ. Бұл туралы «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай мәлім етті. Қоғамның жұмысына жалпы тоқталған ол тілге қатысты дау-дамай көбінде қызмет көрсету саласында болатындық-
тан осы бағытта жұмыс ширамақ. Ол үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалымен меморандум жасалған. Енді «Атамекенде» кәсіпкерлерге жарнамаларын сауатты жазуға қолдау көрсететін фронт-кеңсе құрылмақ.
Ардагер журналист Сая Молдайып ақын Сәбит Дөнентаевтың туған ауылына музей-үйін ашуды ұсынды. Айтуынша, өзге өңірлерде мұндай тәжірибе жетерлік. Мәселен, Бөріліде М.Әуезовтің осындай музей-үйі бар. Павлодар қаласындағы №25 мектепке Шәкәрім Құдайберді-ұлының есімін беруге қолдау көрсетуді сұрады. М.Тауасқан ұсыныстарға жауап бере отырып, министрліктің талабы бойынша музей-үй ашуға кемінде 1000 жәдігер болуы шарт екенін еске салды.
Өлкетанушы Сайлау Байбосын да Қ.Тайшықовтың туған жері Баянауылға ескерткіш-бюст орнатып, Павлодар қаласында көше беру қажеттігін алға тартты. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі таңда екеуіне де елімізде мораторий жарияланған көрінеді.
Бұдан бөлек, ономастикаға, мемлекеттік тілді дамытуға қатысты ұсыныс-тілектер көп айтылды. Айгүл Мәлікова барлық ұсыныс-ойлар қаперге алынатынын, мүмкіндігінше оң шешім шығаруға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Осылайша, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері келісе отырып, келелі істерге атсалысуға уағдаласты.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.