Өткен жылы көктем мезгілінде еліміз бойынша ең ірі табиғи апат орын алды. Павлодар облысында да бірқатар ауданға қауіп төніп, елді мекендердегі бірнеше үйге су кірді. Облысымызда ең көп зардап шеккен елді мекен — Ақтоғай ауданына қарасты Жалаулы ауылы. Қырдан келген қар суы 14 үйге еніп, зардап шеккен тұрғындар туыстарының үйін паналауға мәжбүр болды. Былтырғы күрделі жағдай биыл қайталанбауы үшін құзырлы орган қалай қамдануда? Жауапты мамандар табиғаттың тосын мінезіне дайын ба? Осы орайда, облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Шәкір Ахметовпен тілдескен болатынбыз.
— Шәкір Ғабдулрашидұлы, аймағымызда көктемгі су тасқынының алдын алуда қандай жұмыс жүргізілуде?
— Биыл мезгіл мәселесіне әзірлік ерте басталды. Ақпан айының басында облыс әкімдігінде арнайы жиын өтіп, тиісті тапсырма берілді. Шекаралас орналасқан Ақмола және Қарағанды облыстарындағы ылғал қорына талдама жүргізіліп, Ақтоғай және Баянауыл аудандары ерекше бақылауға алынды. Бұл аймақтардан Сілеті және Ащысу өзендері өтеді. Бұдан бөлек, су тасқыны қаупі бар Ертіс, Павлодар және Аққулы аудандары тексеріліп, арнайы қызметтер мен құралдардың, арнайы техникалардың дайындығы пысықталды. Су тасқыны кезеңін бағалау және болжау үшін Ақтоғай және Баянауыл аудандарында топырақтың қату көрсеткіші, жауын-шашын мөлшері және қардың түсу деңгейі назарға алынды.
Бүгінде су өткізу құбырлары қардан тазартылып, шалғайдағы елді мекендерде қар үйіндісі шығарылды. Су тасқынының алдын алу бойынша инженерлік жұмыс жоспарының 32 бөлігі орындалды. Аймағымыздағы ахуал климаттық жағдайға тікелей байланысты. Күннің күрт жылып, қардың тез еруі, еріген қар суының топыраққа сіңіп үлгермеуі кейін ойпатты учаскелердің су басуына әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, Абай, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы су деңгейі де өңірдегі жағдайға әсер етеуі ықтимал. Осы жағдайлардың бәрі бақылауға алынған.
— Былтыр Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында, Успен ауданы орталығы мен Вознесенка, Белоусовка ауылдарында, Аққулы ауданы Қазы ауылында және Ертіс ауданы Қарақұдық ауылында бірнеше үйге су кірген болатын. Биыл бұл учаскелер қалай бақыланады?
— Төтенше жағдайлар департа-менті «Қазгидромет» РМК облыстық филиалымен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар учаскелерде жауған қар мен түскен жауын-шашын мөлшерін өлшеу жұмысының кестесін белгілеген болатын. Оның аясында аталған ауылдарды толық аралап, жағдайды бақылап қайттық. Өткен жылы су тасқынынан зардап шеккен Жалаулы ауылында ауқымды инженерлік жұмыс атқарылды. Биіктігі 3 метрге дейін жететін 2,3 км бөгет тұрғызылды, еріген қар суын жинау үшін жалпы көлемі 200 мың метр болатын 3 қазаншұңқыр және 2 су бұру арықтары жабдықталды. 2024 жылы Жолболды-Шілікті автожолында орнатылған 3 су өткізу құбырының жай-күйі тексерілді.
Ертіс ауданының Ұзынсу, Тоқта ауылдарының су тасқыны қаупі бар учаскелері де тексерілді. Аталған елді мекендерде 70 бірлік техника әзір. Елді мекендерге сапарды әлі де жалғастырамыз.
— Табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұруда маман саны жеткілікті ме? Инертті материал қоры қандай?
— Су тасқынының алдын алу және жою үшін 6 мың тонна инертті материал, 35 мыңнан астам құм толтырылған қап, 151 тонна жанар-жағармай дайындалды. Сондай-ақ, 23 бірлік өздігінен жүретін су айдау техникасы, 699 бірлік инженерлік техника, 355 мотопомпа бар. Қазіргі уақытта барлық аудан бақылауға алынған. Су басу қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізілуде. Бұдан бөлек, 22 мың адамға арналған 55 жылыту пункті әзірленді.
— Алда ауа райы қалай деп болжануда? Күн күрт жылып кетсе, жағдай қиындай түспей ме?
— Биыл облыс аумағының барлық өңіріне қар түсті. Топырақтың ылғалдылығы 60 пайызға жеткенін мәлімдеді. Қардағы судың мөлшері нормадан 10 пайызға артқан. Жауын-шашын мөлшері нормадан 3,5 пайызға көп. Тек топырақтың орташа қату көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 38 пайызға төмендеген. Өткен жылы жағдай бұдан да күрделі болды. Қыстағы құбылмалы ауа райы тікелей су тасқыны жағдайына әсер етті. Қыс айларындағы жылымық пен қар аралас жаңбыр жердің бетіне тығыз мұз қалыптастырды. Бұл жағдай еріген қар суының жерге сіңуіне бөгет болды. Күн жылыған кезде қар жылдам еріп, наурыз айының соңында жауған жаңбыр жағдайды ушықтырып жіберді. «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы наурыз айында ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп болжап отыр.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жауапты мамандар бірлесе әрекет етіп, су тасқынына төтеп бере аламыз деген ойдамын. Ол үшін қажетті шаралар мен жұмыс толық атқарылуда.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.