Сәресінде берекет бар

Нау 7, 2025

Оразаның екі қуанышы бар екенін айтады имамдар. Бірі – ауызашар кезіндегі қуанышы болса, екіншісі — соның сауабын көріп, Алламен қауышқан кездегі қуанышы. Ал таңғы сәресінің өзінің сауабы мен берекеті бар.

Жалпы, ауыз бекітуге қатысты сұрақтар көп. Мәселен, «кешкі ауызашарға кешіксе не болады, таңғы сәресінде ұйықтап қалсам, қалай жалғастырамын» деген секілді сұрақтарды жиі естіп жатамыз. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Ауызашарға асығыңдар, сәресін кейіндетіңдер» дейді. Соған қарағанда ауызашар уақытын күту, уақытылы ашудың өзінің хикмет сыры бар. Ал жұмыс жағдайымен уақытынан кешіктіріп ашудың еш әбестігі жоқ. Екінші «Сәресін кейіндетіңдер» дегені кешке ауызашарда тойып тамақ ішіп алып, сол ауқатымен ертеңге дейін жүретіндер үшін айтқан ескертуі. Бірақ бұл сәресін белгіленген уақыттан асырып ішуге болады деген сөз емес. Бұған ерекше мән берген жөн.

Дін қызметкерлерінің айтуынша, таңғы сәресін ішудің бірнеше хикметі бар. Біріншіден – сүннет мезгілі. Яғни, Пайғамбарымыздың әрдайым жасаған амалы. Екіншісі – исламға тән амал. Рамазан айында сәресі асын ішу мұсылман баласына нәсіп болған. Мұндай берекелі дастарқан бұрынғы кітап иелеріне бұйырмаған. Үшіншісі — сәресі аста құт-береке бар. Қасиетті Рамазан айында сәресі асын ішу пендеге үлкен берекет нәсіп етеді. Ардақты Пайғамбарымыз: «Сәресін ішіңдер! Расында сәрелік аста құт-береке бар» деген. Төртіншісі — дұға қабыл болатын мезгіл. Сәресі ас ішуге тұрған кісі дұға-тілек қабыл болатын уақытқа тап болады. Сондықтан ораза ұстаған жамағат үшін кешкі ауызашардың маңызы қандай болса, таңғы сәресі де сондай мол хикметті, берекетті, сауапты екен. Ғұлама Әбу Сағид Худрий: «Сәресі – берекелі ас. Оны тастаушы болмаңдар. Тіпті, бір жұтым су ішсеңдер де…», – деген екен.

Тілеуберді САХАБА.