Жыл сайын көктемгі дала жұмыстары басталысымен шаруашылықтарда жанар-жағармайға қатысты әңгіме жиі көтеріледі. Сондай-ақ, күзгі егін жинау науқанына кіріскен тұста да шаруалар бұл әңгімені күн тәртібіне шығарады. Себебі әрбір диқанның сайланып тұрған техникасының «ұрты майланып» тұрғаны абзал. Ал ол үшін жанар-жағармай қоры жеткілікті мөлшерде болып, әрі бағасы да қалтасына жүк түсірмегені керек. Биыл бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Оператордың қызметтерін кім атқарады? Бағасы қанша?
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары-
ның егіс алқаптарын 1669,6 мың гектарға орналастыру жоспарлануда, бұл егістерді әртараптандыру жөніндегі болжамды алқаптарға сәйкес келеді. Сондай-ақ, 2024 жылғы көрсеткіштен 104,3 мың гектарға артық. Демек, биыл диқандардың да жұмысы екі есеге артып, техникаларының саны көбеймек.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр көктемгі егіс жұмыстарына барлық модификациядағы 2875 трактор, 261 бірлікке жуық өнімділігі жоғары тұқым себу кешендері, 4123 сепкіш, 9415 топырақ өңдейтін құрал жұмылдырылды. Оның ішінде 189 шаруа қожалықтарының «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылған 448 бірлік жаңа техникасы жұмысқа тартылды. Биыл жергілікті шаруалардың техникалық базасысының жаңаруы 60 пайызды құрап отыр. Атап айтсақ, ағымдағы жылы егіс жоспарына сәйкес көктемгі дала жұмыстарына тіркеме және аспа құралдары бар барлық модификациялы 3 255 трактор, 1 814 соқа, 1 046 қопсытқыш, барлық түрдегі 4591 тырма, 3760 дән сепкіш және 261 егіс кешені жұмылдырылады.
Жергілікті шаруалардың техникалық базасы егістік науқанына дайын. Биыл облыс бойынша көктемде егіс алқабына 3 мыңға жуық техника жұмылдырылмақ. Осы орайда, «егістік алқабын шаңға бөккен шаруалардың «темір көмекшілері» жанар-жағармаймен қамтамасыз етілді ме?» деген заңды сауал туындайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 27,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл өткен жылдан 1,9 мың тоннаға немесе 7,4 пайызға артық. 2024 жылы көктемгі дала жұмыстарына 25,7 мың тонна бөлінді.
— Көктемгі дала жұмыстарына Павлодар облысына 27 600 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп отыр. Бүгінгі таңда 2 оператор анықталды. Нақтыласақ, «LFTRADE» ЖШС және «ТК Парнас» ЖШС операторлық қызметтерді жүзеге асырады. Оператордың қызметтері бар арзандатылған дизель отынының 1 тоннасының құны 29 1056 теңгені немесе литріне 244 теңгені құрайды. Бұл нарықтық құнынан 17,3 пайызға немесе 51 теңгеге төмен. Бүгінгі күні дизель отынының нарықтық құны литріне 295 теңгені құрайды, — деді баспасөз қызметінде.
Павлодар ауданы «Мирас» шаруа қожалығының иесі Ардақ Есенәлиев арзандатылған дизель отынына өтінім беріп, бүгінгі күні техникасының «ішер асы» дайын екенін жеткізді. Айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар жыл сайын көктем мен күз мезгілінде сұйық отынмен қамтамасыз етіліп келеді.
— Шаруалар үшін көктем мен күз мезгілінде жанар-жағармайдың бағасы шынымен маңызды рөл атқарады. Биыл операторлық қызметпен арзандатылған дизельдік отынның құны нарықтағы бағадан 17,3 пайызға төмен, яғни литрі 51 теңгеге арзан. Дизель отынының тапшылығын, сондай-ақ, мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесін болдырмау үшін дизель отынын жеткізу ақпан-наурыз айынан бастап кесте бойынша жүргізіледі. Бұл дегеніміз диқандардың ерте қамданып, техникалық базасын жаңартып, егістік алқабын ұлғайтуға мол мүмкіндік береді, — деді шаруа.
Қара басын көтеріп елден сұрағанша, алтын басын иіп жерден сұрайтын диқан қауымы ала жаздай егіннің бабын жасау үшін осы кезден барлық құрал-саймандарын сайлап қоюы керек. Техникалары сақадай сай болса көңілдері де жай болады. «Алып алқап» иелерінің айтуынша, арзандатылған жанар-жағармайдың бағасы қалтаға қонымды болса, шаруа- лар ширыға түседі. Қазіргі уақытта олар тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел байлап отыр.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.