Елімізде өткен жылы коммуналдық қызмет төлемдерінің сараланған тарифін енгізу туралы шешім шығарылды. Қазірдің өзінде елімізде сумен қамтамасыз ететін субъектілер мұндай тариф түріне көшіп үлгерген. Аймағымызда бұл бағытта әлі өтінім түспепті. Бірақ, монополист құжатын тапсырса, құзырлы орган жаңа тәсілмен тариф бекітуге міндетті болады.
Себебі, қазіргі таңда тиісті ережелерде тариф белгілеудің басқа тетігі жоқ. Заңға өзгеріс енгізіліп қойған. Бірақ, бұл өзгеріс көпшілікті үнемдеуге үйретеді деп күтілуде.
— Тұрғындардың су ресурстарын тұтыну мәдениетін арттыру және тұтынушылардың су мен жылуды үнемдеуге ынталандыру үшін табиғи монополиялар туралы заңнамаға «әлеуметтік тұтыну нормалары» түсінігі енгізілді. Мұнда жылу мен сумен қамту қызметтерін тұтынудың көлеміне қарай «көбірек үнемдесең, азырақ төлейсің» қағидасына басымдық берілген, — дейді облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов.
Мәселен, суға қатысты келетін болсақ, тұтынушылар тобы тұтыну көлеміне қарай төрт топқа бөліп, тариф қолданылады. Бірінші топқа айына 3 текше метр су пайдаланатын тұрғындар жатпақ. Бұл топқа ең төменгі тариф қолданылады. Екінші топқа айына бір адамға 5-тен 10 текше метрге дейін су тұтынатындар кіреді. Олар үшін тариф тұрғындарға арналған тариф деңгейіне 20 пайыз қосу арқылы есептеледі. Айына адам басына шаққанда 10 текше метрден астам су қолданғандар үшін тарифке 50 пайыз қосылып, саналады. Бір айда адам басына 10 текше метрден артық тұтынған және есептеу құралдары жоқ тұрғындарға тариф деңгейіне 100 пайыз ақы қосып есептеледі. Бұл кейбір пысықайлардың заңға қайшы әрекетінің жолын кесу үшін де қолға алынса керек. Мәселен, бір үйде 5 адам тұрып, бірақ айына тұтынған су мөлшері бір адамға есептегенде он текше метрден асып кетсе, мұның ар жағында қандай да бір кәсіп немесе басқа да әрекет жатыр деп есептейді сала мамандары. Сәйкесінше, бұл тұрғын суды жоғары тарифпен төлейді.
Ал жылуды пайдалануда әр тұрғынның емес, көрші-қолаңның бірлесе ресурстарды барынша үнемдеуге деген ниеті керек көрінеді. Өйткені, жылу энергиясын сақтауға көңіл бөлінуі тиіс. Мәселен, 50, 100 немесе 150 шаршы метрлік пәтерде тұратын азаматтар көршілерімен бірлесіп, ішкі жылу құбырларындағы кем-кетікті жөндеп отырғаны жөн. Себебі, есептеуіш құралы тұтынған жылудың мөлшері есептегенде, тұрғын үйге жылудың кірген градусы мен шыққанын ескеріп, орташа гигакалорийді санайды. Ал ішке енген жылу ондағы құбырлардағы немесе үйдің қабырғаларындағы кемшіліктерден жоғалып, үнемдеу мүмкін болмайды. Сондықтан, мамандар көршілермен осындай олқылықтарды реттеу арқылы жылу энергиясын да үнемді тұтыну мүмкіндігі барын алға тартып отыр.
Бүгінде жылу энергиясының сараланған тарифі баспананың шаршы метріне қарай белгіленеді. 100 шаршы метрге дейінгі пәтерде тұратындарға бекітілген тариф қолданылса, 100-200 шаршы метр-
лік үйі барлар бекітілген тарифтен 10 пайызға артығырақ төлейді. Ал 200 шаршы метрден кең баспанада тұратындарға орташа босату тарифімен есептеледі.
Мұның бәрі Президенттің Жолдауы аясында тұтынушыларды ресурс-тарды үнемдеуге ынталандыру мақсатында қолға алынған. Ал түскен қосымша кірістерді табиғи монополиялар субъектілері тек қана желілерді, жабдықтарды жаңғырту, қайта құруға бағыттауға, ресурс үнемдейтін технологиялар енгізуге міндеттеледі. Әзірше, сараланған тарифтің тиімділігі, түскен қосымша кіріс туралы айту ерте. Сала мамандары қоғам белсенділерімен бірлесіп, есептік кезең қорытындысы бойынша талдайды.
Естеріңізде болар, ақпан айына жылу төлемі келгенде тұрғындардан шағым көбейді. Әлеуметтік желілерде наразылықтарын білдіргендер болды. Бұл мәселеге қатысты департамент басшысы да ойын айтты.
— Әлеуметтік желілерден бұл жайында оқып, біліп отырмын. «ПавлодарЭнегросбыт» кәсіпорнында 5 ақпаннан бастап, пәтердің ауданына байланысты әлеуметтік нормалар институты аясында сараланған тариф енгізілді. Пәтерінің ауданы 50 шаршы метр көлеміндегілерге тарифтің өзгерісі сезілмеуі тиіс. Жалпы, әрбір абонементтің жағдайын жеке қарауымыз керек. Ол үшін тұрғындар бізге өтінім түсіруі керек. Әйтпесе, кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өздігімізден жаппай тексере алмайды. Әрбір жағдайдың себебі әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, есептеуіш құралы істен шықса, тұтыну нормалары бойынша есептеледі. Жалпы, биыл жылу құны өскен жоқ. Керісінше, жыл басында тұрғындар үшін тариф 15,7 пайызға төмендеді. Яғни, бір гигакалорий құны шамамен 400-450 теңгеге арзандады, — деді Нұрлан Әуелбекұлы.
Департамент басшысы аймағы-мыздағы тарифтер еліміз бойынша ең төменгілер қатарында екенін атап өтті. Мәселен, электр энергиясының тұрғындарға бекітілген тариф жағынан облысымыз 20 өңірдің ішінде 12-ші орында. Бүгінде тариф — 19,66 теңге. Ал ең қымбаты Алматыда 27,6 теңге көрінеді. Жылудың бір гигакалорийінің бағасы аймағымызда 3610 теңге, 15-ші орындамыз. Қымбат тариф Алматыда — 7830 теңге. Ал кәріз жүйесінің тарифі елімізде ең арзаны екен, 33,49 теңге. 20 аймақтың ішінде 19-шы орындамыз.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.