Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде бұқаралық спортты, соның ішінде балалар футболын дамыту саласына ерекше назар аударды. Яғни, жеке кәсіпкерлерді балалар клубын қаржыландыруға шақыра отырып, жекеменшік клубарды көбейту керек деген ұсыныс айтты. «Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз» деп түйіндеді Президент. Бұл ұтымды ұсыныс болғанымен кейбір сала мамандары жаңашылдықты жан-жақты зерттеу қажеттігін айтады. Клубтарды жекешелендіру сапаны арттырғанымен, мемлекеттік жарыстарға қатысу мүмкіндігі шектеліп қалатынын түсіндірді. Сонда қайтпек керек? «Алаңның» талқысына салған едік.
Талғат БАЙСУФИНОВ, «Ұлытау» футбол клубының президенті:
— Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалар футболын жекешелендіру, оған жеке бизнес қаражатын тарту жөнінде айтқан ұсынысын толық қолдаймын. Спорттың қандай түрі болса да бәсекелестік ортада дамуы керек. Жеке кәсіпкерлер салған қаражатын ақтау үшін күндіз-түні еңбек етіп, нәтижесін көруге тырысады. Жалпы, жеке кәсіпкерлер, үлкен меценаттар араласқан мәселе көбінде өз нәтижесін беріп жатады. Енді бұл бастама балалар футболына да келді деп ойлаймын. Яғни, болашақ ұрпағымыздың қамын ойлаған кәсіпкерлер бұл саладан қаржысын аямауы керек. Себебі, балаға салған инвес-тиция — инвестицияың ең тиімдісі әрі пайдалысы. Болашақта еліміздің намысын қорғайтын жақсы футболшылар шығу үшін оларды бала кезінен бастап өзіміз тәрбиелеуіміз керек. Бірақ бұған мемлекет аралас-пасын деген сөз емес. Балалар футболын кәсіби деңгейде дамыту үшін екіжақты жұмыс жүргізіле беруі қажет. Барлығын кәсіпкерлердің иығына артып қоюға тағы болмайды. Бұл салаға мемлекет тарапынан да айрықша қолдау болуы керек. Әсіресе, футбол ареналарын салу, түрлі турнирлер мен чемпионаттар өткізу, кәсіби тренерлер дайындау секілді мәселелер тікелей мемлекеттің араласуымен атқарылуы тиіс.
Ренат ЖҰМАБЕКОВ, кәсіпкер:
— Иә, футболды кәсіпкерлердің қаражатымен көтеруге әбден болады. Бұл, әсіресе, жасөспірімдер спортын дамытудың тиімді тетігі. Оған мысалдарды көптеп келтіре аламыз. Біз бүгінде «РБ Арман» жасөспірімдер футбол клубын қаржыландырып, ойыншыларды түрлі халықаралық жарыстарға апарып жүрміз. Біздің мақсат – қаражат табу емес, отандық спортты көтеру. Жекеменшік клубтардың сапасы спорт мектептерімен және мемлекет қаржыландыратын клубтармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Себебі, жекеменшік клубта кәсіби тұрғыда дайындайды. Бірақ, олардың алдында шығатын бірқатар кедергілер, мәселелер бар. Егер біз балалар футболын жеке кәсіпкерлердің қамқорлығына бергіміз келсе, алдымен сол мәселелерді шешу керек. Мысалы, қазір жекеменшік клубтар облыстық және республикалық чемпионаттарға қатыса алмайды. Ереже бойынша ондай жарыстарға тек мемлекеттің қарамағындағы спорт мектептерінің командаларына ғана қатысуға мүмкіндік бар. Біз осы талапты алып тастап, жекеменшік клубтарға да мүмкіндік беру мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Әзірше нәтиже жоқ. Сондықтан, біз балаларды шетелдік футбол академиялары арасындағы лигаларға, чемпионаттарға апарып жүрміз. Себебі, жарыстарды өз арасында өткізе бергеннен гөрі сыртта шеберлік сынасқаны әлдеқайда нәтижелі.
Жұмабай АМАНҚҰЛҰЛЫ, Павлодар қаласының тұрғыны:
— Қазақстанда кәсіпқой спорт, әсіресе футбол саласына бөлініп жа тқан қаржының көлемі қоғамда әрдайым қызу пікірталас тудырып келеді. Әсіресе, үлкен футболға миллиардтап қаражат салынғанымен оның нәтижесін көрмей тұрмыз. Сондықтан, мемлекет тізгінді балалар футболына қарай бұру керек. Яғни, спорт мектептері мен жекеменшік футбол клубтарын қаржыландыруды еселеу қажет. Ал футбол клубтарын түбегейлі жекешелендіруден ештеңе ұтпаймыз. Жалпы, спортты жекешелендіру әлемдік тәжірибе дейтіндер бар. Ол үшін өзімізде бұрыннан қалыптасқан жоғары сапалы материалдық-техникалық база, спорттық ареналар және мықты мамандар болуы керек. Ал бұған дейін жекенің қолына өткен салалардың қарыштап дамып кеткенін көрген жоқпыз. Бұл – өте сенімсіз дүние. Барлығы сол жекеменшік иесінің қолына қарап, мөлтеңдеп отырады. Егер, кәсіпкердің жоспары жүзеге аспаса, есебі орнына келмесе балаларды орта жолда тастап кетуі де ғажап емес. Одан кейін қайта демеуші іздеу қажет болады. Сондықтан, кәсіби футболды бизнеспен дамытамыз дегенге өз басым сенгім келмейді. Бала тәрбиелеп отырған әке ретінде балалардың болашағын бизнес өкілдерінің қолына түбегейлі беруге болмайды деп ойлаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.