Қазақстанның ең басты жетістігі – тәуелсіздік пен тұрақтылық. Сан ұлттың басын бір шаңырақ астына біріктірген көпұлтты мемлекетіміз татулық пен достықтың үлгісін көрсетіп отыр. Еліміздің бас қаласына айналған Астана ширек ғасырда әлемді мойындатты. Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі істер Астанадан бастау алады. Елімізде экономика, саясат, әлеуметтік даму, денсаулық, білім, т.б. салаларында жеткен жетістіктері – осының дәлелі. Ширек ғасырда Астанамызда атқарылған игі істердің бірқатарына тоқталып өтуді жөн санадық.

Білім қазығы

Елордада білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Жаңа астанадағы алғашқы мектеп 1999 жылы пайдалануға берілді. Дәл осы жылы 1 200 балаға арналған білім ордасы есігін ашты. 25 жылдың ішінде мектептегі оқушы орны көбейді. Қазір қалада 162 мектеп бар. Жыл сайын 15 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттайды. Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 24 мектеп салынып, 85 мың баланың мектепке баруына мүмкіндік береді.
Ширек ғасырда Астанада Қазақ агротехникалық университеті, Астана медицина университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті секілді айтулы оқу орындары ашылды. 15 жыл бұрын сол кездегі президенттің бастамасымен Назарбаев университеті ғылымға ден қойған талапкерлер үшін есігін айқара ашты. Қазір қаладағы білім ордалары халықаралық рейтингте де ТОП-300 оқу орнының қатарынан көрінді.

Ғажайып ғимараттар

Астананың жоспарына жарияланған халықаралық конкурста жапон архитекторы Кисе Курокава жеңіске жетті. Астананың бас жоспары негізгі үш философиялық категорияға негізделді: симбиоз, метаболикалық қала және абстрактілі символизм. Бас жоспар бойынша шетелдік маман екі жылдай еңбек етті. Нәтижесінде 2030 жылы Астанада 1 млн адам тұрады деген болжам жасап, ғимараттардың орналасуы мен қаладағы қозғалысты соған ыңғайлады.

Arc de Triomphe in Astana, Kazakhstan, on December 16, 2011 — the 20th anniversary of Kazakhstan’s independence.

Астанадағы ғимараттарда қазақстандық сәулетшілердің де қолтаңбасы бар. 1997 жылы қарашада қаладағы алғашқы жаңа нысан – саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал ашылды. 2000 жыл еліміздің байлығын, табиғатын көрсететін «Атамекен» этно-мемориалдық кешені ашылды. Осы нысандардың авторы – архитектор Әлиасқар Кенжетаев.
Қаланың символына айналған «Бәйтерек» монументі авторы – архитектор Ақмырза Рустамбеков. Оның биіктігі астананың көшкен жылының символы ретінде 97 метр болды. «Қазақ елі» монументі 2007 жылы Астананың ауысқанына 10 жыл толуына орай ашылған. Монументтің авторы – сәулетші Саматбек Бөкебай.
Қаладағы кейінгі жылдарда ашылған нысанның айтулысы – Астанада қаласының Бас мешіті. 2022 жылдың тамызында ашылған мешіт елорданың сол жағалауында бой көтерді. Ол – Қазақстандағы және Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттердің бірі.

Дертке – дәру

1998 жылы Астанада медициналық қызмет көрсететін небары 15 мекеме болған. 1999 жылы қалада психиатрия, наркология, медициналық-әлеуметтік оңалту, жыныстық жолмен берілетін ауруларды емдеу, СПИД-тің алдын алу және бақылау орталықтары сияқты бірқатар мамандандырылған мекеме құрылды. Осылайша, 2008 жылы олардың саны 24-ке жетті. Ал соңғы ақпаратқа сәйкес, елордада қазір 40-тан аса мекеме медициналық көмек көрсетеді.
Былтыр қазақстандық медициналық туризм қауым-дастығы құрылды. Медициналық туризмді дамытудағы басым бағыттар — кардиохирургия, нейрохирургия, ЭКО, онкологиялық ауруларды емдеу, стоматология, косметикалық хирургия. Елордада медициналық туризмнің дамуы бұл салада үлкен серпіліс барын білдіреді. Жалпы, Астананың тұрғындар саны жылдан-жылға артып келе жатқандықтан, медициналық ұйымдардың жүктемесі де көбейіп келеді. Ширек ғасыр ішінде елордалықтар саны 1,1 млн адамға жетті.

Туристер мекені

Қаланың қазіргі әлеуетін, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымды ескере отырып, елордада туризмді дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр.


Қалада туристерге 3 тілде барлық қажетті ақпаратты ұсынатын «Астана» халықаралық әуежайы, «Бәйтерек» монументі бар. Туристер Астананың көрікті орындарымен танысуы үшін халықаралық izi.travel платформасында 6 тілде 164 объект бойынша аудиотурлар жасалды. Сонымен қатар, қалада туристерге арналып әлемнің 8 тілінде аудиогидтермен жабдықталған екіқабатты «Red Bus» автобустары қызмет етеді.

Ауқымды құрылыстар

Алматыдан жаңа астанаға ұшақ арқылы жылдам жетуге болатыны белгілі. Алайда 25 жылдан аса уақыт бұрын әуежай көп адамды қабылдауға қуатты болған жоқ «Ақмола әуежайы» ашық үлгідегі акционерлік қоғамы және «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жөндеу жұмыстарын өз қаражатына жүргізген. Содан кейін Ақмола теміржол вокзалы да жаңа астанаға сай жұмысын үйлестіре бастады. Қазір қаладағы екі теміржол вокзалының бірі 5,2 мың адамға, «Нұрлы Жол» вокзалы 35 мың адамға арналған.
Бас қалада мәдениет те дамыды. Жаңа астанаға ауысқаннан кейін мәдениет орындарының саны да артты. 2000 жылы 7 шілдеде Астанада Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры ашылып, оған Ұлттық театр мәртебесі берілді. Астана атауы берілгеніне екі жыл болған күні елордада Абай ескерткіші ашылды.
25 жылдың ішінде қалада бірқатар маңызды ғимарат бой көтерді. Оның ішінде Қазмедиа орталығы, Хазірет Сұлтан мешіті, «Астана-опера», Ұлттық музей, «Барыс Арена», «EXPO-2017» ғимаратын ерекше атауға болады.
Елордада Қазақ ұлттық хореография академия-сының ашылуы да тарихи сәт болды. Бұл – Орталық Азиядағы көпдеңгейлі хореографиялық білім берудің толық циклы бар алғашқы жоғары оқу орны. Қазірге дейін білім ордасы әлемдегі ең жас хореография академиясы саналады.

Жастар қаласы

Жастар саясаты – көпсалалы бағыт. Сол себепті 2021-2023 жылдарға арналған «Елорда жастары» жастарды қолдау бағдарламасы бекітіліп, іске асырылуда. Бүгінгі күні қаладағы 14-34 жас аралығындағы жастар саны 440 мыңға жетті. Оның ішінде 14-28 жас аралығында 278 мың адам, ал еңбекке қабілетті жастар – 297,6 мың адам.
Қазіргі кезде Астана қаласының әкімдігі жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін кеңінен қарастырып жатыр. Бұл мақсатта «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жүргізіледі. Бағдарлама шеңберінде тұрғын үй жұмыс істейтін жастарға жалға алу шартының негізінде беріледі. Бағдарлама аясында 2021 жылдан бері 2 450 пәтер берілді.


— Астана – барлық жастар үшін арман қала. Болашағымды тек осы шаһармен байланыстырамын. Осында отбасын құрып, балалы-шағалы болдым.
Әр өңірден келген көптеген қыз-жігіттер жұмысқа орналасып, өмірлік жолдарын табуда. Мектеп бітірген оқушылар да бас қаланың жоғары оқу орындарын таңдайды. Себебі, Астанада жастарға қабілеттерін шыңдап, өзін-өзі жан-жақты дамытуға мүмкіндік мол, — дейді Павлодар облысының тумасы Жанна Дүсіпбай.

Т.ОРАЗАЛЫ.